Өлең, жыр, ақындар

Әріптер дауы (ертегі-қойылым)

Автор:
— Ерте,​ ерте,​ ертеде,​ Жалқаубек атты балақай өмір сүріпті. Ол жазу жазғанда,​ әріптерін қисық-қыңыр етіп жазады екен.​ Бірде дәптердегі әріптер түгел жиналып,​ өздерін қалай болса солай жазып,​ қор қылып жүрген баланы тәртіпке салуды ойласыпты. Жиналысты арқыраған «А»​ әрпі бастапты.

А:
— Уа,​ әріптер!​ Мына Жалқаубек бізді қарадай қорлап бітті ғой? Маған қараңдаршы?​ Бір аяғым ұзын,​ бір аяғым қысқа.​ Белім де қисық буылған.​ Басым кекжиіп,​
мойным қисайып тұр!
Ә:
— Сіздің түріңіз тәуір ғой «А» аға!​ Маған қарасаңызшы?​ Кейде шалқайтып қойса,​ кейде еңкейтіп қояды.​ Кейде теріс қаратып «6» санына ұқсата салады.​ Мұғалім дәптер тексере бастаса,​ қалтырап қоя берем.​ Тағы да қызыл сызықпен бастырып тастай ма деп?!
Б:
— Ееей,​ дауысты дыбыстар!​ Маған қарағанда бастарыңыз орнында ғой.​ Мен байғұсқа қарасаңыздаршы..?!​ Басым мойныма ілініп тұр. Бір бүйірім қабысып,​ омыртқама жабысып тұр. Беу,​ дүние-ай!​ Мені алып өзгертіп,​ әдемілеп жазатын оқушы бар ма екен?
(Осы кезде сахнаға ақсаңдай басып «Н» әрпі шығады.)
Н:
— Сәлем, қырық бір бауырым! Бармысыңдар!​ Мына Жалқаубектің дәптерінен ешкімнің түрін танып,​ амандаса алмайтын болдық қой?!​ Мені теріс қарап тұрған «4» екен деп қалмаңдар!​ Бір аяғы тізеден төмен жоқ «Н» әрпімін.​ (Көз жасын сүртіп) Өмірі осылай бірде —​ ақсақ,​ бірде — тоқсақ,​ бірде аяқсыз,​ бірде қолсыз жүріп жатқан жайым бар...​ (Жылап отырып қалады.)
Р:
— Еңіреп отырған «Е» ме десем,​ өзіміздің үнді,​ дауыссыз «Н» әрпі екен ғой?! Аяқ-қолды алып тастаған ешнәрсе емес,​ жоқ нәрсені жалғап,​ арқаңа ауыр жүк арқалатып қойғаннан қиыны жоқ! Мені мұғалім үнемі «ф» әрпімен шатастырып,​ ал оқушылар «саңырауқұлақ» деп те жатады.​
Ж:
Жарайды,​ жарайды «Р», жылай берме «жүк, жүк»-деп.  Нардай «Н», сен де  налыма..! Нағыз оқушыға жолығып,  қол-аяғың бүтінделер.  Жарқырап өңің де кірер!
О:
Ойпырой,​ осылай ойланып, ойға шомып отыра береміз бе?​ Көтеріліске шықпаймыз ба?
Қ:
— Қ-қ-қалай?​ Қайтіп қарсы шығамыз? Қарсы тұрар қайрат бар ма,  бізде?
М:
— Мммм, менде бір ой бар! Осы қалпымызбен тобымызды бұзбай Жалқаубекке барып,  ақылға шақырайық!  Егер тыңдамаса, менсінбесе,  мобилограф шақыртып,  Инстаграмға шығайық?!
Ш:
— Шшшақырсақ,  шақырайық?!
Ж:
— Жалқаубек! Жанымызға жақында! (айқайлап шақырады)
Ә:
— Әріптердің әңгімесін тыңда! Әкіреңдеп,  әлек болма!
(Жалқаубек сахнаға шығады.  Бір қолында телефон.  Бір қолында чуппа-чупс. Таңдана әріптерге қарап,  аузы ашылып қалады.  Көзін жұмып,  басын шайқап, қайта жан-жағына қарайды.
Жалқаубек:
— Мәссаған!  Бұл не? Өңім бе, түсім бе? Мыналар қайдан шықты?
Ө:
— Өңің, өңің! Өңкей мүгедек әріптерді жазған өзің! Өкпелеме, өте қиын жағдайың.  Қайта жазып,  жөндемесең,  өкінерсің әрдайым!
Жалқаубек:
— Қалай жөндеймін?!
Ж:
— Жаңа дәптер ал да,  жаңадан жаз,  жалықпай!
Ә:
— Әдемі болсын әр әріп!
Қ:
— Қисайтпай жаз,  қақитып! Қалмасын құлап,  құнтиып.  Қол-аяғы шұнтиып!
Ш:
— Шимайлама шатасып! Қалмасын сия баттасып!
Жалқаубек:
— Жарайды,  жарайды!  Ашуланбаңдаршы...!  Мен сендердің бұлай жиналатындарыңды білген жоқпын. Енді әрқайсыңды барынша әдемі жазатын боламын!
Б:
— Баяғыдан бері солай жазуың керек еді?!  Енді біз мұндай қорлыққа көнбейміз!  Егер тағы да сүйкімсіз,  сиықсыз етіп жазсаң,  біз сенен кетеміз.  Әдемі жазатын оқушыға барып,  сонымен ғана дос болып өтеміз!
Ж:
— Жә, жә, Жарайды! Жамырамай жобаға келейік! Жалқаубекке бір мүмкіндік берейік?! Жаман жазуын тоқтатпаса,  жақсы оқитын Жәмиланың үйіне кетейік?!
Д:
— Дұрыс!  Дөп сөз! Қосыламын!
Барлық әріптер бірге хормен:
— Қосыламыз!
Жалқаубек:
— Бір мүмкіндік бергендеріңе рақмет! Мені кешіріңдерші достарым! Мен сендерсіз қалай оқимын? Қалай жазамын? Енді жалқау болмаймын!  Қисық-қыңыр жазбаймын! Уәдем-уәде!
Әріптер:
— Көрерміз... (Бір-бірден шығып кетеді. Жалғыз қалған Жалқаубек, жалма-жан қолына дәптер алып, әдемі жазуға кіріседі. Сосын көрермендерге қарап):

— Балақайлар,  сендер мен жасаған қателікті қайталамаңдар! Менің есіме бір нақыл сөз  түсіп отыр.  «Кім білімге көңіл қоймайды,  сол ойынға тоймайды. Кімнен білім қашады,  одан бәрі қашады!»- деген.  Сондықтан білімге жабысайық, достар?!
(Сахнадан кетеді.)

Гүлмекен Қасенбай


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер