«Жау жақынымнан шықты. Енді бұлардың көзіне түспей-ақ қояйын», — деп Жанқожа ағайын-тумаларына өкпелеп Бұқара тауына көшеді. онда Ерлер тауына барып, оның басына шығады. Бұқар әмірінің қабылдауында болып, оның құрметті қонағы ретінде сый-сияпатын көреді. Одан соң Хорезмнің орталығы — Үргеніште болып біраз аялдайды. Кейін Хиуаға көшіп барады. Хиуаның ханымен ашық сөйлеседі. Ол Жанқожаның барлық өтінішін орындауға келісім береді. Бірақ батыр ол жердегі халықтың шықай киген ізін көріп: «Бүрік табан екен. Шаңдағы шыққан лай топырақта шіркіннің ілгері бара жатқаны мен кейін кеткенін білу қиын болар. Адамдарының уәдесі жоқ шығар. Бұдан көмек алып болмас», — деп кейін қайтады.
Сол қайтып келе жатқан сапарында жолда бір үйге соғып, «хабарлас» деп дауыстайды. Үйден он алты-он жеті жасар қыз шығып:
— Ата, үйге түсіңіз, дәм ауыз тиіп шығыңыз, қуыс үйден құр шықпа деген, — деп ишарат жасайды. Батыр атынан түсіп, үйге кіргенде, қыз да шайын дайындап, дастарханын жая бастайды. Шайын құйып отырып қыз батырға көзінің қиығымен қарап, миығын тартып күледі. Оны аңғарып қалған батыр:
— Шырағым, неге күлдің? Күлетіндей оғаш ісіміз болды ма? — дейді. Қыз сонда тұрып:
— Жоқ, ата, біздің ауылда ас, той болады. Ондай сіздің елде де болатын шығар. Сол ас пен тойға ауылдың адамдары ат жаратады. Жаратқан аттардың құйрық-жалын өріп, үкілейді, қызыл, сары және көк шүберек тағып ажарлайды. Сосын жүйрігін бәйгеге қосады. Сол сияқты сізде сақалыңызды өріп шүберек тағып қойыпсыз. Соған күліп едім, ата, — дейді. Сонда Жәкең қызға қарап:
— Әй, шырағым, біз де уақытысында алдына жан салмаған жүйрік едік. Қазірде мұқалып тұрған жеріміз жоқ. Алға деп аттың басын жіберсек, иншалла, бірінші болып келсек керек, — дейді.
Былай шыққан соң Жәкең жолдастарына:
— Япырай, сырт жерде адамның қадірі болмайды екен-ау. Кішкентай баласына дейін күлкі болдық. Қой, елге қайтайық, — дейді.
Жанқожа ұзын сақалын сыртқа шыққанда өзіне ықшам және жеңіл болсын деп шүберекпен өріп қояды екен. Соны тосын көрген қыз сақалын әлеміштеп қойғанын ерсі санап, батырға күлген екен.
Батыр кеткен соң үйдің әкесі келіп қызынан: «Кім келді?» — деп сұрайды. Оған қызы: «Кім екенін білмеймін, сақалын шүберек қосып өріп қойған үлкен кісі келді», — дейді. Сонда әкесі қызына: «Қап, әттеген-ай! Ол Кіші жүздің батыры Жанқожа болды ғой. Есімі әйгілі адам еді. Қондырып, сыйлап жіберген жөн еді. Қате болған екен», — деп өкініпті.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі