Өлең, жыр, ақындар

Өмірден өнер жасаған

Алматы қаласы, 18 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар кітапханасында жазушы-драматург ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, Дулат Исабековпен кездесу өтті. Әдеби кешке жазушы қаламгерлер студенттер, әкімшілік және БАҚ өкілдері қатысты. Сахна төрінде Дулат Исабековпен қатар жазушы, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеев, жазушы, ғалым, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш, жазушы Бекен Ибраим қонақ болды. Алматы қаласы, Әуезов ауданының әкімі Абзал Қуандықұлы Егембердиев кешті  құттықтау сөзбен ашып, қаламгердің   иығына шапан жауып сый-сияпаттар табыстады. Дәстүрлі әнші, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты Санат Исаев «Гауһартас» әнін шырқады.Кездесу барысында Дулат Исабеков өзінің жазушылық өмірінен сыр шертті. Оқырман жүрегінен орын алған шығармаларының жазылу тарихы мен мазмұны жайында кеңінен әңгіме қозғады. Алғашқы қалам тербеу сәтін, өміріндегі айтулы оқиғалар мен қызықты жайттарды баяндады. Сөз арасында жазушыға оқырман жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, кештің көркін қыздыра түсті. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Жамиля Серкебаева қазақ әндерінен попурри  орындаса,  дәстүрлі әнші Пернебек Мардан халық әндерін шырқады. Кеш соңында кітапхана меңгерушісі Елена Ағайса қатысушыларға алғыс айтып, Дулат ағамызға сый-сияпаттарын тапсырып, құрмет көрсетті. Жалпы алғанда жазушы ағаларымызбен болған кездесу – әзіл қалжыны аралас, есті әңгімеге толы жылы жүздесу болды.

Қалам мен ғалам қос ұғым іспетті. Себебі олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Қаламының ұшына бар ғаламды сыйдыра білген кемел ойлы жазушыға, қазақ әдебиеті кенде емес. Ғаламда әр халықтың ұлттық мақтанышына айналған перзенттері болады. Зымыранша зымырап сан ғасырлар, сан жылдар өтсе де өзінің талантымен таңырқатқан бір туар азаматтарын елі ешқашан ұмытқан емес. Қазақ жұртының қай түкпірінде болмасын есімін ерекше құрмет тұтып, сыйлайтын көрнекті қаламгер, драматург Дулат Исабеков туралы аз кем жазуды жөн көрдік. 
Ешкім де тумысынан бірден өзінің өмір жолын қалап ала қоймаған. Адамның қандай жол мен соқпаққа түсеріне өзі өскен ортасы мен уақыттың әсер етпей қоймайтыны белгілі. Дулат Исабеков соқпағы сонау Арыс даласында басталып, мұхитқа барып құятын сылдыр бұлақ секілді, кең дүниеге сапар тартты. Ақыры Алматы, әдебиет, халық атты телегей теңіздерге келіп қосылды. Әдебиетті халықтың рухани байлығы десек, сол байлықты дүниеге келтірер таланттар халықтың маңдайына біткен ырысы, жарық жұлдыздары деуімізге толық негіз бар. Дулат Исабеков - қазақ халқы мен қазақ әдебиетінің ырысына айналған санаулы суреткерлердің бірі және бірегейі. Жазушы мұндай абырой - атаққа дәуір шындығын өзіне тән қаламгершілік зергерлікпен кестелеген кесек туындылары арқылы ие болды.  

Ғұмыры ұзақ шығарма жазу үшін кеудеңде тумыс пен болмыстан пайда болған шоқ аздық етеді. Сол шоқты қаузап, сөндіріп алмай аялап, алаулатар күш қажет.  Сол қажымас күшті өз шығармаларын тудыруға сарпып, қазақ халқына өшпес рухани мұра сыйлаған Дулат Исабековке шексіз алғысымызды айта отырып, атар таңы мен татар дәмінің таусылмауын тілейміз. 

Нұрбек САҒИДОЛЛАЕВ

Қазақстан Жазушылар кітапханасының қызметкері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Дулат Исабеков

Дулат Исабеков деген кім?

Дулат Исабеков

Нұрбек САҒИДОЛЛАЕВ па авторы?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз