Өлең, жыр, ақындар

«Міржақып. Оян, Қазақ» - үздік тарихи сериал атанды

Ақпарат және Қоғам министрлігінің шешімімен алғаш рет «NAYRYZ» ұлттық сериалдар байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың қорытындысы бойынша «Міржақып. Оян, Қазақ» — үздік тарихи сериал атағын иеленді.

«Міржақып. Оян, Қазақ» тарихи фильмі Міржақып Дулатұлының “Оян, Қазақ” кітабына сілтеме ретінде түсірілген сериал. Сериалды түсіруге біршама уақыт кеткені жасырын емес.

Сериалдың қоюшы режиссері Мұрат Есжан өзінің бір сұхбатында жауап берді.

"— Бұл жоба сәуір айында бекітілді. Сценарийін жазып бастар алдында көп іздендік. Алаштанушы ғалымдармен кездестік және естеліктерді, зерттеулерді, монографияларды, мақалаларды, тергеу материалдарын оқып шықтық. Сценарийін жазуға үш ай, дайындыққа шамамен екі ай, түсірілім жұмыстарына тағы екі айдай уақыт кетті. Қалған бір айда монтажын жасадық. Бас-аяғы 8 ай жұмыс істедік." — деп жауап берді. (Үзінді Túrkístan сайтынан алынды)

Телехикаяның мазмұнына тоқталсақ. Телехикая Алаш қайраткері, белгілі жазушы Міржақып Дулатұлының өмір сүрген кезеңдерін қамтиды. Қазақтың тұңғыш романы “Бақытсыз Жамалдың” жазылуы, сонымен қатар “Оян, Қазақ” кітабының жарыққа шығуы, Ашаршылық жылдарындағы өмірі, қоғамдық-саяси қызметі, сондай-ақ сүйіктісі Ғайнижамал Дулатова екеуінің махаббаты мен күресі, Гүлнар Міржақыпқызының өз әкесін ақтау жолындағы ерен еңбегі баяндалады.

6 бөлімді тарихи туындының актерлік командасына шолу жасайық.

Бас продюсер: Айсәуле Әбілда

Қоюшы-режиссер: Мұрат Есжан

Сценарий авторлары: Мұрат Есжан, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ұшқын Сәйдірахман

Актерлік құрамы, басты рөлдерде:

Міржақып Дулатұлын — актер Бақыт Қажытаев,

оның жұбайы Ғайнижамал Дулатованы — актриса Зарина Кәрмен сомдайды.

Ахмет Байтұрсынұлы образын — актер Байғали Есеналиев,

бала Гүлнарды — актриса Кәусар Рысқұлбек,

Әлихан Бөкейхановты — актер Бауыржан Қаптағай алып шықты.

Көбі Міржақып Дулатұлының “Оян, Қазақ” кітабының мәнін түсіне бермейді. Сондай жандар үшін мен сіздерге «Міржақып. Оян Қазақ» телехикаясын көруге кеңес беремін. 1918-1938 жылдардағы биліктің саясатынан да хабардар еткен бұл сериал менің мәңгі жүрегімде қалмақ!

Бұл сериалды алғаш көргенімде көзіме еріксіз жас алдым. Содан түйгенім, қазақ халқының көрмеген азабы, қиыншылығы жоқ. Міржақып Дулатұлының “Оян, Қазақ” кітабынан алған мына үзінді менің жүрегімнен ойып тұрып орын алды:

“Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, зал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты!”

Қорытындылайтын болсам, Міржақып Дулатұлына түсірілген бұл телехикая тек қана жазушының өмірінен сыр шертпей, қазақ халқының көрген қиыншылықтарынан да хабардар етеді. Сол себепті барлығына осы телехикаяны көруге кеңес беремін!

Авторы: Баянбаева Самал


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Алма

Көргендер бар ма? Қызық па? Қайдан көруге болады?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар