Нысана көздеуден жеңіліп, ұтылып қалған төлеңгіттер қайтсек те кек қайтарамыз деген есеппен батырға екінші рет келіп: «Енді жырау айтып тамашалайық», — деп өтініш айтады. Оған батыр:
— Ханыңа барып айт, құтырмасын. Еріккенді қойсын. Жыраудың басы — дау, аяғы — жау деген. Екі жырау айтысса, екі елдің айыбы мен мінін айтады. Сонда жау болмағанда несі қалады, сондықтан жырауды қойсын! — дейді.
Бірақ қашаннан кек сақтап қатып қалатын төлеңгіттер кешегі қол оғының кегін қайтару үшін ақыры екі жырауды айтысуға шығарады. Батыр өзінің жырауы Төремұратты оңаша шығарып алып:
— Айтысқан кезіңде анау хан еді ғой деп айтатын сөзіңді тынып айтпай қалып жүрме. Егер өйтсең, сені ханнан бұрын өзім өлтіремін, білдің бе?! Мырзалыққа келсе, ол менің жарамазаншыма ат бергенде, мен оныкіне түйе бердім. Батырлыққа келсе, Созақты айт. оны алған мен. Асырып айттың деп Кенесары мен тұрғанда сенің басыңды алмайды, — дейді.
Төремұратқа осыны айтып болды да, батыр алпыс адамымен ордаға кірді. Соңын ала кірген Төремұрат та тиісті орнына отырып, домбырасының құлағын келтірді.
«Тәуекел, не де болса бұрын сөйлеп жүрегімді басып алайын», — деп Төремұрат өлеңді ағызып кеп жібереді. Қашаннан өлең десе ұйқысын қоятын өлеңқұмар қазақ сілтідей тынып, Төремұратқа қарап қалады. Төкең өлеңді былайша бастайды:
— Қауық Алла, Қауық ақ,
Алла да ақ, мен де ақ.
Көтере гөр дүйім ақ,
Көтермесең, халым шақ.
Анау — орта жүздің жырауы,
Мен — Кіші жүздің жырауы.
Екеуміз де ат қостық,
Шабамыз енді шынымен-ақ.
Бір киіздің үстінде
Біз Құдайды жағалап,
Екі жүздің адамы
Бірімен бірі жанасса,
Екі батыр бас қосып,
Арлы жерде таласса,
Жеңбей қоймас біздің бақ!
Аты — Сайын атанған,
Сенің атың — Доғалақ!
Ханды жүрсің сағалап,
Құдай ондай бақ берсе,
Кетемін сені қуалап, —
деп Төкең тоқтаған соң, кезекті Доғалақ алып екі жырау алма-кезек айтыса береді. Екі жақтың кемшілігі мен міні қалмастан айтылады.
Айтыс ұзаған сайын жарауы түскен жүйріктей Төремұрат үздік алда келеді. Әрі-беріден соң Доғалақ не айтарын білмей сасып, мүдіріп қала береді. Сол кезде терісіне сыймай отырған Кене хан Доғалақты ордадан қуып жібереді де, айтысты тоқтатады.
Кегі ішінде қалған төрелер өз-өздері ойласып, қонақтарды ертеңіне қайтаратын болады. Осыны байқаған Жанқожа батырларына былай деп ескертеді: «Ертең Кенесары бізге қайтуға ұлықсатын береді. Хан тұқымына сенім жоқ. Оның елдігінен жаулығы басым. Ханнан ұлықсат алып шыққан соң бұлар да барлық әскерімен бізге құрмет көрсеткен болып түстік жерге дейін шығарып салады. Сонда бұлар бізді батыс бетке алып, өздері шығыс бетпен жүрер. Нағыз айырылысар жерге келген соң, олар келген іздерімен қайтса ел болғаны. Ал, егер бірінің бас киімін бірі алып, алдымызды орай бірін-бірі қуып қайтса, онда жау болғаны. Артыңнан келіп тиеді. Қолынан келсе, аямайды. Соған қарсы сендер де дайындалып жүріңдер», — дейді. Ертеңіне Кене хан қонақтарына райлы түрде рұқсатын берді. Бұлар ауылдан аттанып шыға бергенде, олар да барлық әскерімен бұлардың соңын ала шығыс бетімен аттанады. Жанқожа бастаған алты жүз әскер, Кенехан бастаған мың әскер жер бетін ақ шаңға айналдырады.
«Өздерің тиіссеңдер, оңдырмаймыз» дегендей Жанқожалар жалтақтамай тура тартты. Ал, хан қайымын тауып қақтығысудың ретін таппай, ренжіп келеді.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі