Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні

Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы аса зор. Ұлттық ойындар қазақ халқының ежелгі - мәдениеті мен өнерінің де ешкімнен кем болмағанын байқатады. Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ұлттық ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып жатыр. Ата – бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек өмір сүруімізде ұлттық ойындардың атқаратын міндеті айрықша. Қазақ халқы материалдық мұраларға қоса мәдени қазыналарға да аса бай халықтардың бірі.

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, олардың жауынгерлік рухта ержетуін ұқыптылықпен қадағалаған. 
Жалпы баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл әрекеті ойын арқылы басталады. Ойын адамның өмірге қадам басардағы алғашқы адымы. Сондықтан бала үшін ойынның мәні ерекше. Ойын баланың негізгі іс - әрекетінің бір көрінісі болып табылады. Қазақ халқының ұлы ойшылы А. Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болама?» деп айтқандай ойын бала өмірінде ерекше орын алады. Ойынды көркемдік іс - әрекетінің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Ойынға шартты түрле мақсаттар қойылады, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс - әрекет бала үшін қызықты. Ойын балаларға ақыл - ой, адамгершілік дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі. Балалар ойын барысында өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады.

Ойын тәрбие құралы арқылы ақыл - ойды кеңейтеді, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, жақсы ұғысады және өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай, олардың көзқарастарын, мінез - құлықтарын қалыптастыру құралы деп те ерекше бағалаған. Ойынды сабақта қолдану оқушының ой - өрісін жетілдіру мен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы деп білген. Бос уақытта әртүрлі ойындар ойнаған баланың денсаулығы үшін өте пайдалы. Жастардың ұлттық сана - сезімнің дамуында қазақтың ұлттық ойындарының алатын орны айрықша.

Ұлттық ойындар екі топқа бөлінеді, спорттық және ақыл ойға арналған ойындар болып. Спорттық ойындарға: қыз қуу, көкпар, ақсүйек, арқан тартыс т. б жатса, ақыл ойға арналған ойындарға тоғызқұмалақ, асық ойындары жатады. Ұлттық ойындарға мына ойын түрлері жатады: «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Асық», «Ақсүйек», «Арқан тарту», «Қыз қуу», «Көкпар», «Күміс алу», «Жамбы ату». бұл ойындар баланың еңбекке деген қарым - қатынасы мен ойлау қабілеттерін арттырады және баланы шымыр да епті, зерек те алғыр, тапқыр да парасатты болып өсуге тәрбиелейді. Ұлтымыздың асыл қазынасы болған ұлттық ойындарымызды жоғалтып алмай, ұрпақтан - ұрпаққа жетуін насихаттау, халқымыздың, баршамыздың міндетіміз деп білейік.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз