Таздардан шыққан Қойсары, Таңқыбай, Тайлақ батырлар Ақтөбе облысындағы Жем өзенінің бойында Есет батыр бастаған көтерілісшілер қатарында жүріп, әскери қимылдар біршама бәсеңсіген мезгілде Сыр бойындағы елдеріне барып келмекші болып жолға шығады. Олар жолшыбай патша әскерлерінің мініс аттарын бағып жүрген бір топ солдаттарға кезігеді. Күтпеген жерде болған шайқаста екі солдатты өлтіріп, олардың бағып жүрген аттарын айдап әкетеді. Елге келген соң олжаға келген аттарды ауылдағы ағайындарына үлестіріп береді. Сол жолғы сапарда тағы бір есте қалатын жайт — ол Тайлақ мініп келе жатқан ат ұзақ жүрістен болдырып қалғандықтан, алдарында айдап келе жатқан аттардың жарамдырақ біреуіне ауысып міну керек болған сәтте, Қойсарының қара күштің иесі екендігін көрсетуі еді. Тапал бойлы Тайлақ ірікті атқа міне алмай біраз әуре болады. Сонда Қойсары батыр атымен жақындап келіп, жерде тұрған Тайлақты найзаның ұшыменен іліп алып, әлгі аттың үстіне апарып оп-оңай отырғыза салыпты.
Қазіргі Сырдария ауданы Мыңшоқы деген жердегі Далакөл көлі ол заманда суы мол, балыққа бай болыпты. Бір күні Ақмешіттен бір топ балықшы орыстар келіп ау құрып, көп балық ұстапты. Аулаған балықтарын түйе жеккен арбаларына тиеп алып, қалаға жүріп кеткелі жатыпты. Мыңшоқылықтарға соқыр шабақ та қалдырмапты. «Көл біздікі, ал балығы неге орыстардікі болуы керек» деп ренжіп тұрған жұрт ақыр соңында Қойсарыға барып мұңын шағады. Ол көл жағалауына келіп, арбаға тиеген балықтарды орыстардан күшпен тартып алып, ауылдастарына таратып береді. Қыңқ етуге дәрмендері келмеген балықшыларды батыр қалаға дейін жаяу айдап барыпты.
Табыннан шыққан Бұқарбай батырдың жасы ұлғайып, бойындағы күш-қуатының азайған шағында Қоқан хандығынан келген барымташылар ауылының көп жылқысын қуып әкетеді. Жылқымен бірге ауылдың жас қыз-келіншектерін де алып кетеді. Алайда қоқандықтарды қууға Бұқарбай батыр жалғыз бара алмайды. Оған кәрілікпен қатар, науқас та себеп болады. Ол ат үстінде ұзақ уақыт отыруға жарамайтын ауру екен. Қоқандықтардың жасаған қиянатына қарсы тұруға қауһары қалмаған Бұқарбай батыр Қойсарыны шақыртып алады. Оған сауыты мен найзасын беріп, «енді жауды екеулеп қуайық» дейді. Қойсары сауытты да, найзаны да алмайды, өз найзасының өзіне жарайтындығын және сауытты кимей-ақ соғысуға әзір екендігін айтады. Сөйтіп, екі батыр жауды екі күн бойы қуса да, жете алмапты. Оның себебі — Бұқарбай батыр ат үстінде суыт жүріске жарамайды. Сонда Қойсары: «Жауды бір өзім қуамын, ал сіз асықпай келе жатарсыз», — депті. өйткені, енді кешігуге уақыт тар, ал қоқандықтар өз елінің ішіне кіріп кетуге жақын. Еліне енген жауды алу мүмкін еместігін айтады.
Құйындата шапқан Қойсары батыр көп ұзамай бір төбеге көтеріле бере қоқандықтардың қарасын көріп ұрандап, қатты айқайлапты. Адамның жүрегін ұшыратын айқайынан батырды бірден таныған қоқандықтар Қойсарыны жеңу мүмкін еместігін мойындап, жан сауғалап қаша жөнеліпті. Жаулар қуып кеткен жылқылар, алып қашқан қыз-келіншектер бір төбенің бөктерінде иіріліп тұр екен. Олардың барлығын аман- есен Бұқарбай батырға табыс етіпті.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі