Қызылжардың жерін біржола өлшеп алуға келген инженер және Аргерей генаралдың келгенін көрген Кене хан біраз сарбаздармен барып, оларды түріп айдап шықты. Олар Николайға: «Кене бастаған қазақ батырлары бізге қарсы шықты», — деп арыз етті. Николай көп салдат жіберді.
Николай салдаттарын Кене бастаған қол бері өткізбейміз деп, қанша қолмен қарсы тұрды. Николайдың салдаты қаптап келіп қалды. Тарақты Байғозы батыр мен арғыннан Ағыбай, төртуылдан Жанайдар және тама Танаш батырлар бастаған екі жүз елу қол Николайдың салдатымен ұрыс салды.
Қызылжар басында жеті күн, жеті түн керемет ұрыс болды. Екі жақтан да адамдар көп қырылды. Батырлар оңынан да кірді, солынан да кірді. Бірсыпырасын Кене әскері қырды, әбден қызыл қанға батып өшікті. Ақырында жауыз Николайдың салдаттары әбден жеңіле бастаған соң, зеңбірек атқылады. Кененің нөкерлері зеңбіректен қорқып саспады, алға қарай ұмтыла түсіп, бекіністерді алды. Көп салдаттарын қолға түсірді. Николайдан екі жүз елуден астам салдат қырылды. Кененің бес жүз нөкері өлді. Жарым жартысы қолда қалды.
Сонда Ағыбай батырдың Кенекеңе айтқан сөзі:
«Қазақтың мақалы бар еді ғой «орыс көп пе, орман көп пе?» дейтін. Мұның ар жағынан келе беретін ләшкері көп, санаулы ләшкеріміз болмаса, елдегі дұшпандарымыз да аз емес еді ғой, халықтың мақалы бар еді ғой «ер жігіт қос табар» деген. Қызылжарды тастайық, Көкшетауды алайық», — деді. Төре: «Мақұл», — деп Көкшетау келді. Батырлардың бәрі аман, жалғыз-ақ бес жүздей адам соғыста қаза болды. Бұлар Бурабайдан қоныс алды.
Ат жақсысы мінілді,
Сауыт жақсысы киілді.
Ғаламға соғыс салғаны білінді,
Достар бұл іске сүйінді.
Николай жауыздың сөзін сөйлеген
Дұшпандар күйінді.
Осы арада Кененің әскері екі айдай аттарын тынықтырып, жабдықтарын сайлап, ел ортасында, Арқада жатқан әскерлерін шақыртты.
Қайраты қара бастан қайтпаған алып ер — тамадан Жолдыаяқ батыр, Өмірзақ Доғалақ батыр, Шушақ Бәйтелі батыр, Тарақты Құлжан батырлар бастаған он мың әскер мен Кененің Көкшетаудағы бекініс қамалына қосылды. Әскері көбейіп, күші артып, енді Николайға ойран салуға ойлады.
Керей советник Тұрлыбек жауыз Николайдың сөзін сөйлеген сұмырай екен. «Кене ханның көп мыңдаған әскері келіп, менің Көкшетаудағы жерімді басып-жаншып, қоныс салып, алып қойды», — деп Николайға жансыз хабар берді. Кенеге өшіккен Николай патша он мың салдат жіберді. «Кененің әскерін қыр, Кенені ұстап әкел!» — деді. Николайдың қару-жарақты салдаттары бекіністе жатқан Кененің әскеріне шабуыл жасады. Қарулы Кененің қалың әскері жаудан беттері қайтпай зор майданға шықты.
Майлыкөбек бастаған мың қол әскер Николайдың жеті жүз салдатын қырды. Тама Танаш батыр, Жолдыаяқ батырлар мен Ағыбайлар соғыста айласымен асып, Николайдың салдаттарын жусатып салды. Таудың тастары аспанға атылды, тас қанға боялды, керейлердің байтақ даласы өлген адамның денесі сасыды. Соғыста Кененің нелер батырлары оққа ұшты.
Тұрлыбек Николайдың салдаттарына ат та, кісі де, ас та беріп көмектесті. Кененің Ағыбай бастаған әскері патшаға көмек көрсеткен Тұрлыбектердің жылқысын айдап алды. Патшаға көмектескен адамдарды қолға түсірді. Керей ішіндегі Тұрлыбектің сілтеуімен Николайға көмектескен байларды әлсіретіп, Николайдың жіберген он мың әскерінің жеті мың үш жүз дейін қырып салды.
Қалған салдаттары тым-тырақай жоси жөнелді. Кененің әскері Көкшетауға Бурабайға орнықты. Көкшетаудің Оқжетпес биігіне Кенекең шықты. Көкшетауда «арпа жолы — Ағыбай жолы» атанды. Кененің қалың әскері бұл жерде қоныс алып, ит жүгіртіп, құс салды. Кененің әскерлерінен басқа жан баласы Көкшенің биік шыңына оқ атып, оғын жеткізгені болмаған. Сонан оны «оқжетпес» қойған. «Арпа жолы» деп атауы — Кененің әскеріне азық тасыған жолды «Арпа жолы» деп атаған. Кенесары Бурабай тауында ит жүгіртіп, құс салып аң аулап жүргенінде бір биік жартастың үңгіріне түнеп жүреді екен. Сонан ол үңгір «Кенесары үңгірі» аталып кетті. Ол үңгірдің ішіне Кенесары киіктің етін асып жеген. От жаққан орны әлі сол күйінде тұр.
Кененің әскері Бурабай, Көкшетау бойында бір жаз, бір қыс мекен етті. бұлар демдерін алып, ат-тұрмандарын сайланып алысты. Азықтарын сайлады. Ел ішінде кімнің жау, кімнің қас екенін білді. Николай патша Кененің әскерін қыру мақсатымен тағы да он бес мың салдат жіберді. Бұл жерде он үш күн күні-түні қан майдан соғыс болды. Ағыбай әскері Бурабай биігіндегі салдаттарды таудан тасша домалатты. Сармантай, Алшағыр, Тоғанас батыр, Наурызбай, Жанайдар батырлар асқан қайратымен әрі айласымен Николай әскерін есепсіз қырды. Бірақ құмырсқадай жержүзін басқан әскерді қырып бітіре алмады. Қару-жарақты, зеңбіректі Николай салдаттары күшін жинап, соғысқа өлген-тірілгеніне қарамай кірісті.
Кененің мың жарымдай әскері оққа ұшты. Кененің неше түрлі мерген, алуан алып, қайраты күшті, айлашы әскерлері Николай салдаттарының оғынан қаза тапты. Беті қайтқан Кене әскері Ақмолаға қарай ойысты.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі