Ерте, ерте, ертеде. Өте әдемі, үлкен сарайда Айсұлу есімді ақылды қыз өмір сүріпті. Оның көп қуыршағы, шексіз әдемі көйлектері болса да, ештеңеге көңілі толмай алаңдаулы болды.
Ол өмірден өткен анасының қайта оралмасын сезінсе де, ұйықтар алдында тым болмаса анамды түсімде көрсем екен деп тілейтін. Кей кезде бала тілегі қабыл болып, таң атысымен түсінде не көргенін, анасымен қайда барғанын әкесіне айтып беретін.
Жүрегі қанша сыздаса да әкесі қызына ештеңе білдірмейтін. Айсұлу бір күндері әкесіне қоймастан бұрын анасы екеуі серуендеген орманға барғысы келетінін айтты. Әкесі амалсыз келісімін беріп, оны өзінің сенімді серігі Батырға тапсырды.
— Қызыма бас көз бол. Онда анасынан берілген бір күш бар. Кез-келген уақытта бойына келуі мүмкін. Адасып кетпеуін қадағала!-деді.
Батыр ештеңені онша түсінбесе де, әдеттегі тапсырма ретінде қабылдады.
Келесі күні таңмен Айсұлу әкесімен қоштасып, орманға қарай бет алды.
Батыр оған:
— Айсұлу ханша, қатты алысқа ұзамаңыз, мына жақта түрлі жыртқыш аңдар бар-дегенше болмай, орманға еніп кете берді. Айсұлудан көз жазып қалғанына сене алмай Батыр біраз абдырап, содан соң іздеуге кірісті.
— Чик-чирик бұл кім болды деп, - Айсұлуды көрген торғайлар бір-бірінен сұрастыра бастады. Бір қызығы бұл әңгімелердің бәрін Айсұлу естіп, аң-таң боп тұрды да қалды. Іштей:
— Немене мен бұның бәрін қалай түсініп тұрмын? Шынымен осылай сөйлесіп жатыр ма?-деп не істерін білмей, өз-өзіне сұрақтар жаудыра бастады.
Осыларды естіп тұрғанына сенімді болуы үшін торғайларға:
— Торғайлар сендер мені естіп тұрсыңдар ма?-деп сұрақ қойды.
Торғайлар:
— Иә,иә чик-чирик — деп тіл қатты.
— Ей, неге сонша шуласып кеттіңдер? Ұйқы бермедіңдер ғой-деп тышқан інінен шығып, шағымдана бастады.
— Мәссаған түске дейін не ғылған ұйқы-деп Айсұлу мырс етіп күліп жіберді.
Айсұлудың жанына бүкіл аңдар мен құстар жинала бастады. Әр қайсысымен әңгіме айтып болғанша қараңғы да түсіп кетті. Батыр Айсұлуды әрең дегенде тауып көңілі орнына түсті. Оның аңдармен сөйлесіп отырғанын көріп, қыздың сөзіне түсінсе де, жануарлардың тілін аса түсінбеді. Содан соң ханшаның әкесінің ескерткен сөзі есіне түсіп, өзін тезірек жинап алды. Қараса бір түлкі ханшаны қолынан ұстап, бір жаққа алып бара жатыр екен. Енді кешіксе тағы да көз жазып қалар ма еді?
Айсұлу әрине, әкесін уайымдатқысы келмейді. Жаңа достарын қимаса да, орман иелерімен қоштасуға тура келді. Жол бойы Батырға аңдармен не туралы әңгімелескендері туралы айтып келді. Сарайға жетіп, әкесі қызымен аман-есен қауышты. Батыр болған оқиғалардың барлығын Айсұлудың әкесіне айтып берді. Әкесі Батырға риза болды.
Айсұлудың бүгінгі таңы керемет атты. Себебі, ол тағы да түсінде анасын көрген болатын.Түсінде анасы оған:
— Алтын қызым, Айсұлу! Мен сенің осы қабілет бойыңа берілгеніне қуаныштымын. Дегенмен бұл жерде сен білу керек көптеген дүнииелер мен ережелер бар. Менің ақылыма құлақ асып, мен жіберген қателікті жібермейді деген үміттемін. Бұл өмірде жақсылықпен қатар жамандық та қатар жүреді. Сол секілді осы қабілетіңді сен жақсы немесе жаман бағытқа қолдана аласың. Орманда бір баруға болмайтын жер бар. Ол жерде үлкен үй, сырты темір қақпамен қоршалған. Егер оның қақпасын қағатын болсаң, ол үй сені өзіне тартып алып, ол жерден ешқашан шыға алмайсың. Мені оған бір кемпір ертіп апарған болатын. Ол өте аянышты болатын. Өзіне көмек керектігін айтып, аңдарды менің күшім арқылы жемтігіне айналдырды. Мен ол кезде қабілетіммен енді ғана танысып жүрген едім. Оған алданып, ақыр соңында мені нағыз жауызға айналдырып, осы қақпаның есігін қақтырды. Сондықтан қызым сақ бол-деп сөзін аяқтады. Айсұлу шошып оянды.
Анасының осы түні айтқан сөздері жадында мәңгі сақталардай болды. Ханша анасының тірі екендігін және оны қайдан табу керектігін білетіндей күй кешті. Айсұлу ханша әдеттегіше әкесіне көрген түсін айтып берді. Әкесі де дәл сол сәтте анасы туралы бар шындықты айту керектігін түсінді:
— Қызым қазір сендегі болып жатқан ерекше қасиет анаңнан берілген. Ол алғашында терезеге қонған торғай, көгершіндермен сөйлескеніне аса мән бермедім. Кейіннен орманға көп барып, жануарлармен сөйлесетіндігін аңғардым. Сұрастыра келе оған бұл ерекше қабілет марқұм әкесінен келгенін білдім. Өкінішке орай анаң бұл қасиетті дұрыс бағытта басқара алмады. Ол тұйықталып, менімен ашық сөйлесуді қойды. Ақыр соңында қара күш оны жаулап алып, қалағанын жасатып отырды. Содан соң оны бізден мәңгілікке алып кетті. Сондықтан сенен өтінерім анаңның саған айтқан сөздерін ұмытпай, әркез ережемен жүруге тырыс,-деп сөзін аяқтады.
Айсұлу:
— Әке, анам тірі секілді. Мен ол жерде тауып, анамды құтқарып әкелемін. Мен оның тірі екендігіне сенемін -деді.
Әкесі:
— Жоқ қызым, бұлай болуы мүмкін емес. Мен сені ол жаққа жібере алмаймын-деді. Қызы ұстанған бағытынан таймады. Сондықтан осы түнде сарайдан қашуға бел буды.
Қараңғыдан қорқатын ол сол анасына жету жолында бүкіл қорқынышын артқа тастады. Бар күш-жігерін жиып, анасымен қауышуды арман етті.
Орманда неше түрлі ағаштардың арасынан өтті. Қиындықтарға да кездесті. Дегенмен сол құпиясы мол үйге де ақыры жетті. Есігін қағып еді, бірден қызды жұтып алды. Іші сондай қорқынышты. Есіктерден өткен сайын торларда тұрған неше түрлі жыртқыш аңдар мен құстарды көрді. Улы жыландар мен жиіркенішті өрмекшілер. Олардың барлығы Айсұлудың жүрегіне қорқыныш сала қоймады. Ең соңғы есікке беттеді. Ол өте әдемі есік болатын. Алтын түстес, тұтқалары сондай берік. Кіре бергені сол еді, бөлме бұрышында талып қажып кеткен анасы отыр екен. Дереу жүгіріп барып, құшақтағысы келгенімен, тікенекті шынжырлары оған мүмкіндік бере қоймады. Кенеттен бір кемпір ашық есікті көріп, жүгіріп кірді. Айсұлуды көріп, ұрып құлатқысы келіп еді, ханша әкесі үйреткен қимылдардың арқасында сытылып кетті.
Кемпір оған:
— Ә, ә, ақыры анаңды іздеп тауыпсың ғой. Менің жемтігіме айналуға келдің бе?
Ханша:
— Жоқ мен енді анамды ешкімге бермеймін. Оны өзімен бірге алып кетемін-деп еді.
Кемпір:
— Жылдар бойы азығымды тауып отырған құралымды саған береді деп ойлап па ең? Тапқан екенсің! Анаңның қасиетін мен күн сайын өзіме алып отырамын. Соның арқасында аңдарды алдап, жемтігіме айналдырып келемін, олардың тілін тауып отырмын. Енді міне сен барсың. Сені көптен бақылап келем. Апанға келіп өзің түстің. Қош келдің!-деді сөзін аяқтап.
Айсұлу қатты ашуланып, белгі арқылы аңдарды көмекке шақырды. Құстар кемпірдің шашын тартып, басын шұқып, тышқандар тесік киіміне кіріп, әбден титығына тиді. Басы айналып жерге құлаған кемпірдің бірдеңе жасауға қауқары болмады. Айсұлу анасын шынжырдан босатып, кемпірді байлап, зынданда қалдырды. Шыққан беттері сол еді, әкесі де іздеп келген екен. Ол жан-жарын көріп, қатты таңырқап, сілейіп тұрып қалды. Аузына сөз түспей:
— Бұл шынымен сен бе? Сенбісің? — деп құшақтап алды. Айсұлу да енді мауқын басса болады. Анасын қатты қысып құшақтап, сарайға қарай жолға шықты. Сарайға жетіп, енді ешқашан ажырамастай отбасы болған. Айсұлу әлі күнге орманға барып, аңдармен сөйлесіп, қабілетінің жаңа қырларын ашуда. Адамның мүмкіндігі шексіз...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі