Өлең, жыр, ақындар

Құрманғазы

Ақмаңдай қыз құрбыларымен бірге өзен бойлап жидек теріп қайтқан. Жүзі жайнап, үйге көңілді енді. Төр алдында бұрын көрмеген бейтаныс қонақ отыр екен. Егде тартқан ата-ананың жалғыз қызы Ақмаңдай ешкімге артық көз тоқтатып қарамайтын ер мінезді, ерке бой- жеткен болатын. Сол әдетімен үйдегілерге мойын бұрып қарамастан, үкілі сары домбырасына қол созған. Домбыраны алып, жүкаяқтың алдындағы көрпешеге жайланып отырды. Алғашқы бір-екі қағыстан-ақ құлағы теріс бұралып қалғанын байқады.

Ол қабағын шыта ата-анасына қарап:

— Мынаның құлағына кім тиген? — деді. Олар не дерін білмегендей төр алдындағы қонаққа қарады. Қонақ үнсіз қыз қимылын бағып қалған. Ерке қыз сөзін екі қайталамады. Домбырасының құлағын өз бұрауына түсіріп алды да, бір күйді тарта жөнелді. Бұл — Адай руының енді-енді аты шыға бастаған өнерлі қызы Ақмаңдай болса, тартып отырғаны «Адай» атты күй еді. Қонақ қыз тартқан күйді қалт етпей тыңдады. Күй аяқталысымен саңқ еткен үнмен:

— Қарағым, домбыраны бері берші. Күйдің күйін кетірдің ғой, — деді.

Мұндай сөзді күтпеген Ақмаңдай сасқанынан домбыраны бейтаныс қонаққа ұсына берді. Ата-анасы да аңтаң. Бұл өңірде Ақмаңдаймен өнер жарыстырар күйші аз болатын. Оның үстіне жаңағыдай сөзді бұрын-соңды естімеген еді.

Қонақтың домбыра тартысы, тартқан күйі үйде отырған үш тыңдаушысын сиқырлап тастағандай. Мына қонақтың тегін адам еместігі, ерекше жаратылысы, ерен өнері еріксіз мойындатқызып, бас игізген жайы бар.

Күй аяқталғаннан кейін, үй іші демін іштен алып, бір сәт үнсіз отырып қалды. Сәлден соң үй иесі қарт:

— Шырағым, домбыра тартысыңнан байқап отырмын. Қызылқұрт руынан шыққан Құрманғазы деген күй құдіреті бар деуші еді. Сен, сірә, сол боларсың? — деді.

Күйшінің саусақтарына қарап қалған қыз енді оның жүзіне қарады. Қонақ еңселі, ер тұлғалы, жүзі келісті, келбетті кісі екен.

— Болсақ, болармыз, — деді қонақ сәл күлімсіреп.

Бұл теңдесі жоқ тума талант, біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы еді. Сонда тартқан күйі «Серпер» екен.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз