Төлегенова Алтын Хадимқызы
Атырау облысы Құрманғазы ауданы
Абай атындағы қазақ орта мектебі
Әуезовтану және Зейнолла Қабдол
Мектеп деп аталатын киелі мекенге қадам басқан әр шәкірт "әдебиеттану" ғылымының алғашқы дәрістерін тыңдаған кезден-ақ осы саланың ерен жүйрігі, сырлы сөз зергері, халқымыздың мақтанышына айналған Зейнолла Қабдоловпен “туысып” кететінін байқамай да қалар. Шәкірт зердесіне әдебиеттің алыптар көшінің не бір тамаша таланттарын зерделеудің әліппесін үйретер де – Зейнолла Қабдолов. Онысы дұрыс та. Өйткені қазақ көркем ойының әдебиеттану ғылымының эстетикалық табиғаты, көркем шығарманың болмыс- бітімі, тақырыптық, дүние танымдық мәні, тектік сипаты, суреткерге қойылар талап туралы айтқанда мұғалім міндетті түрде өзінің басты құралы, Темірқазығы ретінде З.Қабдоловтың "Сөз өнері” монографиясына бас қоймауы мүмкін емес.
Кеудесі сыр сандықтай шежіре, Әдебиет саласының білгірі, небір қанатты сөздердің телегей теңізі қолына қағаз алмай, қара сөздің қаймағын қалқып сөйлер, сұңғыла шешендердің сарқыты бола білген Зейнолла Қабдолов бейнесі өлмек емес. Сондықтан да көз жасындай мөлдір,жүрек лүпіліндей ыстық, ұлттың көркем айнасына айналған қасиетті өнердің дамуына ерен еңбегін сіңірген беделді жазушы, білікті ғалым, бірегей тұлғалардың өлшеусіз еңбегін бағалау,келешек ұрпақтың рухани игілігіне айналдыру – бізге, ұстаздар қауымына, үлкен міндет.
Әдебиет әлемінде З.Қабдоловтың негізгі үш қасиеті бірікті: ұстаздық пен қаламгерлік, ғалымдық.. Шәкірт санасына талмай, қажымай үйреткен ілімі де, берген қымбат білімі де - әдебиет.
Ғалым ретінде теориялық тұғырнамасын жасап, тереңдеп талдап, деректеп саралағаны да - әдебиет. Суреткер санатын көрсетіп, шеберлік шыңын бағындырып, қаламгерлік қасиетін танытқаны - әдебиет. Әдебиетке кіндігімен байланып, ыстығына күйіп, суығына тоңып, ардағына айналған.
Әдебиет алыбы саналған З.Қабдоловтың ғалымдық санаты, үнемі тынымсыз бейнеткерлігі мен табиғи талғампаздығы өз ортасынан айрықша биіктетеді. Оның үстіне эстетикалық терең мәдениетін қоссаң әдебиет майданының алдын бермеген аламандығы мен оза шауып бәйге алған ұшқырлығының сырын ұғына түсеміз. Білуге баладай құштар,даналыққа даладай дарқан әрі аңқылдақ қазақы мінезі де жайсаңдығын, бөлекше бітімін айғақтайды.
Зейнолла Қабдоловтың бүгінде аңызға айналған ұстаздық білігі де ұлы суреткер М.Әуезовтен жұққан. Жүректе жатталатын, көңілде хатталып, есте сақталатын ұстаздық ұлағаты туралы да шәкірттері аз айтып жүрген жоқ..Ұлтқа ұстаз болғандай сыры неде?
Біздіңше, бұның сыры шәкірт жүрегін жаулап, жанын баурап, көңіл хошын жұпарландыруында болса керек.
Асылы, ұстаздық-кәсіп емес, жұлдызды жаратылыс болса керек. Бүгінде қазақ ғылымының қара шаңырағы саналатын Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің профессоры З.Қабдоловтың тәлімін көріп, дәрісін тыңдап қанаттанған, азуын айға білеген ақын-жазушылар, ғибратын ұлт гүлденуіне сарқа жұмсаған ғалымдар, журналистер қаншама десеңізші?!
Алыпты арқалау үшін асқаралы арқа, даналықты дәріптеу үшін дархан дарын керектігі ақиқат. Шәкірт ойының шырағын жаққан ұстаз ғибратының шексіз қамқорлығы туралы қалам тербеу зор адамгершілік, азаматтық жауапкершілікті жүктейді. М.Әуезовтей ұлы тұлғаның дәрісін тыңдап, шәкірті болу биік бақыт болса, ұстаз жайында мәңгілік естелік жазу асқан абырой. Әрине, жас буыннан «жыл келгендей жаңалық сезініп» ұлан-асыр үміт күткен М.Әуезов үшін З.Қабдоловтай шәкірттің жөні бөлек. Бұл шәкіртінен күтер дәме де зор, артар сенімі де бөлек болды.
Сүттей сұлу мінезін ғазиз көрген, өнердің иесі ретінде жүрегі иген ұстаз алдына шәкірт Қабдолов өз парызын толықтай атқарды. Ұстаз ұлағатын ұлықтай білді. З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» атты роман-эссесі-шәкірт жүрегінің ерекше тартуы болғандықтан, оны ұстаздың жарқын бейнесі турасындағыжан толғанысы, әрі асыл аға алдындағы інілік парызының орындалуы деп білеміз.
Заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығын қамтып жазған көркем де деректі туындылар аз емес. Десек те, ұлы Әуезов тұлғасын әспеттеген көркем еңбектердің көз тартар кесегі де, шоғыры биік шоқтығы да, ой ырысы да, жүрекке жылысы да З.Қабдоловтың роман-эссесі деп ұғамыз. Ұлы Мұханның жаз дидарын көріп, тағылымын алып, қатар жүріп, ұлт болашағы үшін тізе қосып қызмет жасаған автордың ортанқол шығарма жазуға моральдық құқы жоқ.
Қабдолов романының кіріспе тарауы «Романға барар жол» деп аталады. Роман-әссе-сыр тарқатар дүние. Сол сыр кіріспеден бастау алады. Шығарма Шыңғыс Айтматовтың әлеуметтік тапсырысы бойынша дүниеге келгендей. Ондай тапсырма тегін берілуі мүмкін бе?
Шыңғыс ата,Зейнолла да заңғар жазушының шәкірттері ,болашақ шығарма қаһарманын өте жақсы біледі . Ұлы адам Зейнолла Қабдоловтың студент кезіндегі ұстазы, кейін көп жылдар бойы университет қабырғасындағы, әдебиет майданындағы қызметтері, шығармашылық еңбектері жайындағы ағалы-інілі әріптестер.
Әуезов пен шәкірт Зейнолла.
Данышпан ұстаздың дәрістері бай мазмұн мен терең ғылымилыққа құрылып, тыңдаушысын төкпе күйдей төгілген шешен тілімен ұйыта баурап, сұлу сезімге, шабытты шаққа жетелейді «Әуезовтің әрбір лекциясы – бір-бір оқулық, бар лекциясы – ұланғайыр ұлы мектеп». Әуезовтен екі сағат лекция тыңдаған адам – бұдан екі сағат бұрынғы психологиялық хал-күйінен кәдімгідей өзгеріп, жаңарып, жаңғырып шығады. Иман тұрғысынан біршама пісіп, жетіле түседі. Өйткені, Әуезов дәрістері бар шәкірт үшін таңғажайып, тылсым дүние.
Роман –эсседегі осы таңданысты оқыған кезде көз алдыма ұлы суреткердің ғажайып бейнесі елестеді. Ұлы адамнан ұлылық дәрістерін тыңдаған Зейнолла Қабдо- лов та есімін «өзіндей» шәкірттер ұлықтаған Ұлы ұстазға айналды. Мен екі ұстазды да көрген емеспін, алдынан дәріс те тыңдамадым, бірақ осы бір таңғажайып үндестікке таң қалып, өз шәкірттеріме қарапайым мұғалім ретінде ізгілікті насихаттаумен келемін. Пән мұғалімі ретінде заңғар жазушының шығармашылығын оқытуда З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесін айналып өту – мен үшін үлкен күнә.
Ұлыдан ұлылыққа бағыт алған шәкірт жылдар өте ұстазы сияқты академик – жазушы атанды, Қабдолов өмір бойы уыз жас кезіндегі ұстазына деген ұлы сүйіспеншіліктен, кішілік, адалдықтан бір мысқал айнымады. Жас кезіндегі ағат істерін еске түсіріп, қателіктеріне оқушымен бірге күледі. Ұрпаққа сабақ болсын дегені. Шәкірт Абай өлеңін мүдірмей жатқа айтып тұрып, бір сөзден мүлт кетеді. «Мыңмен жалғыз алыстым» деген өлең жолындағы бір сөзді алмастырып жібереді, «Мыңның» орнына қателесіп «көппен» деп айтады. Бір ғана сөз! Ал соның өзі – Абайға қиянат жасаумен пара-пар. Өйткені Абай көппен, яғни халықпен емес, «мыңмен» алысқан. Ұстазы аяқ астынан тас-талқан болды. Шәкірті төбеге ұрғандай сілейді де қалады. Ұстазын қатты ашуландырып алады.
Осы деталь арқылы З.Қабдолов сөз өнеріне деген талаптың деңгейі ешқашан төмендемеуі тиістігін айтқысы келген. Бұл орайда Абай мен Мұхтардың бірде-бір өлеңін, не шығармасының атын білмейтін бүгінгі күннің тоғышарларына жаның ашығандай болады.
Мұхтар Әуезов сомдаған Абай-бір халықтың, қазақтың ұлттық бейнесі.Ел руханиятының таусылмас қазынасы, кеніші.
Зейнолла Қабдолов суреттеген «бүгінгі Абай»-Әуезов-Мағжанша айтсаң «Абайдай алтын хакімнің» жалғасы, мираскері, елінің еңіреп туған ері, сынбас характері, халқының сөз өнерін бастаған көсемі.
Роман-әсседе ұлы Әуезовтің өмір өткелдері кеудесін жарып шыққан рухани перзенттерімен бір тұтас жүйеде суреттелген. З.Қабдоловтың әдебиеттану маманы ретінде жүйріктігі шығармада ақындық,, жазушылық шеберлігімен жұптасып кеткен.Әр нәрсенің сәті бар. Сәті түсіп қазақ әдебиеті қорына жазушы туралы жаңашыл шығарма қосылды. Тәуелсіздіктің қас қағым өткен алғашқы он жылында оқырман қауым ұлы суреткердің нұрлы да ойлы жүзімен және бір романда дидарласты.
Әдебиеттің ең биік мұраты-халықтың қасиетін, сұлулығын, ұлылығын таныту. Алдымен сол халықтың өзіне таныту, содан соң бүкіл әлемге таныту. З.Қабдолов М.Әуезов лекциясын тыңдау арқылы оның адами турғыдан танып қана қоймайды, қиын-қыстау күндерде қасынан табылып, оның ауыр да арпалысқа толы өмір кезеңдеріне куә болады. Өмір шырғалаңдарында жасымайтын, қайсар мінезі шәкіртін ширықтыра түседі.Сол кезеңде Әуезовтің «Абай жолы» романын тек таптың тұрғыдан ғана талдаған тұрпайы социологизм әдісі жазушыға жасалған қиянат әрі тарихи әділетсіздік ретінде шығармада еш бүкпесіз берілген. Көркем өнер табиғатын мүлдем түсінбейтін таяз да тоғышар партократтардың айыптаулары әдеби талқы емес жан түршіктірер үкім сықылды.
Әділ сын айтып, ара түсер әдебиетші қауымның жалтақтығы, рухани дәрменсіздігі роман оқырманын түңілдіре түседі. Тек шәкірт жүрегі шыр-шыр етіп, араша тілеп сыңаржақ та тұрпайы талдауларға шара таба алмай дел-сал болады. Ұлы ұстазын құрбандыққа шалғалы тұрған имансыз топқа деген жүрегінде еш кешірім жоқ. Осынау қым-қуыт дау-дамайлар ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани туыстықты берік етіп, мәңгіге табыстыра түседі.
Ұлының шәкірті болу тек дәрісін тыңдаумен ғана шектелмейді, сонымен қатар, ұстаз өнегесін бағыт тұтып, өз ұстанымынан айнымауға шақырады. Шешен тіл мен ұтқыр ойлар романның өн бойына көрік беріп, қанатты сөздер Қабдоловтың қаламгерлік қарымын, шеберлік қырын әңгімелеген. Кестелі, келісті ойлар нәрлі де суретті тілмен өріліп, нақыл сөздей нәшін тапқан. Сөз зергерінің әр сөзді орнын тауып ойната қолданатын шешендік қасиеті терең ой, биік парасатпен астасып жатыр. Бұл қасиеті де ұстазы Әуезовтен сіңген.
Бұл роман-әссе автордың көрген-білгендерін ұзын-сонар тізбектеп-созбақтауы емес, қайта өзіндік дара стилімен қырнап нәзік те орамды тілімен кестелеп, суреткерлік талғаммен әбден екшеп алған өмір шындығының желісі. Адамзат ақыл-ойының алыбы, сыр мен сезімнің ағыны ұлы Мұхтардың ұстаздық феноменін таныту арқылы қаламгер қазақ әдебиетіндегі Әуезовтің әдеби бейнесін жасау тәжірибесін жаңа сапаға көтерді.
Көзі тірісінде халықты той тойлаудан аулақ болып, ой ойлауға үндеген академик жазушы , ділмәр шешен , дарынды болуға бел буған қазақ қоғамының ақыл-парасатын биік өреге жетелеп, жас ұрпақтың санасы мен сезіміне сәуле шашуда. З.Қабдолов өз ұстазына ұқсап «адамды адам етуге, қазақты қазақ етуге» барша ғұмырын сарп еткен ар ісінің абызы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Ана тілі» газеті. № 34 23.08.2007ж М. Тәж-Мұрат «Нар сүтінен шыққан құмаршық»
2. «Егемен Қазақстан» № 25.08.2007ж Ж.Дәдебаев «Ұстаз»
3. «Қазақ әдебиеті» газеті №30,31 27.07.2007ж А.Еспенбетов «Әдебиет – ардың ісі»
4. «Ана тілі» газеті №37 13.09.2007ж Б.Шарахымбай «Талант тағылымы»
5. Ш.Елеукенов «Тәуелсіздік және қазақ әдебиеті» 2007 ж Алматы6. З.Қабдол «Менің Әуезовім» 1997 ж Алматы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі