Өлең, жыр, ақындар

Ғаламшарлар (Көрініс)

(Көрініс)

Күн:
- Жер оян! Жан-жануарларыңа айт, менің жарығымнан жылу алып, тіршіліктерін істесін! Күндіз - еңбек үшін, түн - ұйқы үшін берілген! Жер, естідің бе? Қап, мына 149 600 000 км ара қашықтықтың, даусымды естіртпейтінін-ай!

Шолпан:
- Сәлем, Жарық Күн! Жерге сәлеміңді айта барайын?! Өзінен 300 000 есе үлкен ғаламшардың өтінішіне құлақ асар?!

Күн:
- Сәлем Шолпан! Ең ыстық ғаламшар болсаң да, барлық ғаламшарларға қарсы айналып, бір тынбайсың! Тоқтама, сәлемімді жеткіз!

Меркурий:
- Не болды "Шолпан, Шолпан" - деп Күн құрбым? Сенің жаныңда өзіңді ең жылдам айналатын мен емес пе? Жерге сәлем айтатындай,  менен қандай артықшылығы бар еді?

Күн:
- Эх Меркурий! Қызғаншақ құрбым! Сенде атмосфера мен тіршілік болғанда, саған да нұрымды себер едім... Сәулеммен бетіңнен өбер едім?! Өзгені қызғанғанша, жылдамырақ қозғалсаңшы...?!

Меркурий:
- Ай, айтшы? Мен жерден артықпын ғой?

Ай:
- Қойшы, Меркурий! Саған келген жан, тұншығып өледі. Не ауаң, не желің жоқ. Мына мені айтсайшы..? Маған табаны тиген ғарышкерлердің ізі ешқашан өшпейді! Өйткені менде не жел соқпайды,  не жаңбыр жаумайды. Жасым да Күнмен шамалас...

Марс:
- Әй, мақтаншақтар-ай! Мендегідей Эвересттен үш есе биік Олимп Монса деген тауларың болса, ешкімге сәлем бермейді екенсіңдер де? Жердегі салмағы 100 кг тартатын адам менің ғаламшарыма келсе, таразыдағы 38 кг деген өлшемді көріп, бақыттан басы айналар еді... Ал адамдар менің  ғаламшарымда бір тәулікте 24 сағат 39 минyт 35 сeкyнд барын білсе, түгел Марстың тұрғынына айналар еді...

Плутон:
- Марс, айналдырған 39 минут, 35 секундқа сонша мақтандың? Мендегідей Жердегі 1 күн  - 6 күн, 9 сағатқа  тең болса, ханға сәлем  бермейді екенсіңдер де?!

Уран:
- Плутон,  алты күнге бола асып-таспа! Жердегі  1 түн - мендегі 21 жыл. Сондықтан сағаттарың мен күндеріңді санап күлкімді келтірмеңдерші...

Нептун:
- Уран, 21 жыл деген не тәйірі..?! Мен Нептун күнді 165 жылда бір айналамын емес пе?

Сатурн:
- Ау, ғаламшарлар! Аспан әлемінде жарқырап, айналамды нұрға бөлеген Сатурн болсам да, мен тек Жерге қызығамын! Өйткені Жерде тіршілік бар. Адамдар бар.  Жан-жануарлар бар. Сондықтан ортаға Жер-Ананы шақырайық?! Жердегі көп артықшылық, ешқайсымызда жоқ! Бәрімізге басшы, ақылшы Жер болсын! Не дейсіздер?

Нептун:
- Жөн сөз! Сатурнға қосыламын! Жер-Ана, қайдасыз?

Жер (Жүріп келе жатып):
- Ғаламшарлар, ғаламшарлар!
"Кім мықты?"- деп дауласпаңдар!
Әр қайсыңның өз орның бар,
Әр қайсыңның қызметің бар.
Болмай қалсаң егер бірің,
Болар ма еді тіршілігім?
Күн деген ол - жарық нұрым,
Ай деген ол - аппақ түнім.
Ал жұлдыздар жылтыраған,
Түнгі аспанның шымылдығы.
Сендер барда - тіршілік бар,
Көк жүзінің кемелері. 
Салғыласып, айтыспалық,
Тектен-текке тартыспалық! 
Қызмет етіп адамзатқа,
Тоқтамастан қозғалайық! 
Тоқтамастан қозғалайық! 

(Барлығы Күнді айналып сахнадан шығып кетеді.)

Г.Қасенбай 
23.02.2024


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер