Есіктен енген Айдана:
— Қайнар, тағы да құтырдың ба? Таяқ жегің кеп, арқаң қышып тұр ма? — деп жұдырығын түйді.
Айдана үйдегі балалардың бәріне мәтіби. Олар Айдананың алакөзденіп қарағанынан-ақ қаймығады. Оның дауысы естілсе болды, ойын да, артық күлкі де сап тиылып, тым-тырыс бола қалады. Үйдегі тыныштықты, тазалықты бақылайтын да, талап ететін де сол.
Анасы жұмысқа кетерде:
— Айдана, жаным, ана екеуіне бас-көз бол. Үйге қара, — дейді.
Айдана да билікті қолға алысымен-ақ ешкімді қия бастырмайды. «Мультфильм басталғанша сен үй ішін сыпыр. Сен гүлдерді суғар. Сосын ыдыс-аяқты жуып-шайып, орнына қой» деп бұйрық береді. Өзі төсек-орынды жинауға беттейді. Айтқаны мүлтіксіз орындалуы керек.
Бұлтақтасаң, жаза дайын.
Алты жастағы інісі Қайнар кішкене қиқарлау. Айдананың айтқанына көне бермейді. Өзі өжет. Ерегісіп тұрып алатын әдеті де бар. Айдана оған: «Үйдегі бастық менмін. Қарсы шықсаң, жазаң мынау» деп, жұдырығын көрсетеді. Бірақ, қиқардың аты қиқар. Інісі ұртын бұртитып, алара қарағанымен, жыламайды. Қайсарлығын байқатады.
Ал кішкене сіңлісі Жанар момын. Көп қарсыласпайды. Шамасы жеткенше томпаңдап, тыным таппайды. Соның өзінде де оған көп тиіседі.
«Мынауың дұрыс емес. Жөндеп сыпыр. Кілемдегі дақты кетірмепсің» деп мін тағып, сұқ саусағымен құлағынан шертіп қояды.
Бір жақсысы, Жанар да, Қайнар да кешкілік әке-шешесіне арыз айтып, шағымданбайды. Айтайын десе, Айданадан қаймығады. Ол:
— Осыдан кешке анама, не әжеме ұрысты дейтін болсаңдар, ертеңіне менен жақсылық күтпеңдер, — деп күні бұрын ескертіп қойған. Жанар: «Айтпаймын» дейді. Ал, Қайнар: «Маған екі-үш кәмпит бер, сонда мен де айтпаймын» деп сауда жасайды. «Мә, саған кәмпит» деп Айдана оған дүрсе қоя береді. Ол далаға қарай қашады.
Бір жолы Айдана бір аптаға нағашысының ауылына кетті. Оған қуанған Жанар әжесіне:
— Әже, Айдананың үйде жоқ болғаны қандай жақсы — деді.
Әжесі оған таңдана:
— Неге олай дейсің? Айдана сенің әкпең ғой, — деді.
— Ол бізге ылғи ұрса береді ғой, — деді Жанар аузын бұртитып.
Әжесі Айдананың алғырлығына, өжет, өр мінезіне қанық. Кейде ол әжесінің өзіне: «Кебісіңіздің табанын сүртіп кірмейсіз бе? Кіреберісті айғыздап тастапсыз» — деп талай ескерту жасаған.
Әжей: «Е, мына екеуі де Айданадан әбден мезі болған екен-ау» — деп бір сәт ойланып отырды да:
— Ол сендерден үлкен. Бекерге ұрыспайды. Оның тапсырмасына салғырт қарамай, тиянақты орындаңдар. Айдана тапсырған іс істелмей қалса, оған аналарың ұрсады. Егер екеуіңе аналарың қазір үй шаруасын тапсырса, қайтер едіңдер?
— Орындаймыз, — деп екеуі де қосарлана тіл қатты.
— Дұрыс айтасыңдар. Тапсырма орындау үшін беріледі. Кімде-кім істі жақсы атқарса, оған ана да, әке де, әже де қуанады. Ризашылығын білдіреді. Қараңдаршы, үйдің іші, барлық бөлме тап-таза. Жарқырап тұр. Бұл Айдананың пысықтығының, тапсырманы жақсы орындағанының арқасы.
Қайнар мен Жанар әжелеріне жақындап келіп:
— Әже, апама айтыңызшы, бізге де көп-көп тапсырма берсін. Сосын біздің қалай жұмыс істейтінімізді көрсін, — деп еркелей қарады.
Немерелерінің сөз түсінгеніне риза болған әжей, екеуін кезек-кезек бауырына басып, емірене иіскеп жатты.
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі