Кенесары, Наурызбай заманында шабыншылық жауласу жағдайында Кенесары шұбыртпалы Ағыбайды шақырып алып, қасына қырық жігіт ертіп жауласқан елінен жылқы әкелуді тапсырып, аттандырып жол жүріп келе жатып бір өзен жағасына келіп түстенеді. Тамақ пісіріп отырған кезде өзеннің арғы бетінде бір жақсы ат мінген адам кетіп барады. Ағыбай жігіттерге: «Ана адамның астындағы атын қайсың барып әкелесің?» — дейді. Ер жігіт мен барам деп шыққан екен. Ағыбай бәріне де сенбей өзім барам деп атқа мініп өзеннің өткелдеу жерінен өтіп, әлгі жалғыз атты адамға жетіп барып сойылмен салып өтті. Оны шыбын шыққандай көрмей, аяңдап жүре береді. Ағыбай таң қалып: «япырм-ай, не болды, бір салғаннан адам қалып көрген жоқ еді», — деп орала беріп тағы салып өтті. Оны да елемепті. Ағыбайға ожырая қарап: «Сен енді ешқайда қашып құтылмайсың, сенде қасиет болса, менде де қасиет бар, маған еріп жүр», — деді. Жол үстінде бір киік қашып еді, оны көп ұзатпай соғып алып, бір көл жағасына келіп түсіп, сойып қарнына барлық етін салып Ағыбайға астырып қазаншы етіп қойды. «Ет піскеннен кейін жарты еттен қақ бөліп екі бөлек жейміз» деп серт қойды. Ағыбай жеп тауыса алмапты, Әлібек тиісті сыбағасын түгелдей жеп тауысты. Тамаққа тойып алып аттанып жүріп, көп жылқыға келіп Әлібек екі шұбар ат, екі қара күрең, екі сары ала алты атты ұстатып, қосақтап алып жүріп бір шұқырды тігулі алты үйге жақын келгенде, бір топ қойды бір әйел жайып жүр екен. Қолын көтеріп сілтеп, қыр астына барып аттың бәрін матастырып болған соң, Әлібек айтты: «Ана әйел-жеңгеміз, маған хабаршы болып қой бағып тұр. Сондықтан мен сол алты үйге барам», — деп көйлек штаннан басқа киімін шешіп үйіп, Ағыбайдың найзасын сұрап алып, «Алты үйлердің ортасындағы үйге барам, бесінге дейін күт, ешбір хабар болмаса, мына киімді, жеті атты алып еліңе кете бер. Құдай алдында сұраусыз», — деді. «Егер жолым болса, әйел қол бұлғап шақырар, сонда киімімді, атты жинап алып кел».
Ағыбай қарап тұр. Әлібек ортадағы үлкен үйге кірді, бір кезде үлкен үй екі жағына кезек қисайып құлай жаздады. Соның артынан әйел қол бұлғап шақырды. Киімді алып, аттарды ерттеп қосақтатып алты үйге менде жеттім. Әлгі үйге кірсем, бір масахана құрулы тұр, ішінде бір адам дем ала алмай тұр, зорлық-қорлық көрген әйелі ол да дем ала алмай жылап тұр. Мен төр алдына барып отырдым. Әлден уақытта масахана ішінен әлгі жолдас кісім шыға келді. Екі қолы, ауызы қызыл қан, бір құманды алып жуынып, тазаланып келіп отырған соң, жөн сұрасып таныстық. Бұл кісі — қарт Қожақ баласы Әлібек батыр екен. Мен шұбыртпалы Ағыбай едім.
Әлібек әңгімесі. «Қарт Қожақ әкемізден бір ұл, бір қыз едік. Сол қарындасым күйеуге шыққаннан кейін бір ұл туды. Сол жиенім тоғыз жасқа толғаннан кейін ойнап жүрген ауыл балаларын бір салғаннан кейін жанын қалдырмайтын болды. Бұзық болған соң маған жиен ғой деп ұрысып, ұрайын десем, өзіме қарсы тұрып мені өлтіруге айналды. Жиенім айтты: «Сені өлтіріп, қатыныңды алам», — деп тұра бас салды. Содан шошынып қашып шыққан бетім еді. Үйге әйелге ие болып қалған еді. Жиеннен көрген қорлықта жүргенімде, сен Ағыбай, түсімде аян болған едің. Қасиетің сенің кез болғаныңа сондай қуанып қасыма ертіп алдым. Сенің ұрған таяғың менің денеме ешбір білімбеді. Ол жағдай өзіңе мәлім. Сондықтан жау болған жиеннен құтылып, өзім аман қалғаным үшін сізге екі қара күрең атты сыйлап бергенім. Жылы жүзбен, шырайлы сөзбен дос болайық», — деп жолдас болған Ағыбайды сый-сияпатпен аттандырған екен.
Оқуға кеңес береміз:
Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі
Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі