Өлең, жыр, ақындар

Халықтың көз жасы

Бір хан өте қатты ауырып, ауруына ем сұрау үшін елін жинайды. Жиналған жұрт сырқатының не екенін сұрайды. Хан:

— Ішкен асым тоқтамайды, күндіз де, түнде де тиышым жоқ, ұйықтай алмаймын, — депті.

Ханның өзі еліне тізесі батқан, қатал, мейірімсіз, елдің тапқан—таянғанын барымталап, жай жатып алған жуан қарын мес екен.

Жиналған көптің ішінен біреу:

— Сырқатыңның емін таптым, мен айтқандай орындасаң, жазыласың, орындамасаң, сырқатыңның беті жаман, өлесің, — дейді.

Хан орындайтындығын айтқан соң әлгі адам:

— Көздің жасымен денеңді сүрт, көзінен жас ағып тұрған адамның көз жасын ал және ол адамның көзінен жас неге төгіледі екен, оны сұрап, жазып алып отыр, — дейді.

Ханша:

— Сонша көп жас табылар ма екен? — дегенде бір шал:

— Ханеке, көз жасы денеңе жай сүрту тұрсын, шомылуыңа да жетерлік табылар, — депті.

Содан кейін хан көзінен жас ағып тұрған бір шалды шақыртып, көз жасын алады да, неліктен көзінен жас ағатынын сұрайды. Шал:

— Еңбегімді хан қанады, тапқанымды һәм талады. Жылай-жылай екі көзім қан тамады. Жасым сел боп ағады, оны тағы хан алады, енді өзіме не қалады? — дейді.

Хан үндемей, жазып алып, тағы бірнеше адамнан жас алады. Соның ішінде бір әйел:

— Ханнан зиян тапқан соң жасым қалай ақпасын? Күйеуім — құлы, өзім — күңі, дамыл таппай, күн мен түн жылаудан бас көтере алмай, соқыр болдық енді, міне, — депті.

Хан тағы жылап жүрген бір балаға кездеседі. Көзінің жасын [алып] және неге жылағанын сұрайды.

Бала:

— Әділетті хан бола ма, зар тарттырса жас балаға? Көзім жасын тағы алмақсың, дертіңе ем таба алмақсың. Елді жеуден тоймасаң, жебірлігің қоймасаң, дертіңе ем табылмас, өзіңе ел бағынбас, көздің жасын жетерлік көрдің, әділеттілікті ойласаң, — депті.

Сөйтіп, хан бірнеше жүздеген адамдардың көз жасын сұрап алады, қайсысынан сұраса да, көз жасының көл болу себебі ханның өзінің жауыздығынан екенін көреді де, «Көздің жасымен денеңді сүрт» деген адамның айтқаны «Өз жауыздығын өз құлағымен естісін» деп айтылған ем екендігін түсініп, хан өз ісіне өзі өте ұялды дейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз