Қазақ даласы ерте заманнан бастап халық поэзиясының сарқылмайтын шалқар теңізі болғаны белгілі. Ән мен күй, өлең-жыр қазақ даласы үшін рухани мәдениеттің бірден-бір көзі еді. Осы байлықты сөз еткенде, айтушылар, жыраулар, ақындар, әншілер, күйшілер, қобызшылар жайын ұмытуға болмас еді. Затаевич қазақтың мың әнін нотаға түсірді, ішінде күйлері де бар. Бұдан бес-алты жыл бұрын Ғылым академиясының әдебиет институты Сырдың 200 әнін, жыр-күйлерін жазып алды. Қазақ ертегілері мен айтыстарының үш томдық кітабы басылды. «Үш ғасыр жырлайды» жинағына Қыр мен Сырдың көптеген ақындарының шығармалары енді. Мұның бәрі, әрине, игілікті іс. Бірақ, әлі де жарық көрмей, зерттелмей жатқан мұраларымыз қаншама! Қазақта 300 эпостық жыр бар десек, соның баспа көргені 10-15 қана. Бұл мүлдем аз.
М.Ғабдуллин мен Е.Сыдықов қазақтың тайпалық, ұлыстық эпосының өзінде қайшылық бар дейді. Ендеше, эпостағы айтылар жайларды ғылыми, тарихи тұрғыда терең сөз етуге тиіспіз. Кейбір тарихи адамдардың өз кезінде пайдалы жұмыс атқарғаны да бар. Өзбек мемлекетін жасайтын Шейбани жайындағы жырдан олар бас тартқан жоқ. Иран, тәжік елдерінің ескі мифологиясын, шаһтарын дәріптей отырып, ислам ұғымын, сол дәуірдің хандарын сынайтын «Шаһнамадан» тәжіктер де безе алмаса керек. Эпос үшін В.И.Ленин айтқан историзм принципін қолданбайынша кейбір жайларға кемелді түсінік беру қиын.
Біздегі қиын-қыстау мәселе тарихи эпосқа қатысты болып отыр. Мәлік Ғабдуллин қазақ эпосын 25 том етіп басалық, соның ішінде тарихи эпосқа бөлек томдар берген жөн деп жоспарлаған екен... осы жұмысты тездетіп қолға алсақ, нұр үстіне нұр. Диалектикалық материализм мен тарихи материализм қоғамдар тарихын өзінің бар шындығымен, қайшылығымен терең тануға мүмкіндік береді.
Өткен жылы «Көрұғлы» басылған еді, соны құрастырушы ағайындар бұл батыстан – Кавказдан келген сюжет депті. Шынында, қазақтың тайпалық, ұлыстық эпосы сияқты бұл жырдың да ертеде Алтайда, Орхон бойында туғандығы ондағы ономастикалық, географиялық белгілерден айқын байқалады емес пе? Жырдағы Хоркин (Орхон), Сары өзен (Хуанхэ), Һаудак көл (Варахш), Хорхарум (Қарақорым) деген атаулар бұл жырдың түбі Шығыста туғанына дәлел. Сюжеті жүзден асатын ноғайлы-қыпшақ эпосы да бізде зерттеуден тыс қалып жүр. Қазақ эпосының қалың көпшілігі ислам дәуірінен көп бұрын туған.
Эпос және оның айтушылары – біздің фольклористеріміз көп мән бермей жүрген тақырыптардың бірі. Мәселен, қырғыз туысқандар манасшыларға үлкен мән береді. Киноға да түсіріп, пластинкаға жазып таратып жатады. Бұл талап бізде де бар. Бірақ, аз.
Эпосты айтушылар жайын бір кезде Е.Ысмайылов зерттеген еді. Ол ақындық импровизацияның психологиясын жақсы ашқан. Бірақ, біздің назар аударып отырғанымыз басқа мәселе. Ең алдымен, біздің айтпағымыз ондай жалпылық мақсат емес: айтушы дегеніміз қалай туып, жыраулық, ақындық дәрежеге қалай жеткен, кім қай салада көрінді, оның басты-басты өкілдері қайсы, оларға берілетін баға қандай – осылар төңірегіндегі мәселені анықтау шарт. Бұл мақалада мен бірер түйінге ғана тоқталып, жұртшылықпен ақылдасып алғым бар.
Эпосты айтушы – жырау, ақын дегендеріміз кім? Солардың бәрі де әлімсақтан бері бар ма? Кейбіреулер поэзияның басы – ақын, ал айтушы мен жыраулар солардың жазғанын қайталаушы артист, орындаушы болған деседі. Алғашқы ән, күй, өлең, жыр айтушылардың тегін халық ортасынан іздеу қажет. Ертегіде – семьялық, эпоста – тайпалық айтушының рөлі бар. Жар-жар, сыңсыма, бәдік, тойбастар – әрқилы заманда туған.
XVII-XVIII ғасырларда эпос айтушыларынан Бұқар сияқты ақындар бөлініп шығып, толғау жанрын тудырады. Толғау дегеніміз – ішінде эпизм элементі бар реалистік лирикалық үлгісі. Толғау – эпос ішіндегі монологтан туған форма. Бұрын ел қорғау мотивін жыраулар батырларға айтқызса, енді соны жеке ақындар да айтуға тиіс болды. Алайда Үмбетей, Тәтіқара, Бұқарлар өздерін ақын емес, жырау атаған. Бұлар анық профессионал айтушылар еді. Ноғайлы заманындағы жануарлардың атасы – Сыпыра жырау, Доспамбет, Қазтуғандар толғау мен арнауда көрінсе де, өздерін эпос дәстүрінде сынаған.
Жыраулардың өнері канондық стиль-сюжетке негізделгендіктен, атадан балаға жеткен. Сыр бойындағы Жиенбайдың жыраулығы үш атаға жеткен (Жиенбай – Рүстембек – Көшеней). Бұл – жыраулық дәстүрдің тұқым қуған жері. Ал олардың түрлі ру, тайпа, елден шыққан еліктеушілері одан әлдеқайда көп.
Жыраудың өнері синтетикалық өнер болды. Әрбір жырауда: жақсы музыкалық дарын (дауыс, әуез); қобыз, немесе домбыра тарта білу (күйшілік); импровизациялық қабілеті, орындаушылық өнер болған.
Рас, ХХ ғасыр басында қисса бастыру тәжірибесі туған кезде, көптеген эпостық жырларды даңғыл ақындар өңдеп, оған көркемдік арқау қосқан. Мысалы, Жүсіпбек қожа 40-50 қисса бастырған. Соның бір саласы «Біржан мен Сара», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Мұңлық-Зарлық» сияқты жырлар. Марабай «Қобыланды» мен «Ер Тарғын» жырын қалдырды. Бұлар әрі жырау, әрі ақын еді.
Импровизацияның басы жыраулардан тарайды. Мысалы, Манастың айтушылары оқиғаны бірдей баяндайды, ал сөздері басқа-басқа. Бұл тұрғыдан келгенде, барлық заманда ақын бірінші орында тұрып, өнер жасаған, ал жыршылар үйреншікті кәсіпкер, орындаушы ғана болған деуге мүлдем рет жоқ. Ақыннан жыраудың бір айырмасы – жырау қашанда коллективтік рухта көрінеді. Ал ақындар тек өз атынан сөйлеген. Рас, ХХ ғасыр басында китің-китің жорғасы бар кәсіпкерлер көбейген. Олар репертуарды әр саладан алған, бірақ, соның көбін ұқсата алмаған. Бұдан келіп барлық заманда жыраулар жай жаттампаз орындаушы болды дейміз. Айтыс ақындарымен салыстырғанда тіпті даңғыл жыраулардың ағалығы, өнерге ұсталығы ірілеу де болған. Кейінгі ақындардың мектебі – айтыс болса, жыраулардың мектебі – эпос еді. Бұлардың орнын шатастыруға, немесе бірін-біріне қарсы қою жарамайды. Ақын – лирик те, жырау – көбіне эпик еді.
Кейінгі замандарда ақынның рөлі бірінші орынға шықты. Бірақ, Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, Нартайларды айтпасақ (бұлар әрі жырау, әрі ақын), кейінгі кейбір халық ақындары жырауға тән манағы төрт өнерден алыстап барады... Ақындар тек жазып оқитын болды. Ал домбыра, күй, әннен айырылған жерде импровизация жоқ. Бүгінгі халық ақындарын біз халық поэзиясы стилінде көрінген, репертуарды жаңартқан, авторлық ролі өскен, жазба әдебиетіне бейімделген өнерпаздар дейміз. Бізде ақындарға көмек көп болды да, эпикалық жыр айтушыларға көңіл аз бөлініп келеді. Асылында, мұның екеуін де бірдей өркендету қажет. Сол сияқты, күйші мен қобызшының да өнері биік дамуға тиіс. Кешегі күнге дейін Сыр бойында бәйге атындай үздік шыққан сансыз жыраулардан қазір қол үзіп барамыз. Сыр бойының атақты әнші, ақын, жырауы, сырнайшысы Нартай Бекежанов десек, кезінде соның дауысын да дұрыстап магнитофон лентасына түсіре алмаппыз. Нартайдың әндегі ұстаздары – Тайжан мен Шашубай, жырдағы ұстаздары – бүкіл Сыр елінің жыраулары еді. Сырнай әуендерін шығаруда Нартай бүкіл Оңтүстік Қазақстан өнерпаздарына әсер еткен...
1928 жылы Тереңөзек ауданындағы бір тойда 12 жырауды тыңдадым. Рүстембек, Әлібек, Жасыбай, Молдахмет сияқтылар. Соның бәрі «Көрұғлы» жырын әрқалай айтушы еді. 1954 жылы Қызылорданың қарт тарланы Рахмет Мәзқожаевтан әдебиет институты «Алпамыс», «Қамбар» жырларын өзінің әуендерімен жазып алды.
Қазір де Қызылорда облысында жыраулар, жаңа перілер көбейген. Оларды біз тез анықтап, фестивальға тартуымыз керек. Қармақшы, Қазалы, Шиелі аудандарында жыр дәстүрінен қол үзбеген Ә.Әлішев жолдас Қазалыдағы Шәмет жыраудың сюжеттерін зерттеп жүр. Ол Нұртуғанның шәкірті (жиені) көрінеді. Балқашбай Жүсіпов, Шәмшат Төлепова, Манап Көкенов, Қаражан Төлегенов, Әбілаш Нысанбаев сияқты әнші-жыршылар елге аян. Қармақшы ауданында тұратын Әлімбай Әлиасқаров қазақ шежіресін 10 мың жолдық жыр етіп, лентаға түсірген. Сыр бойының фольклорын жинауда Әлқуат Қайнарбаевтың да қызметі зор.
Ақындармен қатар жырауларды да социалистік өнер майданына жаппай қосу керек. Бұл үшін олардың өмірбаянын, репертуарын анықтап, әуендерін пластинкаға түсірген жөн. Республика көлемінде күйші, қобызшы, жыраулардың жарысын өткізу де артық емес.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі