Ол бала кезінде үй шаруасына икемсіздеу болса керек. Әкесі Ақай: «Үй жұмысына қарамайсың, икемсізсің», — деп еншісіне бір ат беріп, «өз күніңді өзің көр», — деп үйден шығарып жіберіпті. Жалғыз атпен құладүзді кезіп жүріп, айдалада оңаша тігілген қараша үйге кезігіп кірсе, керегеде бір адам байлаулы тұрады. Оны есі ауысқандықтан осылай еткен екен. Ақтан келісімен жаңағы адамның есі кіріп, аурудан айыға бастайды. Бара-бара құлан таза жазылып кетеді.
Бұл әңгіме жұртшылыққа тарап, абыройын арттырып, ел құрметіне бөлейді. Ақтанның шешесінің жүкті кезінде шырақ жағып жүргенін көрген атасы әруақты Ақпан батыр: «Мына іштегі тегін бала емес, киелі бала екен. Әулиелік кереметі бір бөлек. Бүкіл әлім руының намысын қорғайтын батыр болар, бірақ мен бұл баланы көре алмаспын. Әруақ қолдасын, менің жолымды берсін!» — деп батасын берген болатын қартайған шағында. Сөйтіп, мінген атының ерінің үстіндегі боз көпшігін «балаға табыс етерсіңдер», — деп қалдырған екен. Әкесі осы бала дүниеге келгенде «атасының батасы дарысын» деген оймен азан шақырып Ақтан деп ат қойған еді.
Ақай халықты жинап, ата-бабаларына құран оқытып, Ақтанға үлкендердің батасын алып беріп, көпшіліктің алдында Ақпан атасының боз көпшігін табыс етеді. Сонымен есімі бүкіл қаракесек руына ұран болған әулие Ақпан батырдың батасы дарыған Ақтанға қысылған сәттерде ойнақшып шыға келетін киелі бұлты осы атасынан қоныпты.
Ақтан батырдың кескін-кейпі қыр мұрынды, қалың қабақты, өткір көзді, бидай өңді, жуан мойын, жаурынды, бура сан, бойы ортадан жоғары, айбатты адам екен. Мінезі: досына мейірімді, дұшпанына қатал, халқына адал, еліне сыйлы адам болған. Қайраты: мұз бел, білекті, қарсыласына дес бермейтін, қара күшке де мықты болған. Кереметі: жауға шапқанда бет-әлпеті сұстанып, көзі қызарып, жауына таудай болып көрініп, қарсыласының зәре-құты қалмай қаша бастайды екен. оның үстіне Ақтанның төбесінде қазандай бұлт ойнап, жауына жақындағанда жаңбыр жауып, жауын састырады. Жауын жеңіп қайтқанда, ақ бұлт жоғалып көрінбей кетеді. Мұны халық көріп сенген. Ел аузында әлі бүгінге дейін «Ақтанның бұлты» аңыз-әңгімеге айналған.
Ақтан батыр қоқан, хиуа хандарының қазақ халқына жасаған озбырлығына, зорлық-зомбылығына қарсы күрескен. Жанқожа батыр ел басына қиыншылық келіп, халқы ақырет азар көргенде, амалсыздан атқа қонып, жауға шабар күн туғанда, алғашқыларының бірі етіп Ақтанға хабар беретін болған. Ақтан батыр келісімен Жанқожа:
«Ақтан келді қасыма, ақ күн туды басыма», — дейді екен. Сөйтіп, жауына аттана беретін болған. Созақ қамалын, Қожанияз бекінісін аларда, Ақсуат шайқасында Ақтан батыр ерекше ерлік көрсеткен екен.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі