Өлең, жыр, ақындар

Қызыл Кітап: Ілбіс

Ілбіс (Panthera uncia) – Орталық Азия мен Оңтүстік Азияның тауларында мекендейтін, еліміздегі ең ірі мысық тұқымдас аң. Дүниежүзі және Қазақстан фаунасындағы леопард туыстасына жататын бірден-бір өкілі. Еліміздің «Қызыл кітабына» ІІІ санат бойынша енген. Алайда жыл сайын ареалы қысқарып, саны азаюына байланысты соңғы жарық көрген 2010 жылғы кітапта екінші санатқа көшіру керектігі жазылған.

Ал Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «Қызыл кітабында» ілбіс жойылып кету қаупі төніп тұрған «осал топ» санатында тұр.

Барыс кездесетін он екі елмен ынтымақтастықта тау мысығын қорғау және зерттеумен айналысатын Snow Leopard Trust (SLT) жобасының соңғы деректеріне сәйкес тұмса табиғатта бар болғаны 3920-6390 ілбіс қалған. Ал Қазақстандағы нақты саны туралы сенімді мәлімет жоқ. Өйткені тауда тіршілік ететін тағыны санау өте қиын.

Ілбіс таңда және кеш батқанда белсенді болады. Көбіне жалғыз жортады. Тек жұптасу кезеңінде еркек-ұрғашысы бірге көрінуі мүмкін. Жыныстық жағынан 2 жасында жетіледі, жылына екі рет балалайды. Таутаны аландарын жалғыз өсіреді.

Ілбістер басқа мысықтарға тән әртүрлі дыбыстар шығарады: мияулайды, пырылдайды, ысылдайды. Бірақ тамақ құрылысының ерекшелігіне байланысты жолбарыстар секілді гүжілдей алмайды.

Бойының ұзындығы 55-65 см-ге, ал денесінің ұзындығы 90-115 см-ге дейін жетеді. Ол басқа барыс түрлерінен өзінің қалың түкті, ұзын (100 см-дей) құйрығымен ерекшеленеді. Бұндай құйрық ілбіске тез жүгіргенде, тастан-тасқа секіргенде тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Оның терісі, физиологиялық ерекшеліктері мекен ететін ортасына бейімделген. Мысалы, жалпақ табаны қарлы шыңдарда қақаған боранда тайып кетпей, еркін жүгіруге мүмкіндік береді. Түгінің түсі ақшыл сұр, қара теңбіл дақтары болады. Бұл ілбістің тіршілік ортасына бейімделген бүркеніш рең екендігіне дәлел бола алады. Артқы аяқтары алдыңғы аяқтарынан ұзынырақ болып келеді, соның арқасында барыстар бірден 10 метр биіктікке секіре алады. 

Бұл тартымды әрі әдемі хайуан әдетте теңіз деңгейінен 540 метрден 5000 метрге дейінгі биіктікте жалғыз жарым тіршілік етеді. Жазда тек құзар шыңдарда, шағыл жартастарда мекендесе, қыста жемтігі – тұяқты жануарлар тау етектеріне қарай түскенде, барыстар да сол маңға қарай қоныс аударады. Негізгі азығы – таутеке, елік, қабан, марал, арқар, қоян, шақылдақ, ұлар мен кекіліктер.

Тұмса табиғаттан 10-12 жыл, тыс, хайуанаттар бағында 20 жылдай тіршілік етеді, жақсы көбейеді.

Негізгі тіршілік ортасы –  Орталық Азия және Оңтүстік Сібір таулары. Қазақстанда Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Алтай тауларында кездеседі. Қаратауда (Сырдария) ХХ ғ. 40-жылдары жойылып кеткен. Елімізде Ақсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл, Батыс Алтай қорықтарында, Сайрамөгем, Іле-Алатау, Қатонқарағай ұлттық парктерінде және бірқатар қорықшаларда қорғауға алынған.

Басқа аймақтарға қарағанда Алматы қорығында жиірек кездеседі. Іле Алатауда 30-35, Теріскей Алатауда  2-3, Кетпенде  2-3 барыс тіршілік етеді. ХХ ғ. 60-80 жылдары Күнгей Алатауда ізі жиі кездесетін. Сол жылдары Жоңғар Алатауда 50 барыс тіршілік етті. ХХ ғ. 70-80 жылдары Қазақстанда барлығы 180-200-дей барыс бар екендігі анықталды, ал 2010 жылы бұл сан 120-130-ға дейін қысқарғаны белгілі болды. Ал кейінгі жылдары әртүрлі деректерде елде 140-150, тіпті 180-200 барыс бар екені жазылып жүр.

Фото: Салтөре Сапарбаев

Дерек: nationalgeographic

Назар аудар:

Қызыл кітапқа енген жануарлар (омыртқалылар)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар