Өлең, жыр, ақындар

Қасқыр мен сиыр

Баяғыда бір аш қасқыр жортып келе жатып, көк шолақ сиырға кез болыпты. Қасқыр арық көк шолақ сиырға алдымен сәлем беріп, өзінің дүниені аралап, дос іздеп жүргенін айтыпты.

Бастабында сиыр бұған сенбепті.

Қасқыр тағы да сөзін сабақтай келіп: «Мен жасымнан ел аралап, қолымнан келген қылмыстың бәрін өткіздім, өзіңдей момын дос тауып алып, ендігі өмірімді қамсыз өткізсем бе деймін», — депті тілінен май тамызып.

Қасқырдың сөзіне сенген көк шолақ сиыр қасқыр мен араларынан қыл өтпейтін дос болыпты. Көк шолақ сиыр шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішіп, қасқыр кішкене аңдарды аулап жеп, жазды өткізіпті.

Семірген көк шолақ сиырға анда-санда сұғын қадаған қасқыр: «Көк шолағым, қалай да биылғы соғымсың ғой»,-деп ішінен ойлап жүреді екен.

Күн суытып, қар түсіп, қара суық басталып, қылышын сүйрете қыс жетіпті. Бір күні қасқыр көк шолақ сиырдың жанына жетіп барып:

— Ей, көк шолақ досым, қыс болса мынау, қарын ашты, енді сені қысқы соғымға соямын, — депті. Сиыр бұл сөзді естіп қатты абыржыпты да, «Менің бір шартым бар, соны айтайын, онан кейін соғымға сойсаң сой» — депті. Қасқыр мұны мақұл көріпті де «Шартыңды айт» депті.
Менің ұлы әкем өлер кезінде маған бір ауыз өсиет айтып кеткен еді, егер ақшадан қысылып кедейлік тартсаң, осыдан күндік жерде шыңырау тас деген тас бар. Ол жерде перілер көшіп бара жатып, диюлармен соғысып қашқан кезде ат басындай алтын қалып қалған екен, соны ал деп еді. Мен соны алған соң соғым етсең, — депті сиыр.

Сиырдың сөзіне сенген қасқыр бұл шартқа мақұл болып, сиырдың ақылы бойынша шиден арқан есіп, шыңырау тасқа барыпты. Сиыр қасқырға:

Ал, ши арқанды менің құйрығыма мықтап байлап, шыңырауға түсіп, алтынды алып шық!-депті. Қасқыр ши арқанды сиырдың құйрығына мықтап байлап, шыңыраудың түбіне түсе беріпті.

Бір уақытта сиыр жеттің бе деп айқайлапты.

Қасқыр: «Ортасына келдім» дегенде сиыр шегініп барып арқанды бар күшімен қатты тартып қалғанда ши арқан үзіліп, ашкөз қасқыр шыңырауға түсіп жан үзген екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Кәусар

Кәусар

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз