Өлең, жыр, ақындар

Сыбызғының сыры

Ерте заманда Асан деген баланың жеті жасында әкесі өліп, жетім қалады. Өздері өте кедей екен. Ішерге асы, киерге киімдері болмаған соң Асанның шешесі Жаңыл баласын жетелеп жүріп, ел қыдырып күнелтетін болыпты. Күндерде бір күн Жаңыл апа Асанды жетелеп Таһир ханның сарайына келіп, жәрдем сұрап, мұңын айтыпты. Хан жаны ашып, жәрдем берудің орнына Жаңылға қарап былай депті:

— Менің аңға қосатын тазы иттеріме күтуші бол. Иттермен бірге жат, тамағың да солармен бірге болады. Балаң ақсақ-тоқсақ қойларды бақсын. Ерте тұрып, кеш жатасыңдар, тамақты аз ішіп, жұмысты көп істейтін боласыңдар. Қысқасы өзің — күң, балаң — құл болады. Ойымдағыдай жақсы істемесеңдер бастарың алынады, — депті.

Жанашыр жақыны, жалтарар өріс жоқ Жаңыл мен Асан сол күннен бастап ханның кіріптар күңі мен құлы болады. Иттермен бірге жатып, бірге тамақтанады. Айдан ай, жылдан жыл өтті. Ауыр еңбек, итқорлық тұрмыс Жаңылды да, Асанды да әбден жүдетті. Панасыз екі сорлы егіле шыдап, шыдай берді.

Аңшы иттердің үстін жуып, жүндерін тарап, тамақтарын беріп жатқызған соң, итқораның есігін ішінен бекітіп алады да, сорлы ана Асанын бауырына қысып жатып, түні бойы зарлайды. Қайғы-қасіреттің зары өткен шерлі ана мұңын айтып күңіренеді:

Ит өмірде итшімін.
Итпен бірге үйшігім.
Иттің де бар иесі,
Иттен де жаман біздің күн.
Кедейліктен жаман жоқ.
Кентай ғұрлым бағам жоқ,
Басар тау, барар панам жоқ,
Бізді ескерер адам жоқ,
Егілсін зарлап мұңды күй,
Одан басқа шарам жоқ…

Он жасар Асан анасының зарлы жырын, арманды мұңын ықылас қоя тыңдап, ынтыға жаттап алады. Ұзақ күн қой соңында жүріп, ыңырсып айтып, күңіреніп толғайды екен. Асан ана мұңын жырлай жүріп, жаралы жүректің нәзік қылын шертеді. Мелшиген сар даланың сағым көтерген бұлдыр мұнары мен қараңғылық түнегі басқан қалың елдің ой-арманына мұңлы үнін қосады екен. Сөйтіп жүріп Асан он бір жасқа жеткенде асқан ақын-жыршы, шебер сыбызғышы болыпты. Әуелде оның домбырасы да, сыбызғысы да болмапты.

Бір күні қой жайып жүріп, қалың шөптің арасында өсіп тұрған іші қуыс қурайға көзі түсті. Қурай сыртының қызыл күрең түсі мен оның бунақталған буындары Асанға ұнап кетіпті. Қурайды кесіп алып, ішін тазартып үңгілейді де орта шенінен төрт-бес жерден ойып, тесік шығарып кептіріпті. Тарта-тарта келе әлгі қурайдан сырлы сазды сыбызғы шығыпты.

Өнерінің іске асып арманы орындалғанына шексіз қуанған Асан жаңа сыбызғыны тарта бастағанда-ақ, оның аузына «Арман» деген күй сарыны түсе кетеді. Арман күйі Жаңыл апаның:

Ит өмірде итшімін.
Итпен бірге үйшігім.
Иттің де бар иесі,
Иттен де жаман біздің күн,

— деген мұңлы қоңыр зармен басталады да:

Ит өмірден құтылып.
Жарылқайтын күн туып.
Жақсылық көрер ел бар ма,
Бәйшешегі құлпырып,

— деген үнді саз қалықтай самғап шарықтай жөнеледі. Күй сарыны кейде күмілжи күбірлеп барып шына түсіп, аспанға өрлегендей, кейде зулап қияға ұшқан қырандай шығандайды да, қайта төмен сорғалап, түйіле түскендей. Мұңлы жырдың арман сазы, алдағы мұрат, тамылжыған тәтті үн, асқақ әуенге қосыла келіп Асанды сергіте желпіп жетелегендей, шыңырау түбінен шыңға қарай, қараңғы тұманнан күн шуақты жарық нұрға қарай алып бара жатқан сияқты. Сарайы ашылып, тынысы кеңіп, көз жанары жайнайды оның.

Міне, Асанның тап алдында ақ бауыр киіктің ала таңдақ екі лағы «Арман» күйінің әуеніне билеп жүр. Олар би қызығына еліге елтіп, өздерінің адамнан безер аң екенін де ұмытып кеткен. Сыбызғы сазы сызыла шыққан сайын лақтар Асанға жақындай түседі. Сөйте, сөйте енесі мен екі лақ Асанды орталарына алып, айнала шапқылап, асыр салып ойнақтай, билеп жүретін болды. Өз өнері өмір қасіретін серпілте сейілткендей болған Асан егіз екі лақты өзінің бірге туған бауырындай, екеуінің енесін өз анасы Жаңылдай жақын сезініп, жақсы көретін еді. Асанға көңіл көтерер ермек те көңіл күйін, арман-шерін бөлісер дос та табылды. Күнде ақсақ-тоқсақтарын ілбітіп айдап келеді де, ақ бастаудың жағасына жусатып қойып, Асан Сандықтастың басына шығып, сыбызғысын тартады екен. Бізге лағын емізе шұбатып ақ бауыр киік те келіп, Асанның күйін тыңдап, билейді екен.

Күндерде бір күн, Асан сыбызғы тартып, киіктер би билеп, ешбір қапа, қайғысы жоқтай, мәз-мәйрам болып отыр еді, кенеттен «тарс» еткен мылтық дауысы бар тыныштықты бұзды да жіберді. Мылтық дауысымен көк жалын, ашты түтіннің астында қалған Асан не болып қалғанын біраз ес жиған соң ғана білді.

Аузынан шыққан оқтың жалыны әлі арылып болмаған жезді ауыз шитісін оң қолымен көтере ұстаған Таһир ханның жалғыз баласы келе

Асанды қамшының астына алды.

— Анау асыранды киіктеріңді маған ұстап бер. Әйтпесе өлтіремін, қазір!

— Мырза-ау, мен сияқты өз тамағын әрең асырап жүрген жалаңаш кедей киік асырай ма? Сіз ұстай алмаған киікті мен қайтып ұстармын, — деді де, Асан хан баласының тепкісіне жонын бере домаланып жата берді. Асанды өзі шаршағанша ұрып, тепкіледі де хан баласы арғымағына мініп әкесіне келіп айтты.

— Итшінің баласының биші киігі бар екен, соны ұстап бер.

«Аузы қисық болса да хан баласы сөйлеген заман» де халық айтқандай, хан баласының айтқанын орындапты. Жаңыл мен Асанды шақыртып алыпты да:

— Биші киікті ертең осы уақытқа дейін менің алдыма әкеліп бересіңдер, сен қатынды ішіңді жарғызып итке салғызам, сен балаға көзіңе қорғасын ерітіп құйғызамын. Жарлық бір. Орындаңдар! — депті.

Амалы құрыған аналы-балалы екі сорлы күн жылап, түн жылап, ақыры ақ бауыр киіктің бір лағын сұрап алуға сөз байлапты. Өзі үшін емес, анасының азапты ажалын аяған Асан ертеңіне Ақбастаудың басына келіп дос киіктерін шақырды. Көкірегі шерлі қойшының сыбызғыдан шыққан мұңы күндегіден зарлы да қайғылы шықты. Билеп жүрген киіктер қайтар кезінде бір лағын қалдырып, өзгесі Асанмен қош айтысқандай ишарат білдірді де кетіп қалды. Қалған лақты Асан ханға әкеліп берді де, аз күнге болса да анасы мен екеуі өлім азабынан аман қалды.

— Таһир ханның алдында адам түгіл аң да қызмет істегендігін жұрт білсін, тарт сыбызғыңды! — деп бұйырды хан сыбызғышысына. Хан алдында құрдай жорғалап, бөденедей қорғалап, жағымпаздықтың жәдігөйлігіне әбден төселіп алған сарай сыбызғышысы бар өнерін аямастан-ақ ойнап көрді. Бірақ киіктің лағы мелшиіп тұрып алды. Бұған әбден ашуланып, ыза кернеген хан сарай сыбызғышысының басын шауып алды да екінші біреуін алдырып ойнатты. Лақ тағы билемеді. Хан бұл сыбызғышыны да өлтіріпті. Үшінші сыбызғышыға кезек жеткенде:

— Тақсыр, дәт! — деді сыбызғышы.

— Дәтің болса айт! — деді хан.

— Алдияр ханым, барлық керемет осы лақты билеткен қойшының сыбызғысында. Ол сыбызғының сыры бар. Сол сыйқырлы сыбызғыны алдырып берсеңіз, мен лақты билетер едім. — депті сыбызғышы. Хан жендетіне сыбызғыны алып келуге жарлық етіпті. Жендет қой бағып жүрген Асанды басқа бір салды да, сыбызғысын алып келді.

Сыбызғышы олай тартты, бұлай тартты лақты билете алмады. Ақырында хан оның да басын алды.

Сол кезде 250 жасаған бір сыбызғышы қария бар еді. Хан жазықсыз елді зар жылатып, көзіне көрінген сыбызғышының басын алып жатыр дегенді естіп, сол қария ханға келіпті де:

— Тақсыр хан, бұл лақ ханның жарлығына да, сыбызғышының сыйқырына да билемейді. Кәп сыбызғының сыйқырлығында емес, сырында. Ел мұңын шағып, жүрек қылын шерткен шындығында. Сыбызғының сазды сыры қойшы баланың нәзік саусақ, шебер қолына тигенде ғана ашылады, сырымен бірге жыры да төгіледі сонда қойшының. Елді бекер қырмаңыз, сыбызғышы қойшының өзін алдырып ойнатсаңыз лақ та билейді, сіз бен біз де сазды әуен, көңіл күйіне кенеліп, жадыраймыз депті. Қария сөзіне еріксіз тоқтаған хан Асанды алдырып ойнатқан екен, лақ бұрынғысынан да тамаша билепті. Асанның өнеріне риза болған хан:

— Мен кәр етсем құртамын, рақым етсем жарылқаймын. Не тілегің бар, сұра! — депті.

— Менің бар тілегім анам мен екеуімізге бостандық беріңіз, киіктің лағын өз тауына жіберіңіз, — депті Асан. Хан айтқан сөзінен қайта алмай

Асанның тілегін орындапты.

Сол күннен бастап, Жаңыл мен Асан ақбауыр киіктің екі лағымен бірге елден елге, таудан тауға барып жүріп «Арман» күйін әлемге жайыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз