Араны ашылған Қытай генералдары басқыншылық әрекетін тоқтатпайды. Тағы да қазақ жеріне әскерін енгізіп шапқыншылық жасайды. Абылай хан Бөгенбай батырды бас етіп қазақ қолын қытай әскеріне қарсы шығарады. Бөгенбай батыр қытай қолын талқандап, өздерін Турфанға дейін қуады. Батырдың осы ерлігін жырау Абылай ханға:
Сүйеуге әркез жарайды,
Мынау көрші орысың.
Сәтсіздеу боп тоқтап тұр,
Боғды ханмен соғысың.
Турфанды шапты Бөгенбай,
Жаратамын сол ісін.
Батыр аңғырт десек те,
Көрсеткендей ел күшін, —
деп жеңіске масаттанбай деп ишан, ғұламаларды ертіп «Қара қытай көтерілсе, ақыр заман болады» деген ұғымды алға тартып Абылайдың қытаймен соғысын тоқтатады.
Цинь империясы Жоңғар мемлекетін жойып, шекараны қазақ жеріне тіреп жақындатуды көздеген. Осы мақсатпен Қытай императоры Чжао Хой мен Фу Де деген генералдар басқарған 90 мың қол жиып соғысқа аттандырған. Қытай әскері Жоңғария мен Қашғарияны қырғынға ұшыратып қазақ жеріне ене бастаған. «Қара қытай қозғалса ақырзаман болады» деп түсінетін қазақ баласы үш жүзге ұран тастап, қол жиып, қытай әскеріне тосқауыл құрған. Міне, осы кезде Бұқар жырау қара құрттай қаптаған шүршіттен қалай да елді аман алып қалуды көздеп, үш жүздің ауылдарын аралап өзінің дуалы жырларымен халықты бірлікке жұмылдырған.
Заманы салған салмақты көтере алатын халықтың ұлдары тарих сатысынан осы тұста айрықша көріне бастаған. Бұқар жырында аталып, өсиет болып, кейінгі ұрпаққа өлмес аты қалған атақты адамдарды жырау: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ ұлы Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапрашты Наурызбай деп басқа аттас адамдармен шатыстырмасын дегендей тасқа қашап салған таңбадай ғып бүгінгі ұрпаққа жеткізген.
Осы айтулы соғысқа қарт жыраудың өзі де қатысып, Абылай ханның қасында болған. Бұл жөнінде ел аузында көп деректер сақталған. Соның бірінде қалың қытай әскері қазақ қолының бір шетін жапырып шегіндіріп келе жатқанын көріп, Абылайдың қобалжу үстінде тұрғанын сезген Бұхар жырау:
— Қасқырдан қорыққан қойшыдан, жақсы күзетші шыға қоймайды. Жауыңды жеңгің келсе ең алдымен өзіңе-өзің сен. Әйтпесе, бәріміз бірдей апатқа ұшыраймыз.
— Көңілімде бір күдік бар одан қалай құтылам? — дейді қобалжу үстінде тұрған Абылай.
— Жеңетініне сенбей майданға шыққан қолбасшының өмірі ұзақ бармайды. Ондай кеселдің бір ғана емі бар...
— Ол қандай ем? — деп елең еткен ханға:
— Ажал, — деп жауап береді әулие жырау.
— Иә, ажал. Ол қандай дауасыз кеселден құтқарады, - деп Бұқар жырау қазақ қолының жапырылып бара жатқан қанатын нұсқап: Шап қазір ана тұсқа! Не ажал табасың, не өзіңе-өзің сенбейтін аурудан айығасың!
Абылай бұған бір ауыз сөз айтпай, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнеледі. Ұрыстан жеңіспен оралған хан Бұқар жырауға:
— Қолбасшыға күптенудің керегі жоқ екенін енді ұқтым, — дейді.
Осы жеңістен рухтанып ертеңіне де шабуылды өзі басқармақшы болып сауытын киіп, әскер алдына шыға берген Абылайға жырау:
— Ажалменен ойнама, хан нем. Шөлмек күнде сынбайды бір-ақ рет сынады. Бүгінгің артық! — дейді.
— Ер жігіттің серігі тәуекел демеп пе едің, Бұқар аға?
— Жүз тәуекелдің бір тәубесі болады. Кешегі тәуекеліңе бүгін тәубе ет, деген жырауға бірдеме айтпақшы болып келе жатқан Абылайдың сөзін бөліп жырау:
— Қазақта Абылай біреу-ақ, Қытайда Фу Делер көп — деп қолын жоғары көтеріп, — құдай менің тілегімді күнде бере береді дейсің бе, жетер енді! — деп тоқтатады.
— Соғысқа қарт жыраудың өзі де араласып, жараланып қайтады. Осындай кең тараған әңгімелерді ел арасында екінің бірінен естуге болады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі