Өлең, жыр, ақындар

Мамандығым «әлеуметтік қызметкер»

Жалпы әлеуметтік жұмыс мамандығын мектепке жүрген кезімнен қызығып, ізденген болатынмын. Қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету, қолдау мен қорғау біздің азаматтық міндетіміз деп санаймын.

«Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасына түскеннен кейін мамандықтың маңыздылығын тереңірек түсіне бастадым. Оқуға түскенге дейін әлеуметтік жұмыс ол әлсіз топтарға көмек көрсету ғана деп келсем, қазіргі уақытта қоғамның әлеуметтік саласын қалыптастыруға ықпал өте үлкен екенін білдім.

Мамандық туралы білімімді толықтыру мен нығайтуға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің www.kaznu.kz философия және саясаттану факультеті, әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамының үлесі зор. Кафедра меңгерушісі Гульмира Сериковна, оқу ісі бойынша орынбасары Индира Сарыбайқызы, кураторымыз Асель Бериковна және тағы да көптеген оқытушылардан білім мен тәлім алудамыз. Кафедра оқытушылары студенттерді әртүрлі студенттік ғылыми байқауларға, олимпиадаларға қатысуларына ықпал етеді. Мұндай ғылыми жұмыстар мен жобаларға қатысу арқылы өзіміздің біліктілігімізді толықтырып, дағдыларымызды қалыптастырамыз.

Қазіргі уақытта дипломдық жұмысымның тақырыбы «Күндізгі күтім орталықтарындағы қарттарға көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлері». Аталған тақырып қазіргі қоғамда өте өзекті болып отыр. Себебі, нарықтық қоғамда барлық адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтиды немесе мемлекеттік, жеке мекемелерде таңнан кешке дейін жұмыс жасайды. Ал, қарт ата-аналарына қарайтын адам, олармен әңгімелесетін, денсаулығына күтім жасайтын, серуендеуге, қыдыруға апаратын адам жоқ.

Бұл, меніңше XXI ғасыр мәселесі, себебі ата-бабаларымдың отбасыларында мұндай мәселе болған жоқ. Ол кезеңде кеңейтілген отбасылар болады, әйел адамдар бала тәрбиесімен айналысып отбасының иесі болды. Сонымен қатар, әрбір отбасыларда бала саны көп болды, бұл да қарт ата-ананы қараусыз немесе жұмыссыз қалдырған жоқ. Өзара сабақтастық орын алған болатын. Алайда қоғам дамыған сайын, адамдардың қажеттілігі өзгерді, әйел адамдар мен ер адамдардың теңдік мәселесі көтерілді. Екінші жағынан, нарықтың талабына сай отбасының барлық мүшесі бірдей жұмыс жасауға мәжбүр. Сондықтан да, қазіргі таңда қарт адамдарға арналған күндізгі күтім орталығы өте қажет орталықтардың бірі. Ол орталықтарда біздің қарт ата-аналарымыз күні бойын дәрігердің қарауында болады, өзімен қатарлас адамдармен қарым-қатынас құрады. Одан бөлек орталық қарттарға арналған әртүрлі бос уақытын тиімді өткізуге қатысты іс-шаралар ұйымдастырады. Мұндай орталықтар қарттардың физикалық және психологиялық көңіл-күйіне жағымды әсер етіп, олардың өмір деген құүлшынысы мен талпынысын арттырады.

Яғни, мен өз ғылыми жұмысым арқылы қоғамдағы қарт адамдарға, сонымен бірге олардың балаларына көмек көрсетуге болатынын түсіндім. Бұл ғылыми жұмыс арқылы аталған мәселені қоғамдық деңгейде зерттеп, көптеген қиындықтар мен болуы мүмкін зардаптардың алдын алуға болады деп ойлаймын.

Қорытындылай келе, «әлеуметтік жұмыс» қоғам дәрігері дегенге тағы да көзім жетті. «Әлеуметтік жұмыс» мамандығына оқуға түсу арқылы тек өзіңізге ғана емес қоғамның дамуына үлкен үлес қосасыз.

Болашақ студент, сіздерді Қазақ Ұлттық университетінің www.kaznu.kz философия және саясаттану факультеті, әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының «6В11401-Әлеуметтік жұмыс» мамандығына оқуға түсуге шақырамын.

6В11401-Әлеуметтік жұмыс мамандығының 4 курс студенті Әбдіғаниев Ернар

Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жөніндегі орынбасары Сарыбаева Индира Сарыбайқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Индира Сарыбаева

Мына мақаладағы сілтеме неге белсенді емес болып тұр. салынғанда белсенді сілтеме салынған боатын

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар