Төртінші сыныптағы көрсем, білсем деп тұратын балалардың бірі — Айжарық. Айжарықтың аты аспандағы жарқыраған Аймен байланысты қойылғандықтан ба, ол соңғы кездері аспан денелеріне жиі мән беретін болып жүр. «Ғарыштан қарағанда Жер жарық болып көрінеді», «Күн лапылдаған қып-қызыл оттан тұрады» деген сөздерді біреулерден естігенде, сене қоймады. «Жер қара, қоңыр немесе сұр түсті ғой. Ол қалай жап-жарық болып көрінеді? Күн лапылдап жанып тұрған от болса, ол неге жанып бітпейді?» деп ойлады…
Айжарық ақыры «Күнді, Ай мен Жұлдыздарды қалай жақыннан қарап бақылауға болады?» деген сұрақты өзінің сынып жетекшісіне қойды. Бір сәт ойланып қалған ұстазы — Айша апай:
— Бұл сұрағыңа орнықты жауап алу үшін жақын күндері обсерваторияға саяхат жасауды ұйымдастырайық, — деді.
Айша апайының жақын күндері деген уақыты да келіп жетіп, бүкіл сынып автобуспен тауға — Алатауға қарай бет түзеді. Қарағайлы таудың бір биік қыратына көтерілгенде, алдарынан жарқ етіп әлдеқандай бір ақшаңқан ғимарат көріне кетті. Алайда оған кіріп-шыққан ешкім көрінбейді. Айнала тып-тыныш. Күн шайдай ашық болса да, ауада салқын леп бар.
— Обсерваторияға да келіп жеттік, — деді Айша апай оқушыларға қарап.
Бұлардың келгенін біліп, есік алдына шыққан орта жастардағы ер адам ішке кіріңдер дегендей белгі берді.
— Балалар, сендер Іле Алатауындағы Үлкен Алматы көлі маңында орналасқан обсерваторияда тұрсыңдар. Обсерватория дегеніміз — аспан денелерін зерттейтін ғылыми мекеме. Аспан жарықтарына бақылау жүргізетін негізгі аспап телескоп деп аталады, — деді де, қолымен төбедегі ашық тұрған үлкен дөңгелек тесікке тура бағытталған алып түтікке ұқсас құрылғыны нұсқап көрсетті.
— Сендердің жас ерекшеліктеріңе қарай қарапайым тілмен айтқанда, телескоп аспандағы Ай мен Күннен бастап түрлі денелер мен ғарыштағы құбылыстарға бақылау жүргізеді. Бақылау нәтижесінде алынған материалдар мына тұрған аспаптардың көмегімен зерттеліп, анықталады.
Осы кезде қолын көтере қойған Айжарық:
— Ағай, телескоппен Күнді қарап көруге бола ма? Ол лапылдап жанып жатқан от деген сөз рас па? — деді, бәрін бірден біле қоюға асығып.
— Мұнда келіңдер. Оны өз көздеріңмен көресіңдер, — деп, ағай солай қарай қозғалды.
Бірінші болып барып, телескопқа үңілген Айжарық Күн шынында да алаулап жанып жатқан қып-қызыл от екеніне көз жеткізді.
— Ағай, Күндегі от сөнбей ме? — деді ол.
— Сөнбейді. Сөнсе, мына жарық дүние қараңғыға айналып кетпес пе еді! — деді ағай.
«Иә, дұрыс айтады. Күндегі от сөніп қалса, бүкіл дүниені қараңғылық басады ғой. Ол кезде өмір де болмайды. Алыстағы Күнді дәл қасыңа әкеліп көрсететін телескоп та ғажап құрал екен-ау!» деп ойлады Айжарық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі