Өлең, жыр, ақындар

Қазақ Ұлттық университетінің жетістіктері

Ұлттық ғылым мен білімнің бәйгесінде топ жарып, әлемдік аренадағы университеттермен терезені тең ұстау тұрғысында жаһанданып жатқан алдыңғы қатарлы білім ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Бастауын сонау 1934 жылдан алып, күні бүгінге дейін білім сапасымен еліміздің санмыңдаған болашақ мемелекет қызметкерлерін даярлауда сүбелі үлес қосып келе жатыр. 90 жыл бойына тарихи тамырын тереңге жайып, іргетасын нық қалаған қара шаңырақта – 16 факультет 180 мамандық жүйесі іске қосылған.

Университеттің мақсаты – қоғамдағы прогрессивті экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістердің локомотиві болу; отандық және Еуразиялық еңбек нарықтары үшін олардың сұраныстарымен ел мен өңірді дамыту перспективаларына сәйкес кадрлық әлеуетті қалыптастыру; университет ғалымдарының ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін коммерцияландыру арқылы елдің тіршілік әрекетінің барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізуге ықпал ету; ұлттың білім алуын, оның зияткерлік, мәдени, адамгершілік әлеуетін арттыруды қамтамасыз ету.

Білім ордасы  –  зияткер, бәсекеге қабілетті және мәдени дамыған жастар үшін мүмкіншіліктердің мекені, келешектің бастау болар бұлағы. Университет қабырғасынан тәлім алып, туған жерге қызмет еткен ірі тұлғалар – Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев , Олжас Сүлейменов сынды  көптеген зиялы топ өкілдері ҚазҰУ-дың  мақтан тұтар шәкірттері.Қазіргі уақытта білім ұясынан түлеп ұшқан түлектер әр салада өз алған тағылымдарын ел игілігіне жұмсауда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ті кәсіби білім беру барысында толағай жетістіктерге жетіп, көптің қошеметіне бөленген, халық сенген көшбасшы университет. Мәселен, Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары баға алып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» жоғары марапатына ие болды. ҚазҰУ – «Бес жұлдыз» марапатына ие болған Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. Сондай-ақ, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша QS World University Rankings (QS World University Rankings EECA 2020) рейтингінде ҚазҰУ 16-орынды иеленді. Британдық "Times Higher Education" агенттігінің зерттеу нәтижелері бойынша ҚазҰУ 1001-1200 позициясын сақтап қалды, Asia University Rankings рейтингінде 401-500 - орын, THE Emerging Economies rankings-351-400-орын, the Impact Rankings рейтингінде-801-1000 орынды иеленді.

Шәкірттің қажетті ілімді бойына жиюы үшін университет беделі мен мүмкіншіліктерінен бөлек, оқытушылардың да берер тағылымы өте маңызы жоғары іс. ҚазҰУ білім беру саласында үздік мұғалімдердің санатын қамтыған және олардың жұмыс тәжірибесінде сапалы қызмет етуіне бірлесе әрекет етеді. Оның дәлелі,  ҚР жоғары оқу орындарының сұранысқа ие ұлттық рейтингіне енген 135 оқытушының жартысынан астамын ҚазҰУ қызметкерлері құрайды. Университетте екі мыңнан астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді, соның ішінде 1000-нан астам ғылым докторы мен кандидаты, 100 академик пен елу философия докторы бар.

Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің жапсырмасыз ашықтығы, білім алушылардың академиялық ілкімділігі, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Университеттің жаңа даму кезеңінде әл–Фараби атындағы ҚазҰУ–дың жаңа Академиялық саясаты іске асырылды, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет жүйесі жолға қойылды.

Университет Қазақстан ЖОО басты рейтингісі бойынша көшбасшы, мемлекетіміздің тарихында бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты, ТМД-ның «Қызметтер мен өнім сапасы саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының дипломанты атанды.

Жастардың даму жолында аянбай уақытын сарп етіп, шетелдік университтермен үнемі байланысып,  білім алушылар үшін қажетті жағдайды жасауда аяқ тартпайтын университет. Білім алушы болып қабылданған сәттен бастап, межеге жетіп, оқуды тәмамдағаннан кейінгі кезеңде де жұмыспен қамту шараларын сәтті жүзеге асырушы.

Тарихы тереңде жатқан білім ордасының қызметтегі үздіктілігі мен  90 жылда шыққан биіктерін  саралау үшін бір мақала арнау жеткіліксіз.

ҚазҰУ-ға тек университет деп емес, өмір мектебі деп қарау маңызды. Себебі, тек білім алуды ғана көздеп қоймай, адами құндылықтарды ашу үшін түрлі ұлт-өкілдерімен, қатарластарыңмен коммуникацияда болу, білгеніңді бөлісіп, білмегеніңді үйрену, мұның барлығы – тегін берілген мүмкіндік. Осындай Қазақстанның бетке ұстар, үлгі тұтар білім ордасына шәкірт болып қабылдану мен үшін – асқан мәртебе. Озық ойлы ұстаздардан алған 4 жылдық білімім мен, тұлға болып қалыптасу жолындағы көрген үлгі-өнегем келешекте өзіме азық болатынына кәміл сенімдімін.

Менің университетім – кәсіби болашағымның іргетасы!

www.kaznu.kz
Автор: Нуртаева Е.Н
Практика жетекшісі: Әлтаева Н.C


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз