Өлең, жыр, ақындар

Шыбынсыз жаз

Алатаудың теріскей жақ етегінде бұталарға, адамның кеудесінен келетін қурайларға кездесесің. Мамыр, маусым айлары кезінде бұл тұсқа көзіңізді салып көріңізші…

Ешбір көркем кілемнің, ешбір көркем кестенің бетінен табылмайтын ғажап бояуларды көресіз! Не деген сұлу сурет ол!

Гүлденгіш қурайлар мен бұталар өсетін тұстан тау басына қарай көтеріліңіз. Онда бойларын жарыстыра, таудың биігіне тырмыса өскен қалың шырша тоғайына кездесесіз. Одан әрі өрлесеңіз, тықырлана, ұйыса өскен қалың бетегеге тап боласыз. Ол — қарлы жотаға жақын тұс.

Маусым, шілде айларында көптеген ауылдың отарлары сол қурайлар мен бұталар өскен тұстарды жайлайды. Ол тұстарда, әрине, жыра-жыраның бәрінде жылжып ағып жатқан мөлдір бұлақ.

Абай бір өлеңінде: «Сөзімде жаз бар шыбынсыз» дейді. Сол өлеңді оқығанда мен: «Өзі жаз болсын-дағы, шыбынсыз болсын! Қалай болады ол?!» деп таңданатын едім. Осындай жазды тек ақынның ойы ғана деп ойлайтын едім. Енді көрсем, ондай жаз шынында да бар екен.

Мамыр-тамыз айлары, әдетте, шыбынды айлар болып есептеледі ғой. Осы кезде Алатаудағы отарларда не масаның, не шыбынның ызыңы естілмейді. Өйткені олар онда жоқ. Қайдан болады олар? Тал түсте ысып кеткен ауа райы күн қайта қоңыржай болады. Ал күн бата мүлде салқындап кетеді. Күндіз көйлекшең жүретін адам түнде тон жамылып отыратын кештер болады. Жылы кештер өте сирек кездеседі. Осындай ауа райы бар тұста маса мен шыбын қайдан тіршілік жасасын! «Шыбынсыз жаз» деген осы екен!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз