Жағыпар Жәзира деген патшаның уәзірі екен. Жағыпарда бір ұл, патшада бір ұл болыпты. Күндердің бір күні Жағыпар:
— Біз осы ұлдарымызды біреу алып қашып кететіндей үйге келе тығып қоямыз. Бұлар өз жора жолдастарымен бірігіп, аң аулап саятқа шықсын — дейді екен патшасына.
Бірақ бұған патшасы қарсы болмайды.
Жағыпардың ұлы мен ханның ұлы Әлімжан екеуі өз нөкерлерімен сейілге шығып, іздеп жүргенде алдарынан бір киік қашады. Киікті Әлімжан бір аяғынан атып жаралы кетеді. Әлімжан жолдастарымен бірге киікті қуып, бір үлкен қора шыңға әкеп қамайды да:
— Егер осы киік кімнің басынан ыршыса, мен соның басын аламын — дейді.
Киік ханның ұлы Әлімжанның басынан ыршып кетеді. Әлімжан сол киікті қуып келе жатып, бір үлкен дарияның жағасына келгенде, адасып қалып, аттан түсіп дем алып отырғанда, алтын қайыққа мінген екі әдемі сұлу қыз дарияның бойымен Әлімжанның қасына кеп тоқтайды. Қыздар жөн сұрап, кімнің кім болатынын біліп алады. Әлімжан бұлардан жөн сұрағанда:
— Әкем аты мынау (көзін ымдап көрсетеді), елім мынау деп (қабағын ымдап көрсетеді де) ғайып боп кетеді. Бұл екі қыздың сұлулығына ғашық болған Әлімжан аһ ұрып, сұлық жерге қарап, отырып қалады. Өстіп өң түсі қашып, жерге қарап отырғанда Жағыпардың ұлы елдің ең алдымен келеді. Неге бүйтіп отырғанын сұрағанымен Әлімжан айтпайды. Үйіне келгеннен кейін Әлімжан күн өткен сайын жүдеп, аппақ қудай боп нашарлай бастайды. Хан ұлын бақсы-бәлгер, емші-домшыларға көрсеткенімен ешкім бұның ауруын таба алмай әуре сарсаңға түсе бастайды. Әлімжан әбден төсек тартып жатып қалады. Әлімжанның неге ауырғанын Жағыпар әскере ойлылығымен болжап, ол ұлын шақырып «Сендер әнекүні сейіл құрып саятқа шыққанда не көрдіңдер, соны айт», — деп сұрайды. Көрген білгенін ұлы әкесіне айтып береді. Сол кезде Жағыпар:
— Жә, сен кәзір өңі-түсіңді қашырып ханзаданың ордасына бар. «Әкем мені өлтіретін болды. Әнекүні саятқа шыққанда не көрдіңдер соны айт. Әйтпесе басыңды аламын!» — деп зікір салып жатыр. Егер сен мені «Жаныңдай жақсы көретін жан досым десең, бізден бөлінгеннен кейін не көрдің, соны айтып бер? — деп жалынған соң Әлімжан ханзада көрген білгенін түгелімен айтып, осыдан болып өзінің ауру болғанын баян етеді. Жағыпардың ұлы мұны әкесіне айтады. Жағыпар ханға кеп, бір алтын қайық істетіп, алтын, күміс, гауһар, ділдәға толтыртып ап аттанады.
— «Әкем аты мынау» деп көзін көрсеткені — Қаракөз Қамза деген пәленпай жерде бір хан бар — сол. «Елім мынау» деп қабағын көрсетуі — сол елдің орталық шаһарының орналасқан жері қабақтың үсті еді. Ол қыз соны айтып тұр, балам. Біз ай жүріп жетеміз, — деп Әлімжанға жұмбақты шешіп түсіндіреді. Сөйтіп бұл екеуі Қаракөз Қамзаның орталық шаһарына келсе, Қамза халқын жинап ап, орынына қызды отырғызу үшін үлкен құрылтай ашып жатыр екен. Қызбен әкесі екеуі де үлкен мінбеде тұрғанын Жағыпар бірден көреді. Қыз да бұл екеуін көріп, іштей біліп тұрады. Жағыпар мен Әлімжан сол шаһарда тұратын бір жесір кемпірдің қонақ үйіне орналасып, «Біз ай болса ай, жыл болса жыл жатамыз» деп алтын гауһардан беріп қойған болатын-ды.
Ымырт жабылып, ел орынға отыра бере, Жағыпар Әлімжанға айтады:
— Сен бағанағы даладағы мінбенің түбіне барып, тосып отыр. Сол араға қыз заң келеді. Ол бағана бізді көрді. Әдбен біліп отыр. Сен тегінде ұйықтап қалушы болма — деп қоя береді.
Ханзада Әлімжан мінбенің түбіне кеп, тосып отырып, ұйықтап кетеді. Таңертең бір-ақ оянады. Жағыпарға:
— Қыз келмей қойды — дейді.
— Әй, білмеймін, қыз келуге тиісті адам еді. Кәне, сен сол жақ қалтаңды көрсетші — деп сол жақ қалтасына қол сұққанда қолына күміс жүзік орала кетеді.
— Пай-пай! Менің алтын басымды күміс құрлы көрмедің ғой — депті ғой, міне, саған. Сен ұйықтап қалыпсың. Жә, бүгін ұйықтаушы болма, — дейді. Ол күні тағы ұйықтап қап, әлгі қыз келмей қойды деп келеді. Оң жақ қалтасын ақтарса, қола жүзік шығады.
— Пай, әттеген-ай Күмістей басымды қоладай көрмегеніңе рахмет — деп ренжіп кетіпті ғой деп санын бір-ақ ұрады. Жағыпар ары ойланып, бері ойланып отырып.
— Жә, бүгін ең ақырғы түнде бүгін ұйықтасаң, саған өмірде ол қыз жоқ. Мен сенің жағаңа қырық ине шаншып жіберейін, мұны алып тастаушы болма, — деп қырық ине шаншып жібереді. Ол күні қалғып бара жатса, ине кіріп ұйықтатпай отырғанда қыз бір уақытта әрең келеді.
— Ее, бүгін отыр екенсің ғой. Егер бүгін ұйықтасаң, мен саған жоқ, сен маған жоқ едің. Ал, біз осыдан былай мұнда жолықпаймыз. Менің әкемнің мәушарбағы бар, сен соған барып орналас, сол жерден әңгімелесіп тұратын болайық, — дейді. Осылайша бұлар мәушарбақтан кездесіп отырған күні Қаракөз Қамзаның Даниял дейтін молдасы бар екен. Ол жұлдызнама ашып отырып:
— Ойбу, тақсыр-ай — деп санын бір-ақ соғады.
— Не болды сізге айтыңыз? — дейді Қаракөз Қамза.
— Жоқ, айтуға аузым бармай отыр — деп айтпайды.
— Не мен өлетін шығармын, жасырмаңыз айтыңыз, айтпасаңыз басыңызды аламын!, — деп қорқытады. Амалсыз жан керек Даниял:
— Сіздің қызыңыз мәушарбақта бір жігітпен құшақтасып қашқалы отыр — дейді. Хан дереу торғын әскерді жинап Мәушарбақты қоршатқызып: — Ертең түске дейін бірде-бір адамды сыртқа шығарушы болмаңдар, — деп жарлық етеді.
Дәл сол кезде қыз бен жігіт әңгімелесіп отырғанда, қыз кенет атып тұрады да:
— Әлімжан біз құрыдық! Бүгін жексенбі күні әкемнің жанындағы молдасы кітап ашушы еді. Біз соның көзіне іліктік, — деп жігітті терезеден қаратса, ханның торғын әскері мәушарбақты қоршап алған екен.
— Бізді құртады, сенің жан досың Жағыпар құтқарар. Ол ерекше білімді және айлакер адам құсап көрініп еді, — дейді де жігіттің киімін өзі киіп, жұдырықтай гауһарды ала шығып, қоршап тұрған әскерлердің біріне барып:
— Айналайын, мына гауһарды саған бергенім. Бұл сенің өміріңе азық болады. Осыны ал да, қаланың солтүстік шығысындағы үлкен қызыл есікке барып: «Шеше, шеше» — деп айғай сал да, «Еккен егініңе шегіртке түсіп кетіпті, тез келмесең отап тауысатын болды» деп айғай сал да, қайтып кеп, орныңа тұр қал — деп жұмсап жібереді.
Жігіт шапқан бойымен жаңағы айтқан қақпасына барып:
— Шеше, шеше! Еккен егініңе шегіртке түсіп кетіпті. Тез келмесең, отап тауысатын болды — дейді де қайта шапқылап, бұрынғы орнына кеп тұра қалады.
Намаз оқып жатқан Жағыпар жайнамазын жия салып, далаға атып шығып:
— Ойбай, әлгі не деп кетті? — деп сұрайды да, кемпірдің киім-кешегін киіп, шылауышын тартып, қолына жаман қисық таяқты ұстап, бір қолына ағаш шелекке сүт құйып алып, ақсақтай басып, мәушарбаққа келеді. Ішке кірейін десе, жаңағы әскерлер енгізбей зар қақсатады.
— Айналайындар-ай. Сендердің де мен сияқты жаман шешелерің бар шығар. Сол шешелеріңе осындай күн туып, оған ешбір адам жақсылық істемей қойса, не деп ойлар едіңдер. Мынаның ішінде бір жалғыз ұлым бар еді. Соған мына сүтті бере сап, тез шыға қояйыншы — деп жалынған соң әскерлер кіргізіп жібереді.
Ішке кірген соң өз киімін қызға кигізіп, қыздың киімін жігітке кигізіп, жігіттің киімін өзі киіп, қызды қайтадан әлгі кемпір болдырып, шығарып жібереді.
Ертеңінде түс әлетінде хан айтқан сөзі бойынша екі әскерін ертіп мәушарбаққа кіріп келсе, бір қыз, бір еркек адам отырады. Бұны көрген хан қатты таң қалады да:
— Сіздер неғып отырған адамсыңдар? — деп сұрайды.
Жағыпар ұшып тұрып сәлемдесіп:
— О, тақсыр, біз ел аралап жүрген жолаушылардың біріміз — деп жауап береді де қайтадан орнына барып кітабын ашып отыра береді.
— Сіз кітап ашасыз ба? — деп сұрайды хан.
— Иә, аздап ашатыным бар еді — деп кеңташ отырады.
— Егер ондай біліміңіз бар болса, кәне, айта қойыңызшы. Маған жуық арада болатын жақсылық не, жамандық не? Жағыпар кітабын ашып, аз ойланып отырып, қабағы қатпарлана өңі құп қу болып:
— Е, тақсыр, мен бұны сізге айтпаймын — деп үһілеп үнсіз отырады.
— Жоқ, сіз айтасыз, егер айтпасаңыз басыңыз алынады.
— Жә, олай десеңіз. Сіздің бір молдаңыз бар екен. Сол сіздің қызыңызға көңілі бұрылып, алу үшін сөз айтыпты. Бірақ қызыңыз оған көнбеген соң, өзіңізді салып, өлтіртуді ойлайды екен, — дегенде хан жанындағы екі әскерге дереу бұйрық беріп:
— Бардағы Даниял молданың басын алып кел. Менің алдыма тірідей келтіруші болма! — дейді.
Екі әскері барып Даниялдың басын алып келеді. Өстіп Жағыпар қу ең қауіпті деген кісісін құртады. Хан Жағыпарға жалынып, жармасып, өзіне қызметшіге алады. Жағыпардың қызымен ханның қызы бірге ойнап, бірге тұрып, күндер жылжып өтіп жатады.
Сол уақытта басқа елден жолдастары келіп Қаракөз Қамзаға Мекке жолына қажыға баруға шақырап келеді. Хан өзі бармай, «осыдан бұрынғы екі рет барғанымда жетіп жатыр, менің мына молдам барсын», — деп Жағыпарды жібермекші болады.
Жағыпар:
— Жоқ, мен бармаймын, өлер шағыңыз болды, өзіңіз барыңыз, бұл — бір. Екінші, мен кеткен соң мына қызым мені ойлап сағынады. Әлде біреу-міреу ұрдап кетуі де ықтимал, — деп қарысып жатып алады. Хан қояр да қоймастан жүріп Жағыпарды көндіріп, Жағыпардың қызын өз қызымен бірге бір үйге жатқызып қырық қыз нөкерлеріне қосып беріп, оның сыртынан әскермен күзеттіруге уағдаласады. Өстіп жанындағы Әлімжанды Қаракөз Қамзаның қызымен қосып тастап, өзі қажы жолына аттанады. Екі күншілік жол жүрген соң жолдан басқа бір адамға алтын күміс беріп, өз орнына салып қоя береді де, «Жұма сайын жолда не болды? Қайтып кетіп барасыңдар? Осыны хабарлап, хат жазып тұрыңдар. Дәл осы арада келер кезіңде өзім тосып аламын», — деп аттандырып қоя беріп, өзі қайта айланып, Қаракөз Қамзаның шаһарындағы бұрынғы қоңыр есікке келеді. Жұма сайын өз орнына кеткен кісіден хат кеп тұрады. Ол хатқа қарап отырып, өз атынан ханға хат жазып, шабарман арқылы ханға жүргізіп тұрады. Осы кезде қандай қулық істеп қызды алып кеткелі жүргені туралы үлкен кітап жазып, күн сайын белгілеуді қозғалта бастайды.
Айлар жылжып өтіп жатады. Бір күні жігітпен қызға кісі салып, хат жазады. «Мен келуге екі жұма қалды дегенде түн ішінде ханның қызы — Гүлзагүл, сен жалаңаш ойбайлап, әкеңнің жатқан үйіне бар. Егер не болды десе, «әлгі молданың қызын жаңа бір жалаңаш кісі кеп алып қашып кетті. Мен әрең құтылып шықтым» — деп бар. Дәл сол кезде Әлімжан қашып шығып, кемпірдің үйіне келсін де жігіт қалпына түссін» — деп жазады. Келуге екі жұма қалды дегенде, Жағыпардың айтқаны бойынша істейді. Хан сасқалақтап, ары іздеп, бері іздеп, таба алмаған соң, дымы құрып қояды.
— Апыр-ай, бұл Жағыпардан қатты ұят болатын болды, енді не деп айтамыз? Қызың өліп қалды дейік — деп хан өзінің уәзірлерімен келіседі. Қажы жолына кеткен кісіні Жағыпар алдыңғы аттандырған жерінен тосып алып, қажы киімін өзі киіп келе жатқан кезде хан уәзірлерімен бір күншілік жерден Жағыпарды тосып алып, хош келдің айтысып жік жапар бола бастайды. Жағыпар ең әуелі ел аманшылығымен қоса «Қызым қайда, аман ба? Неге келмеді?» — деп сұрайды. Қысылған хан:
— Қызың ордада. Шаршай ма деп тастап кеттік, — деп жауап береді. Қалаға таяй бергенде хан:
— Жағыпар, достым. Көңіліңді берік ұста. Өшпес өмір, тозбас темір болмайды ғой. Адам мың жасайтын қарға емес, дейтұрғанмен амал жоқ, қызың дүние салды, — деп естіртеді. Жағыпар шашын жұлып жылап еңірейді. Ордаға кірген соң жуынып шайынып алып асқа отырған кезде ханға тіке қарап отырып сұрайды:
— Тақсыр, сіз нағыз шыныңызды айтып отырсыз ба? Егер өлген болса амал жоқ. Ал кісі ұрлап кетсе, біреуге аттандырып жіберсеңіз, мен қайдан да болса тауып алам. Шыныңызды айтыңыз, өтірік айтып отырсаңыз қазір кітап ашып табамын ғой — дейді.
Хан сасқалақтап:
— Ойбай, тақсыр, кешір? Қызыңды біреу ұрлап кетті — деп болған уақиғаны айтады. Сонда Жағыпар:
— Онда кем жоқ. Мен қайдан да болса, табамын. Дәл, осылай бағана шындығын айту керек еді ғой, — деп қояды. Қажы жолынан келген Жағыпарға есен келгендігі үшін хан той істемекші болады. Жағыпар:
— Мен бір жұмадай демалайын, оған дейін той дайындығын істей беріңіздер — деп бір жұманың ұрықсатымен үйіне кетеді.
Сол кезде қыз бен жігітті уағдаластырып отырып, ертең той деген күні таңертең ханның дәрет алатын үйінің маңдайшасына кітапты іліп қояды да, қыз бен жігітті ертіп, еліне тайып тұрады.
Хан таңертең дәрет бөлмесіне келсе, маңдайшаның үстінде ілулі кітапты көреді. Алып оқыса, Жәзира деген патшаның баласын ертіп кеп, өз қызын алып кеткені туралы және ол үшін не істегені туралы оқып шығып:
Ойпырмай, Жағыпардың қулығының асқаны-ай! Даниялдың молдалығының асқаны-ай, — деп артын таққа тоқпақтап жылапты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі