Өлең, жыр, ақындар

Қазақтан шыққан тұңғыш әйел дәрігер

Тарихымызда аты аталмаған, еңбектері бүгінгі күнге дейін жетіп үлгермеген тұлғаларамыз қаншама. Дегенмен, заманауи тарихи ізденістер кей тұлғалардың есімдерін тауып, тарихымыздың тарам – тарам беттерін ашып жатыр. Жақында ғана «Тик – ток» желісінен бір тарихи тұлға туралы бейнематериал көріп қалдым. Ол қазақтың тұңғыш әйел – дәрігері, ағартушы, оқытушы - Гүлсім Асфендиярова. 

Гүлсім Асфендиярова - қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы дәрігер. Ол есімі белгілі Санжар Асфендияровтың туған әпкесі. «Тектіден текті туады» демекші, Гүлсім Асфендиярова хан – сұлтандардың асыл әулетінен шыққан. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы Әбілқайыр ханның ұрпақтарынан тараса, анасы Гүландам Қошқарбайқызы Абылай ханның ұрпағы. 1880 жылы 12 қараша күні Шымкент қаласында дүниеге келген. Асфендияровтар әулетінде дәрігерлер көп еді. Гүлсім апамыз да дәрігерлік жолды жалғап, келешекте дәрігер болуды мақсат еткен. Ташкент қыздар гимназиясында оқып, 1899 жылы гимназияны үздік аяқтап, армандаған маман иесі болуға асығады. Гүлсім Сейітжапарқызының білімінің мол болғаны сонша, қазақ қыздары ішінен Петербуртегі әйелдер медицианалық институтына оқуға түседі. Бай – бақуатты саяси шенеуніктердің қыздары түсе алмаған оқу орнына қазақтың жалғыз қызы Гүлсім Асфендиярова түседі. 1902 жылы сол институттың стипендиясына Гүлсім апамыз бен Зайнаб Абдурахманова ілініп, оқуда озат болып көзге түседі. 1908 жылдың 21 – мамырында Гүлсім Сейітжапарқызы дәрігер дипломын алып, асқақ мақсатына қол жеткізеді. Асфендияровтар әулеті тағы да бір дәрігермен толығып, мерейленді. Гүлсім Асфендиярова өзінің қызметтік жолын Шымкент уезіне қарасты Темірлан аулына ауылдық – учаскелік дәрігер ретінде бастады. Ауылдық – учаскелік дәрігер болып , адал қызмет еткен жылдары оны «бірінші әйел дәрігер» деген атақпен ардақтаған. 1913 жылы ол Хиуа ауруханасында әйелдер бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарған. Ол алғаш рет кесір тілігін жасап, ана мен баланың жанын аман сақтап қалады. Қазақ медицинасында «кесір тілігі» ұғымы алғаш рет Гүлсім апамыздың жаңашылдығының арқасында қолданысқа енді. Білгенін өзгелерге де үйретуді жөн санап, 1920 жылы « Әйелдердің акушерлік курстарын» ұйымдастырды. Гүлсім Асфендиярова саналы ғұмырын халқына адал қызмет етуге, медицинада өзінің өшпес ізін қалдыруға арнады. Ол ақ ниетті дәрігер, жанашыр әпке, мейірбан ұстаз болды. Қазақ халқының дидары ашық қыздарының да асқан білімді, қолынан небір – небір іс келетінін дәлелдеген осы – Гүлсім Асфендиярова. Гүлсім апамыздың еңбектері өкінішке орай, Өзбекстан мұрағаттарында сақталған. Десе де, қазақ тарихында медицина ғылымына жаңа леп, жаңа бағыт әкелген Гүлсім анамыздың ұлық еңбегі еш ұмытылмақ емес!

Садық Медина


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз