Өлең, жыр, ақындар

Ағыбай мен Наурызбай

Бір күні Кенесары ордасында батыр, билер басын қосып, біздің заманымызда асқан батыр кім деген әңгіме болып, «Ағыбайдан асқан ер жоқ», — деп Кенесары өзі бас болып, барлығы да Ағыбайды мақтай беріпті.

Осы әңгімені әлі атқа мініп жорыққа араласпаған он бес жасар Наурызбай босағада түсі бұзылып, сұп-сұр болып тыңдап отырыпты. Сол түні Ағыбай жылқыны қарауылдауға кетіпті. Ай көтеріліп, түн ортасы ауған кезде жарық ай сәулесінің астымен ақбоз атқа мінген біреу ағызып келіп, Ағыбайға тап береді. Ағыбай көп уақыттан соң есін жияды. Аты жанында тұр. Найзасы жоқ. «Жылқыны түгел айдап кетті ғой» деп қауіп қылып түгендесе, бәрі де аман. Өмірі жаудан беті қайтпаған Ағыбай намыстанып, қатты жүдеп үйіне келсе, найзасы өз үйінің алдында шаншулы тұр.

Кенесарыға айтса да, ұят, айтпаса да, ұят. Ордада түсі қашып, еңсесі түсіп отырғанын Кенесары көріп:

— Батырым, немене сырқат емеспісің, өңің келіспейді ғой, — дегенде, Ағыбай өзінің түнде басынан кешенін айтады:

— Жын ба, періме, не екенін білмеймін, бұл жүдетерлік қылық емес пе? — дейді. Сонда Кенесары саспастан, жайыменен отырып:

— Ойнап жүрген біздің Науанжан шығар.

Кенесары хан болып, Ағыбай қол бастап тұрғаннан кейін Кенесарының інісі Наурызбай он алты жасқа келген соң, сегіз канат орда тігіп, отау үй шығады. Кенесары Ағыбайды шақырып: «Науанжанға қырық жігіт бөлдім, басы-қасына сені бердім, сені Құдайға тапсырдым, Науанды саған тапсырдым», — дейді. Сонымен Ағыбай мен Наурызбай қырық жігітпен сейіл құрып жүре берді. «Наурызбайдың сол жылы бір кереметін көрдім, — дейді екен Ағыбай, — қырық жігіт сейілде жүріп, бір бұлаққа келіп, атты қоя беріп, ойнап-күліп жатыр еді. Ер-тоқым бір жерде, сауыт-сайман бір жерде, түгел шешініп ұйықтап жатқанбыз. Атымыз шідерлеулі. Бір мезгілде қарауылшы: «Жау келіп қалды!» — деді. Жаппай атқа міндік. Жау көп екен, қаша ұрыс салып, дөңнен асқан кезде Наурызбайдың бейқам жатқаны ойыма түсіп, жаңағы жерге қайта шапсам, Наурызбай қалай ат ерттеп, қалай киінгенін білмедім, жаумен сабаласып жүр екен. Найзағайдай жылдам. Наурызбайдың осындай ғажабын көрдім», — дейді.

Осыдан соң Наурызбай бір күні: «Ағыке, Кіші жүздің Алшын елінде жігіт сынайтын қария бар дейді, мені соған апарып сынат», — дейді. Бұл Абыз деген көп жасаған дана адам екен, оны Кенесары батыр да біледі екен. Қасына жолдас алып, Наурызбай мен батыр соған барады. Барса, қария мамық төсекте жатыр екен. Бұлар сәлемдескен соң бүркеніп жатып қалады. Жағын торғынмен таңып қойыпты. Өйтпесе, иегі төмен түсіп кетіп, сөйлей алмайды екен. Бұлар қонып шығады, ертеңінде түске дейін, одан соң бесінге дейін қария тұрмайды. Ағыбай батыр:

— Науанжан, бұл кісі сені сынамайтын болды, қайтайық, — деді. Наурызбай:

— Жоқ, бұл кісі ажалың ертең кешке десе де, сынатпай кетпеймін», — деп отырып алады. Бұл сөзді естіп жатқан қария басын көтеріп:

— Жол болсын, балалар! — дейді. Сонда Ағыбай батыр тұрып:

— Қария, мына бала Қасымның кенжесі, Кене ханның інісі — Наурызбай деген. Сізге көрінемін, — деп келіп еді. Балаға не айтасыз? Мен шұбыртпалы Ағыбай деген боламын, шаруа осы, — дейді. Сол кезде Абыз:

— Я, Ағыбайым, сенің ұраның артыңда қалады, өз ұраныңды өзің естірсің, бағыңның тобы желкеңде екен. Наурызбай, менің жасым жүз жиырмаға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен, ғұмырың қысқа, жиырма-жиырма бестен аспассың, дүниеден арманда қалма! — дейді. Наурызбайдың көңілі бұл сөзден соң пәс боп қалды дейді. Сонымен бұлар ауылына қайтып келсе, Кене хан ауыл сыртында отыр екен. Наурызбай өзінің майхана ордасына тіке тартыпты. Ағыбай Кенесарыға келіп:

— Алдияр, тақсыр!? — деп сәлем берді.

— Иә, көсе, Абыз Науанжан қалай? — деп сұрайды Кенесары. Сонда Ағыбай батыр:

— Науанжанға жігіттің сырттаны екенсің, сенен артық жігіт көрмедік жүз жиырма жастың ішінде деді, — деп, басқасын айтпайды. Сонда Кенесары отырып:

— Көсе, Абыз білмейді дейсің бе, бірақ айтпаған ғой. Атам — Абылайдың түсі есіңде ме? — дейді. Онысы бірде Абылай түс көріпті: астында жалын құйрық жирен аты бар келе жатса, бір жолбарыс қашады, түлкінің ішін жарған екен, бақа-шаян аяғынан басына дейін қаптап кетеді. Осыдан соң: «Менің ар- тым көптің бірі болып кетеді ғой», — деген екен. Осы түсті есіне алған Кенесары: «Менің Сыздығымнан кейін солай боламыз ғой», — дейді.

— Осыған орай мен де бір түс көрдім, — деп Кенесары сөзін жалғайды. Түсімде Көсе, сен екеуміз арқаласпақ ойнадық, қайсымыздың бағымыз жеңер екен деймін. Әуелі кім арқалайды десем, «Сіз — ел ағасы хансыз, сіз арқалаңыз», — дейсің. Мен сені арқаламай, алдыммен көтерем, кезек саған келгенде, мені сен қаптағы тезекше иіріп арқаңа салып алдың, мен үш жүзге хан болсам да, орта жүзге хан атым бар ғой, сенің бағың артыңда қалды. Сенде мыңбасы адамсың, алдыммен көтеруім: біздің бағымыз маңдайымызда, артымызда қалатын бақ жоқ, өзімізбен бірге кетеді, болмаса, сені мен де арқама салып алмас па едім, — деген екен. Кенесарының айтқаны келді, оны Ағыбай өз құлағымен естіп, көзімен көрді.

Бұдан соң Кіші жүзге тоқсан адаммен Наурызбай барған бір жорықта Төлегенұлы Жанғабыл бұларды айламен қырып салады. Жанғабылдың көздегені Наурызбайды өлтіру еді. Түн ішінде жалаңаш-жалпы ұрыс болып, Ағыбай батыр қайрат көрсетіп, Наурызбайды аман алып шығады.

Қырғызбен соғыста Наурызбайдың астындағы Ақауыз атқа оқ тиіп, Наурызбай жаяу қалып, Кертайлақ деген ат шабысқа жарамай, қырғыздар  қалай болғанда Наурызбайды қолға түсіруге қамағанда, Меңдібай, Дулат, Ағыбай, Бұқарбай, Қошқарбай, Шәкір, Жәуке, Толыбай, Нысанбай тағы басқа батырлар жаудың қоршауында тұрып кеңес құрады.

Ағыбай, Жәуке мен Толыбай тауға көтеріліп, жаудың салған қамалын, оған қосылған он екі мың дулатты көреді. Арқаның сайдағы шұңқырына дейін білетін Ағыбай батырға Алатау бір жұмбақ болатын. Ағыбай шымыр Байұзақ пен дулат Байсейітке сенуші еді. Жолбасшы Бұғыбайға сенген Кенесары өзі қолға түседі. Орыс пен қырғызға дәрмені болмайтынына көзі жеткен Ағыбай сол жерде Наурызбайға былай деді:

— Айналайын, Науанжан,
Ақылға дарқан зерегім,
Салса да тастан қайтпайтын
Жетесі құрыш беренім!
Бақытың баста жүргенде,
Асқар таумен тең едің.
Неше күндей ізденіп,
Білмедім Кене ханның дерегін.
Айналайын, сұлтаным,
Жолдас болып жасымнан,
Көзімнің майын жеп едім.
Хақ ісіне амал жоқ,
«Қазам жетіп өлгенше,
Айрылмаспын», деп едім.
Алатауға барғанда,
Жер шаршысын көздедім.
«Көмек қылған көп дулат
Қайда екен» деп іздедім.
«Байұзақ барда дулаттың
Тілегі бөтен болмас», деп,
Күдерімді үзбедім.
Дулаттан тағы түңілдім,
Көрген соң анық көзбенен.
Қалмастан тегіс кетіпті,
Байқадым оны ізбенен.
Қоқиланған қырғыздан
Дулат қылған қауіпті.
Айналайын, Науанжан,
Дулаттың беті ауыпты
Орыс пенен Қоқанға,
Құл болып ұран беруге.
Дулатың жөнін тауыпты.

Сонда Наурызбай қайраттанып:

— Не де болса, қалған үш жүз қолмен қоршауды бұзып, Кене ханды құтқарайық, — деді. Ағыбай батыр:

— Науанжан, жау Кенені өлтірмес, құрылған қақпаннан аулақ болайық, аз ғана күшімізді жиып, қоршаудан шығып, қырғызға елшіні жіберейік. Олай болмаса, жаудың зеңбірегінен қанымыз төгіледі. Әркім бет-бетімен қашады, «тұрымтай тұсына, балапан басына», — дейді.

Науан:

— Ей, Ағыке, — деп жылап тұрып айтыпты, — бұрынғының сөзі бар ғой: «Екі қатынның баласы — екі ру ел» деген. Мен Кене ағамды не жаудан арашалап алайын, не бірге өлейін, елдің өсегінен қашып, — деп, Наурызбай есіл ерлермен қоштасып, Кене хан тұтқынға түскен жерге бет алды. Ағыбай бастаған үш жүздей батыр қоршаған қамалды бұзып, көбі мерт болып, сексен батыр зор ерлік көрсетіп: «Абылайлап!» жеті қабат Алатауды айналған жауды жарып өтеді.

Оқуға кеңес береміз:

Наурызбайдың қарындасы

Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі

Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз