Өлең, жыр, ақындар

Сұлтан Сыдық төренің тарихы

Абылай қазақ ханы тарихта белгілі Абылай, үш жүздің баласының басын қосып, өз алдына ел-жұрт болмақ пікірінде қазақ ар-намысын жыртып, ақтабан шұбырындыда қалмақтар қолына өткен қазақтың өріс қонысын қайтару қамына кіріскен.

Бірінші мақсаты — өріс, қонысты қайтармақ. Екінші — бар- лық қазақты бытыратпай бас қосып ел-жұрт қылмақ болған. Сол мақсатпен қалмақтың соңына түсіп қазақтың қонысын қайтарып, қазақтың ежелгі дұшпаны болған қалмақты бір- жолата бас көтерместей қылған. Сөйтіп, бірінші мақсатын бітіргендей өзінің де өмірі ада болып, жетпіс жаста 1781 жылы Арыс өзенінің бойында Шымкент қаласынан жиырма бес шақырым «Хан қорғаны» деген жерде дүниеден қайтқан.

Абылай дүниеден қайтқан соң, орыс өкіметі қазақты қыса бастап, Көкшетау сияқты қазақтың орталық бөлік жеріне қала салған. Сөйтіп, қазақты патша өкіметі құлдыққа айналдыра бастаған соң, Абылайдың Қалмақ қатынының баласы Қасым бұл қорлыққа шыдамай, Абылайдың өмірі жетіп істей алмай кеткен екінші мақсатына кірісіп, Қоқан ханнан жәрдем алмақ болып, Есенгелді, Саржан деген балаларын Әулиеатаға жіберіп, өзі Түркістанға келген. Бұл уақытта ұлы жүздің бірқатары Қоқанға қол басып тұрған кезі еді, сондықтан қазақтарды бізден ажыратып әкетеді деп Есенгелді мен Саржанды Әулиеатада өлтірген. Қасымның өзіне у беріп қонақта өлтірген. Қасымның оқуда жүрген кіші баласы Кенесарыны ұстап алып зынданға салған. Кенесары Қоқанның зынданынан шығып, ата жолын қуып қазақтың баласын құлдықтан құтқару жолында жүріп, 1847 жылы қырғыздар қолында опат тапқан.

Кенесары өлген соң қалған жас балалары өздеріне қарасты ең жас әйелімен бірнеше жыл Сарысу бойын отан қылғызған. Балалары өсіп, оң-солын танитын болған соң, Сарысуда жинап кеңес қылған. Бұл кеңесте жас төрелер қанша дегенмен мұсылман ғой: «Қоқанның жәрдеміне барайық, екі жақтап қысып жатқан мұсылман елін орыс патшасының құлдығынан құтқару үшін қылыш шабайық», — деп, қасына жүздей жігіт алып, Әулиеатада тұрған Қоқан әскеріне келген. Әскербасы төрелерді хош алып: «Алматыдағы жатқан орыс әскерімен ұрысуға барамыз. Сіздер қазақ ханзадасысыздар, сондықтан барлық қазақ әскерін сендер бастап жүріңдер», — деп бұларды ертіп аттанған. Мерке, Қарабалтадан өтерде төрелерге: «Сіздер қазақ ел жағдайын, жер жағдайын жақсы білесіздер, барлық қазақ датқалары мен әскерін ертіп ілгері барып орыстан хабар алып келіңдер, мен көп әскермен арттарыңнан жүреміз», — деген. Бұған төрелер «жақсы, болады» деп барлық датқаларды қазақ әскерімен ертіп, Алматыға қарай жүре берген. ұзынағаш деген жерге келгенде, қарт датқаларды көп қосынмен соңына қалдырып, төрелер өздері елден келген жүз шамалы жігіттерін ертіп, Алматыдан бір хабар алып келейік деп ілгері жүрген. ол уақытта орыстар Алматыны алып,  жаңадан  орналасып қала салып жатқан кезі еді. Малын жайып қойып, өздері там тас салып, еш нәрседен бейхабар жатқан орысқа келіп тиіп, бірнешесін өлтіріп, бірнешесін тұтқынға алып, қанша малын қуып олжалап, кейінде қалған датқаларға келген. Бұл іске қазақ қуаныш қылып, Қоқан әскербасына тарту қыламыз деп өлген орыстардың бастарын түйеге артып, тұтқындарды малымен алып кейін қайтқан. Қоқан әскерінен ажыраған жерге келсе, әскер жоқ. Жергілікті елден сұрастырса, төрелерді қазақтармен ілгері жібере салып, Әмірлашкар барлық қосынын алып, кейін қайтып кеткен. «Қарабалта, Меркеде бізді күтіп жатқан шығар» деп, Қарабалта, Меркеге келсе, онда да тоқтамай Әулиеатаға кеткен. Артынан Әулиеатаға келсе, мұнда да тоқтамастан Ташкентке қарай жүріп кеткен. Әмірлашкардың төрелерді қазақтар мен орысқа алдап жұмсап жібергені әйгілі анықталған. Қоқан үкіметінен кеулі қалып, датқалармен қош айтысып, төрелер Сарысуға — еліне қайтқан.

Қоқанның Қасымға, Кенесарыға қылғандары есіне түсіп, өздерін алдағанын көріп, Қоқанның бұларға ел болмастығына көздері жеткен. Ежелгі дұшпаны орыс болса, ол күнде екі жақтапбірі күншығыстан, бірі күнбатыстан шығып Түркістанға ат қойған. Ортада аз елмен Кененің жас балалары қалған. Кіші жүздің жақсылары төрелермен орысқа күнбатысқа басшылық еткен. Ұлы жүздің Аққойлы, Құдайберген датқа сияқты шонжары орыстың күншығыс әскерінің шылауында болған/майор шен алған/. Аз елімен ортада қалған төрелер «қайтсек елімізді, қатын, баланы аман алып қаламыз?» деген пікірге келіп, елінің қарияларын жинап, кеңес қылып, орысқа елші жібермекші болып, Сыдықтың кіші інісі Жәкей төрені елші қылып, қасына он-он бес жігіт қосып, Ақмешітте тұрған орыс әскербасы- на жіберген. Жәкей төрені орыстар қарсы алып, күтіп: «Бізге келсеңдер, ел-жұрт, мал бастарыңа аман береміз, өздеріңді қызметке аламыз», — деп астына ат, үстіне тон кигізіп, беліне қылыш байлап қайтарған. Қолына әскербасы мөр басып, сол әскердегі орта жүз, Кіші жүздің барлық ақсақалдары, төрелері мөрін басып хат берген. Жәкей елшіліктен қайтқан соң, ел басшыларын қайта жинап, тағы маслихат құрған. орыс өкіметі елге аман барып оған Кіші жүз бен орта жүздің жақсылары күлкі қылып отырған соң, бастығы Сыздық болып барлық төрелер елімен орысқа бармақты мақұл көреді. Ел жиналып жүруге даярланғанда, Сыдық мынадай пікір қозғайды:

«Ел-жұрт болған жеріңе түгел барыңдар. Мен әлі де болса мұсылманның қылышын шауып көрейін, сендер түгел барсаңдар, бір мені жоқтай қоймас. Мұсылманға Құдай абырой беріп, орысты қайтара қалса, мен сендерді аман алып қалуға жарармын. Егер абыройды орыс алса, жалғыз менімен ел кемімес те, артпас та. «Дұшпанның сыртында болғанша ішінде бол» деген, сендер барыңдар деп өзі Қоқан қолына қосылып, орысқа қарсы шықпақ болған. Сыдықтың мұсылман жәрдеміне бармақ болып, Сыдық елді жинап қоштасып, Қоқанға жүруге дайындала отырып, алдына бір шара қымыз алып кесеге құйып: «Әркім де менімен бірге баратын болса, қолымнан келіп қымыз ішсін де, далаға шығып ат ерттесін», — деген. Сонда жігерлі батыр жігіттерден қырық жігіт келіп, қолынан қымыз ішіп, баратын болған. Ақырында «Біз де сіз өлген жерде өлеміз», — деп екі қатыны келіп, қымыз ішіп, бұлар да жүрмек болған. Сөйтіп, Сыдық қырық жігіттерін қасына ертіп, Түркістандағы Қоқанның әскеріне қосылған.

Оқуға кеңес береміз:

Сұлтан Сыдық төренің тарихы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз