Атасы мен Бекболат көрші өзбек еліне сапарлап барып қайтатын болды. Мақсаттары — сол елдегі тарихи жерлерді аралап, сонда жатқан бабалар рухына тағзым ету. Олар Өзбекстан шегарасы жағында орналасқан кеден бекетіне келді.
— Ата, қалайсыз? Немереңіз екеуіңіз қайда жол тарттыңыздар? — деп сұрады өзбек тілінде сол елдің кеденші жігіті.
— Балам, Өзбекстан жерінде қазақтың екі бірдей атақты биі жатыр. Бірі — Ташкенттегі Төле би, екіншісі — Нұрата топырағындағы Әйтеке би.
Солардың басына барып, тағзым етіп қайтсақ деп едік.
...Атасы мен Бекболат, ең алдымен, Ташкенттегі Төле би кесенесіне барды. Кесене басында адам көп екен. Атасы құран оқыды. Кесене ішін аралай жүріп, атасы Бекболатқа көп әңгіме айтты.
— Төле би өте дана адам болған. Елді бірлікке шақырған. Ел тыныш болса, әрбір адам емін-еркін еңбек етеді ғой, — деді атасы.
Бекболат атасы екеуі ертесіне Нұрата жерінде жатқан Әйтеке бидің басына келді. Мұнда да адам баршылық екен. Бекболат өзі секілді жас балаларды байқап қалды.
— Ата, мұнда балалар да аз емес екен, — деді жан-жағына көз салып.
— Е-е, айналайын, қазіргі заман жақсы ғой. Нағыз өткен тарихымызға үңілетін уақыт. «Ата-бабамыз кім болған?» деген сауалға, мінеки, жауап алып жатырсыңдар...
Әйтеке би басындағы шырақшы ақсақал дана баба жөнінде:
— Әйтеке әділ би болған. Ол жаугершілікті қолдамаған. Бейбіт ел болуды мақсат еткен, — деді.
Атасы мен немересі қайтадан жолға шықты. Түс кезінде екеуі Өзбекстан шегарасына жетті.
— Ата, неге біздің екі биіміз өзге елдің топырағында қалған? — деп сұрады Бекболат.
— Балам, Қазақстан мен Өзбекстан — қатар қонған бауырлас, туыстас елдер. Біздің жерімізде де өзбек халқының бірнеше атақты арыстары жатыр.
Бекболат атасымен бірге көрші елге сапар шеккеніне риза болды. Ең бастысы, ел мен жер көрді. Бабалар рухына тағзым етті. Көп нәрсені таныды. Тағылым алды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі