Бұрынғы заманда бір бай бар еді, мал дегенде бір көк биесі бар еді. Бұл көк бие күнде айға қарап желіндеп, күнге қарап құлындайды екен. Бай мен бәйбіше сол бие тапқан құлынды қорек қылушы еді, онан бөтен тауып жейтін еш қорегі жоқ еді. Бір күндері болғаңда, бай мен бәйбіше айтты дейді: «Қартайдық, өлер уақытта Құдай тағала бізге бала бермеді. Еңді біз бала тілейік», – депті. Күндегі әдеті бойынша ерте тұрып қараса, көк бие бір бала туыпты. Мұны көріп бай мен кемпір қуанып, үйіне алып келеді, бұл баланың атын Құлатай батыр қояды. Бір күнде бір жасап, екі күңде екі жасап, Құлатай батыр тез өседі. Далаға киік, құлан аулауға шығады. Күніге қырық еліктен атып алып келеді. Баласы киік, құлан атып келген соң, көк биенің құлынын жемейді, сонан соң жылқы көбейеді, бірнеше мың жылқы болады. Бір күндері болғаңда, Құлатай батыр жылқыдан келе жатса, бір адам келеді. Құлатай батыр сұрады: «Қайдан келе жатқан адамсың?» – деп. Соңда ол адам айтады: «Осы жақта Құлатай батыр бар дегенге соған қосылайын деп келе жатырмын, Құлатай батыр сен болсаң, мен саған аға боламын». Сөйтіп, екеуі қосылып жүре береді. Бір күңдері болғаңда, Құлатайдың алдынан тағы бір адам шығады. Бұ да айтады: «Осы жақта Құлатай деген батыр бар дегенге мен де соған қосылайын деп едім». Құлатай батыр айтады: «Құлатай деген мен». Сонан соң үшеуі қосылып жүре береді. Келе жатса, алдарында бір тігулі үй тұр, үйдің ішіне келсе, адам жоқ. Бұлар киікті алып келіп, әлгі үйдің ішіңде тамақ қылып ішіп жата береді. Бір күңдері болғанда, үлкен ағасын үйге тастап кетеді: «Бізге тамақ қылып даярлап қой», – деп, Құлатай ортаңғы ағасымен аңға кетеді. Олар кеткен соң, ағасы етті асып тұрса, бойы бір қарыс, сақалы қырық тұтам бір адам кіріп келеді, бұған айтады: «Маған ет салып бер!» – дейді. Бұл айтады: «Інілерім бар, ет саған жетпейді». Қолынан ет бермейтұғынын білген соң, бойы бір тұтам адам мұны көтеріп алып, астына басып отырып, еттің бәрін жейді де кетіп қалады.
Кешке бұлар келсе ет жоқ, ағасы отыр. Інілері сұрады: «Етің қайда?» Ағасы айтады: «Бойы бір тұтам, сақалы қырық тұтам бір адам келіп, етімді тартып жеп кетті». Ертеңіне ортаншысын тастап кетеді. Бұл етті асып отырғанда, бойы бір тұтам, сақалы қырық тұтам сәлем беріп кіріп келеді. «Маған ет салып бер», – дейді. Бұл айтады: «Саған не себептен беремін? Асқан етімді беретін адамым бар». Бойы бір тұтам мұны да көтеріп ұрып, астына басып отырып, еттің бәрін тартып жейді де атына мініп кетіп қалады. Кешке ағасы мен інісі келеді, бұларға беретін еті жоқ, айтады: «Сендерге асып отырған етімді бойы бір қарыс, сақалы қырық тұтам бір адам келіп жеп кетті». Сонда Кұлатай батыр ашуланады да ертеңіне өзі қалады. Екі ағасы аңға кетеді.
Ағалары кеткеннен соң, Құлатай қазанды толтырып ет асып отырғанда, бойы бір тұтам, сақалы қырық тұтам адам кіріп келді де Құлатайдан ет сұрады. Құлатай айтты: «Саған асып отырған ет емес бұл, өзіміздің басқа қонағымыз бар». Сол сөзіне бұл бойы бір тұтам ашулана кетіп, Құлатаймен алыса кетті. Құлатай қолына тиген жерден сақалын ұстап алып көтеріп барып, есіктің алдында бір бәйтерек бар еді, соған апарып сақалынан байлады да қойды. Екі ағасы келіп, сақалынан асып қойған батырды көрді. Бұл бойы бір тұтам, таң атқан соң қараса, сақалын үзіп қашып кетіпті. Үшеуі мұның соңына түсіп, бойы бір тұтамның ізіне түсіп келе жатты, бойы бір тұтам бір қара тасқа келіпті. Сол жерде мұның ізі жоғалды. Қарап тұрса, еш жаққа кеткен із көрінбейді. Құлатай батыр қара тасты аударса, асты терең құдық екен. Құлатай айтты: «Осы құдыққа түскен шығар, мен де түсейін», – деді. Бойы бір тұтамның түсіп шығатын арқаны бар еді, сонымен түспек болды, ағаларына айтты: «Осы арқанды қимылдатқан уақытта сендер тартып алыңдар». Құлатай құдыққа түсіп кетті. Құлатайдың екі ағасы құдықтың басында қалды. Құлатай құдықтың түбіне түсіп қараса, үш ақ үй тігулі тұр, үйге қарай жүрді, келіп ортадағы үйге кірсе, ішінде үш қыз отыр. Бұлардың жанында жаңағы бойы бір тұтам үш қызбен ойнап отыр. Құлатай үйге кірген соң, бойы бір тұтам ашулаңды: «Сен неткен жансың? Менің үйіме сұраусыз кіретұғын?» – деді.
Бұл өзі бір ханның баласы екен, үш қарындасымен бір көлдің басына елден бөлек үш ақ үй тігіп жатады екен. Қашаннан бері қарындастарын күйеуге бермей, «аламын» деп келген жан болса, бойы бір тұтам өлтіруші еді. Бұл жолы да сол әдетін қылып «өлтіремін» деп далаға шыққан шағында, Құлатай да бұған қарсы келеді. Сол уақытта Құлатай көтеріп алып жерге ұрып, бойы бір тұтам батырдың басын кеседі. Қазына-мүлкімен үш қарындасын алып, баяғы түскен жеріне келеді. Әуелі үш қызды шығарады, содан өзі шығып келе жатқанда, екі ағасы: «Бұл шыққан соң, қыздардың ең сұлуын өзі алар», – деп, арқанды кесіп жібереді.
Құлатай батыр құдықтың түбіне қайтадан түсіп кетеді. Бір үлкен көлдің жағасына келіп түседі. Ешбір жері ауырған жоқ, жан-жағына қараса, бір үлкен терек тұр. Оның басына қараса, үш балапан көрінеді, біреуі жылап отыр, екеуі күліп отыр. Бұл ағаштың түбіне келіп, басына шығып балапаннан сұрады. «Сен екеуің неге күлесің, мынау неге жылайды?». Балапандар айтты: «Анамыз жылда үш бала табатын еді, жылда айдаһар бүгінгі күні жейтін еді, әуелі оны жейтін еді, бұл соған жылайды, бізді мұнан соң жейді. Мұны жегенше, біз екеуіміз жарық дүниені көреміз», – деді. Құлатай: «Сендерді айдаһар қай уақытта келіп жейтін еді?» – деді. Сонда балапандар: «Енді бір сағаттан соң келіп жейді», – дейді. Құлатай балапандардың жанында отырды. Бір сағаттан соң айдаһардың келе жатқанын көрді, алдынан қарсы шықты. Құлатай батыр ақ алмасын қолына алып, қарсы келген айдаһардың басын опыра шабады, басын кесіп алады. Үшеуінің алдына басты бөліп тастайды. Балапандар айдаһардың басын жеп, тойып алады, қуанады.
Бір уақытта тасты бұршақтай жаудырып, тауды қаңбақтай аударып, жаңбырлатып, қар жаудырып, балапандардың анасы: «Балаларымды айдаһар жеп қойды ғой!» – деп келе жатты. Үш баласын көрді, күн ашылып кетті . Шешесінің келе жатқанын көріп, үш балапан Құлатайды жасыра қойды. Шешесі бұл үшеуінен сұрады: «Сендерді айдаһарға бермей кім тірі алып қалды?» Балапандар айтады: «Жұтып қоймасаң, саған айтамыз»; Шешесі айтты: «Көрсетіңдер, жұтпаймын». Балапандар қанатын ашып көрсетіп еді, Құлатайды жұтты да қойды. Үш балапан жылады: «Бізді өлімнен айырған адамды жұтпа», – деп, үшеуі шешесінің тамағын қысады. Анасы Құлатайды жерге тастай берді. «Мен сендермен бірдей етейін деп жұтып едім», – деп жерге түсірді. Құлатайға: «Менің балаларымды өлімнен алып қалған екенсің, сен енді тілегіңді айт», – деді. Құлатай айтты: «Мені жарық дүниеге шығарып тастасаң болды. Онан басқа сізден тілейтін тілегім жоқ». Дәу қарақұс: «Жарайды! Жүргенше, сегіз жүз торғай атып ал, сегіз мес су ал, мен сені қалаған жеріңе шығарып тастайын», – деді.
Құлатай жүргенше сегіз жүз торғайды, сегіз мес суды даярлады. Ертеңіне күн шыққан соң, дәу қарақұс айтты: «Кел, арқама мін!». Құлатай батыр торғайларды, мес суды алып келіп, арқасына мініп, дәу қара құс көтеріп алып ұша жөнелді. Түс мезгілі болғанда, қарақұс оң жағына мойнын бұрды, сонда Құлатай төрт жүз торғайды аузына тастады, сол жағына бұрылғанда, төрт мес суды тастады. Күн түс қайтып, бесін болған уақытта, мойнын оң жағына бұрып қарады, Құлатай қалған төрт жүз торғайды қарақұс аузына тастады, мойнын сол жағына бұрғанда, төрт мес суды тастады. Күн батпай-ақ құдықтан жердің бетіне шығарды. Содан соң қарақұс «енді риза бол» деп, құдыққа түсіп кетті. Енді Құлатай жаяу жүріп келе жатыр. Бір күндері болғанда, бір ас беріп жатқан ауылға келді. «Бұл кімнің ауылы?» – деп сұраса, өзін құдыққа тастап кеткен ағаларының ауылы екен. «Енді Құлатай өлді», – деп асын беріп, қыздарды қатын қылып аламын деп жатқан ағалары екен. Мұның үстіне Құлатай батыр келді. Ағалары Құлатай батырдың аман-есен келгеніне таң қалып, оңаша отау тігіп, қылған қателіктері үшін кешірім сұрады, інісінің аяғына жығылды. Ағалары қатесін мойнына алған соң, інісі кешірім етеді. Ақырында үшеуі татуласып, бай болып, мұратына жетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі