Өлең, жыр, ақындар

ҰЛАН-ҰРПАҚТЫҢ ҰСТАЗЫ АТАНҒАН БАЛАЛАР ГАЗЕТІ

«Ұлан» газеті – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған ең көне әрі беделді басылымдардың бірі. Газет 1930 жылы «Жас Алаш» газетінің қосымшасы ретінде пайда болып, кейін дербес балалар басылымы ретінде қалыптасты. Алғашқы жылдары «Пионер», кейін «Октябрь балалары», «Қазақстан пионері» деген атаулармен шыққан бұл газет 1990 жылдан бастап ұлттық болмысқа сай «Ұлан» деген атау алды.

 

Газетті әр жылдары қазақ журналистикасы мен әдебиетінің көрнекті өкілдері басқарды. Олардың қатарында Ә.Исмайылов, Әбілпайыз Ыдырыс, С.Бердіқұл, Фариза Оңғарсын, Уәлихан Қалижан, Бейбіт Қойшыбай, Ғалым Доскен, Б.Сүлейменов, Сұлтан Қалиұлы сияқты қабырғалы қаламгерлер бар. Әр редактор өз кезеңінің талабына сай газеттің мазмұнын байытып, балалардың рухани дамуына үлес қосты.

 

Тәуелсіздік жылдары газеттің дамуына ерекше назар аударылды. 1991 жылдан 2008 жылдың қарашасына дейін басылымды белгілі балалар жазушысы Сұлтан Қалиұлы басқарды. Ол «Ұланды» жаңа заман талабына сай жаңартып, көптеген шығармашылық жобаларды жүзеге асырды. 2008 жылдың қарашасынан 2012 жылдың шілдесіне дейін редактор қызметін Есей Жеңісұлы атқарды. 2012–2014 жылдары Бағдат Мәжитов газетті басқарса, оның орнын кейін Жұлдыз Әбділда бас редактор ретінде жалғастырды. 2018 жылдан бері бұл қызметті Жадыра Нармахан атқарып келеді.

 

«Ұлан» редакциясында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан кәсіби мамандар көп. Солардың ішінде Қазақстанның Мәдениет қайраткері, тәжірибелі журналист Алма Үмбеттегі 1975 жылдан бері осы басылымда қызмет етіп келеді. Сонымен қатар редакция алқасында Гүлфарида Зейнолла, Қарлығаш Досан, Қарлыға Ибрагим сияқты тәжірибелі журналистер еңбек етіп, газеттің мазмұнын байыта түсуде.

 

Газет – жас қаламгерлерді тәрбиелейтін үлкен шығармашылық мектеп. Әр жылдары «Ұланның» жас тілшісі болған көптеген жастар бүгінде қазақ медиасында танымал тұлғаларға айналды. Олардың қатарында Смағұл Елубай, Жақау Дәуренбеков, Жаңабек Шағатай, Әуесбайдың Қанаты, Мадина Омар, Ләзиза Нұрпейіс, Ысқақ Дүйсембайұлы, Асхат Еркімбай, Қанат Махамбет, Қуат Әуесбай және тағы басқа көптеген журналистер бар.

 

95 жылдық мерейтой және қазіргі бағыт

 

2025 жылы «Ұлан» газетіне 95 жыл толды. Мерейтой аясында архивтік көрмелер, бас редакторлар мен жас тілшілер кездесуі, шығармашылық кештер ұйымдастырылды.

 

Бүгінгі таңда «Ұлан» газеті:

•Баспа нұсқасымен,

•Сайтпен

•Әлеуметтік желілермен

балаларға қолжетімді болып отыр.

•Цифрлық форматқа көшу – жастардың жаңа талаптарына сай жасалған қадам.

 

«Ұлан» газеті балалардың ой-өрісін кеңейту, шығармашылығын дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында үлкен рөл атқарып келеді. Уақыт өзгергенімен, газеттің басты мақсаты – жас ұрпаққа тәрбие, білім және рухани азық беру. Сондықтан «Ұлан» – бірнеше буынды тәрбиелеген, бүгін де өз оқырмандарымен бірге жаңарып келе жатқан ұлттық балалар басылымы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз