Төрт актылы, бес суретті трагедия
(Жаңадан түзелген түрі)
1943 жылғы нұсқа
Қатысушы адамдар:
Кебек — жас батыр.
Еңлік — сүйген қызы.
Есен — батыр.
Нысан абыз — кәрі ойшыл, ақылгөй, ақын, дана.
Кеңгірбай — Қабекең (би).
Қараменде — би.
Көбей — ол да.
Еспембет, Жомарт — найман билері.
Жаңал — қойшы бала.
Кембай — тобықты кісісі.
Матақ — ол да.
Жәуетей, Қалдашбай — тобықты жігіттері.
БІРІНШІ АКТ Бірінші сурет
Абыз мекені. Қоңыр, күңгірт үйде күңгірт сәуле. Ауыр мұңға батып Абыз отыр. Қолында қобызы Жаңа ғана күй толғап тоқтаған,
А б ы з. «Көкей кесті», «Көкей кесті» күй не дейсің? Уа, не қыл дейсің? Тынбаған көңіл, талмаған көкей (жымиып) күшік!.. (Қобызына жағын сүйеп, ырғала толғанып.) Пак пәруәрдігәр!.. Бе-еу! (Ыңыранып, Асан қайғынық күйіне үн қосып.)
Құйрығы жоқ, жалы жок,
Кұлан қайтып күн көрер!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтып күн көрер!
Ащы зарлы Асан сен ең, алыстан сарын қосқан Нысан мен ем...
Тұнығым ылай болды,
Уа, тұнығым ылай болды,
Қуғыншым құмай болды.
Кұтылар қайран жоқ,
Сор қамар сынай болды, (Асанша толғап)
Алданар жоқ, арман көп,
Кәрің қайтып күн көрер!
Жарастық жоқ, жалын жоқ,
Жарым қайтып күн көрер!
Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтып күн көрер!
Бәріңнің де нәрің жок,
Елім қайтып күн көрер?!
Кәрі көңіл о бір зәр. Күні еңкейіп, көлеңке басқан бейуақтай. Самал желі мұздай, көк майсаны сыздай етті, Ызғар сезген бойым бар. Панасыз ел баладай... Апанда қара бұлт ақ бұлтпен шарпысып, телегей ойнап дауылдатып ол келеді. Соны білмей бұл бала тас ошақтың басында от шашып ойнайды, от шашып ойнайды. Қамыққан қамқор қаны... Бек буынған бағлан батыр қаны.
Қайта сарындап, қобызды күңірентіп кетеді. Кебей кіріп, үндемей отырады, қасында үнсіз жолдастары — ол Кембай, Матақ, Абыз сарнап отыр.
Құйрығы жоқ, жалы жок,
Кұлан қайтып күн көрер!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтып күн көрер!
Ыңыранып бір ырғақты сөзсіз міңгірлеп айтып кеп, аяғында.
Елім қайтып күн көрер! (деп тоқтайды). Көбеймісің, жарқыным? Аз ауыл тобықтың не күйде? Елің, ерің аман ба, ұлдарым?
К ө б е й. Ел тыныш, ер аман, баба!
К е м б а й. Күйің қалай, жақсы аға?
А б ы з. Күйдің несін айтайын. Тобына ере алмай, жырылып қалып, бір қуыс шатты мекен еткен кәрі бұғы қайтушы еді? Тек өздерің бар бол!
К ө б е й. Көптен келіп алдыңнан да өтпедік. Оң жүрміз бе, теріс боламыз ба? Анда-санда бір өсиетің тездей болушы еді, қарт баба!
А б ы з. Барыстарың калай, шет пе еді, ел іші ме?
К ө б е й. Ел ішінің бір сөзі болып, би шақыртқан екен, соған барамыз.
А б ы з. Ел ішінің не сөзі бар, сөйлеп кет.
К ө б е й. Дәл бүгінгі белесте соны айтайын дерлік даурық жоқ, баба!
А б ы з. Ұлым, маған сөздің кешегі, бүгінгі дейтін сүрі, жасының парқы жоқ қой... Табанды би майталман шығар ма, еліне қайырым қылар ма? Текпілі батыр бәйшөгел шықты ма, бетінен жау ықты ма?
М а т а қ. Еліне еңбегі асқан ұлы кім, соны білмек қой.
К ө б е й. Айтайық, айтайық, баба, оларың бар бүгінде, жоқ емес...
А б ы з. Әлі береке десе кер кетіп, пәле десе жұлынған, тоқсан сусар тон берсең де, тоқсан қара нар берсең де бітпеймін деп басқа шауып, төске өрлеген матай бауырыңмен бітім таптың ба, табыстың ба, түге?
К ө б е й. Таптық, тындық қой, баба.
А б ы з. Қай ер қандай қамқор қайрат етті? Қайтып тыным таптырды? Ұзаққа табыстың ба, жоқ алданыш аял ма? Еміреніп ел табысты ма?
Кө б е й. Баба, матай сөзінің басы таудай болып келсе де, аяғы сиырқұйымшақтап келіп, қылдай болып кетті.
А б ы з. Не дейсің... Есе бермедім, еңсеріп ұттым дейсің бе?
К ө б е й. Басында бұрқ-сарқ етіп келген бетінде ашуы құйып тұрған нөсерге өшпес алау атып тұрған өрт еді. Бірақ біздің бидің айбыны мен айласы сол ашуын басты ғой.
А б ы з. Сол қара шал жақсы дер ем, тек жау таппай, бауыр таптырса екен еліне!
К ө б е й (күліп). Батыр болсаң бопсаға шыда дегендей... Ерліктің, ептің үлкені бопсаға шыдау екеніне көзіміз жетті. Жүрек қобалжымай, табан таймай, қасқайып тұрып салысуға шыдастық. Би солай сілтеді. Содан матай шырайлана бастады емес пе?
К е м б а й. Жарықтық біздің би сырттан ғой... Тобықтының асқар белі емес пе?
А б ы з. Бұл да бір анда-санда кезігер, еткел сындай жер еді. Таптың, таппадың ба, болжау қиын. Есебім озды деймісің? Есесі қалды десеңші. Ауылдастың тайы озып тұр ма әлде! Алдың тыныш дей алмадым-ау... Қасың қазақ! Қазақ халқың... Құрсауын бүтін көрсемші... Шоғырың ғана бүтін-ау... Батырың қане, ол не дейді? Бар ма бағлан?
К ө б е й. Бар ғой, баба, ер тумаса ел бола ма?
А б ы з. Аташы атын.
К ө б е й. Аты Кебек.
М а т а қ. Кебек деген ерек боп тұр.
А б ы з. А-ау, анау бір естігенім болар ма, Тоқтамыстың інісі ме?
К ө б е й. Сол, баба!
А б ы з. О кімді алды? Алыс па еді, жақын ба еді сілтегені семсерін?
К ө б е й. Тағы сол матай ғой (Абыз солғын қарайды).
М а т а қ. Алысқан соң алыс, жақын деп тұрсын ба?
К е м б а й. Е, күш атасын тыңдар ма! Бұл еңірдің бұдан асқан ері жоқ.
М а т а қ. Бақ берсін бақырға, тайталасар тұрғысы жоқ...
К ө б е й (көтеріліп). Матайдын алғашқы екпінін су сепкендей басқан да сол Кебектің бір өзінің қайраты ғой. (Абызға) Матай қолын бастап келе жатқан өңшең ығай мен сығай, көкжал бөрі дәл жортуыл басы он бес батырға жалғыз өзі майдан берген. Қандай қып берген десеңші! Қиын шақта жапа-жалғыз соқтығып, жетеуін бірдей бірінің үстіне бірін ұмар-жұмар түсіріп, сегізін түре қуып кеткен... Сонда қалың қол бассыз қап, боранды түнде қасқыр шапқан жылқыдай ықпасын ба? Кебек жаңағы қашқан сегізін бірдей тағы түсірген. Бар батырын бір батырға байлатқан қол енді қайтып ес жисын? Кебек қырық қана жігітпен бар матайды бидайықтай бүрген кеп. Сонымен жерден қумақ, қор қылмақ боп келе жатқан матай еріксіз кеп біздің бимен бітім, байлау сөйлесіп, жолға түсіп, жөнге көшетін болғаны емес пе? (Күледі.) Таяқ батқан соң есі кіріп қагіты...
М а т а қ. «Құштарым берекең бе еді, ерекең тұр ғой қайтейін» деп, матайдың өз ішінен де сылтың айтып кеткендер бопты.
К е м б а й. Сылтың айтар, бірақ шер айтқан да болыпты ғой. Кебекке орай ер шығармасам ел болмайын десіпті. Кебектен осы кегімді әперер ер шықты деген күні өлсем арманым жоқ депті бір батыры.
М а т а қ. Анау он бестің бірі Көшен батыр екен... Сол еліне барып, кек дегеннің табынан сары ауру боп жатып, құстадан өлігіті деседі.
К ө б е й. Рас, солай деседі, баба, Кебек ұлыңның туы солай шалқып тұр, бүгін аз ауыл тобықтыңның үстінде.
А б ы з (өз-өзінен шөккендей, сырт айналғандай мұңға кеткен. Қобызына таянып қапты).
Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтып күн көрер!
(Көбейлер бір-біріне қарасады да, иіліп қош-қош айтып, шығып кетіседі.)
Әреке деген көк ауру, сені тияр талқы жоқ,
Ішті жеген жегінің жерге кірер қалпы жок,
Барар бетің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ.
(Құлақ күйіне басып.)
Бәріңнің де нәрің жоқ
Елім қайтып күн көрер...
Есен кіреді.
А б ы з. О, қай ұлсың?
Е с е н. Уа, баба, арғы атам Найман, бергі атам Сыбан, өз атым Есен, елім қосқан атым батыр Есен.
А б ы з. Мерейің ассын ұлым!
Е с е н. Алдияр, дегенің келсін.
А б ы з. Ұлым, не жаймен жүрсің?
Е с е н. Алдымда бәсеке деген екі тосқауыл кезең түр. Бірінен өту үшін түгі шыққан жүрек, балуан білек керек. Енді бірінен өту үшін тәңір үстем қып жаратқан талап керек. Титығымды сол құртады. Осы екеуіне де өзіңнен бата алайын деп келдім.
А б ы з (аз кідіріп). Ұлым, екеуіне де кеудесі қуыс пенде қосар күш болар ма. Ұрынамысың, ұрынтармысың, бір өзіңнен көрер ме екенсің. Айтып көрші мән-жөнін.
Е с е н. Баба, жылқы ішінде аладай, аз тобықтының ағасы емессің. Елімнің Абызы деп келдім. Алғаш айтқан кезеңім, алапаты асқардай батырмен күш сынаспақпын. Кездескелі ізденіп жүргенім өзіңнін іні батырың Кебек! Өшім бар сол тобықтыда. Ағам Көшен жан кемітер ер ме еді! Кебектен көрген күйіктен, құсадан өлді. Кемімес кегім бар деп, өлерде өсиет қып кетті. Аямастық антым бар. Бірақ қапыда қалмаймын. Қасиетімді жоймаймын, сертім осы. Себің тигіз, бата бер! Содан қалған бір кезең жастық, албырттық кезеңім. Матай кызы жесірім, інімді менсінбей кетем дейді. Ерден кетсе де, елден кетірер мен бе едім? Бірақ қыз-қырқылжың түлкідей болғанда, мен шынымды айтайын, айласызбын. Су бүркіті сасқалақ сарыдаймын, ілінбей жүр, ілгізбей жүр тау тағысы көкшулан. Шеңгеліме сол түссін. Бейілің бер, бата бер.
А б ы з. Батыр десем.,. белге шықпай ойда ойнақшыр бейпіл ме ең. Азамат десем ауыл үйдің тентегі ме ең? Мақтамаймын Кебекті, құптамаймын сені де. Кегім десем — зықымды алған зұңғарды айтсам не етуші еді? Ашуды айтсам, Ақтабан-шұбырынды ма еді ұмытарым; тастарым. Елдігім қайда сондағы? Қусам соны қусамшы. Кесескенім Кебек болса ертсемші сол жолға, салыссамшы, жарыссамшы сол жауға қарсы сілтеген қайқы қара жолында... Елің үшін ермесе, сонда алсаңшы бар есеңді. Төңірегіңді торыған жатты көрмей, жағаласар жауың жақының бопты. Жарқыным, мен емес ертер серігің!
Е с е н. Болды, баба! Тоқта, баба, толас бер. Жеңілдім, жеңдің сен мені... Тек осы кебің Кебекке жетпей жөрмесін... Жеңілдім, жеңдің... жеңдің, бай-бай, сен мені! (деп атқып жүріп кетеді.)
А б ы з. Әрекетте алқын зор,
Береке мұнша неге қор?
Кеселді іске керме жоқ.
Қаусырмалап қалың тор,
Халкым қайтып күн көрер!
Күн кейпінде тағы сор,
Алдым тағы қара нор,
Жарқын жүзді жақсы жоқ.
Асылымның бәрі бор,
Халқым қайтып күн көрер!
Кебек келеді. Ол батыр пішінді емес, сұлу сәнді бозбала. Сыпайы түрде иіліп тағзым етеді. Абыз таңырқап, қызыға қарайды, күтпеген оқшау жан тұр.
Мерейін биік шоқыдай,
Келіс көркің тотыдай
Қызықтырған қай ұлсың?
К е б е к. Армысың, әз аға! Асыл аға!
А б ы з. Бар бол, немен жүрсің, жарқыным?
К е б е к. Ойдағымның бірін ірікпей барын айтсам болар ма екен, әз аға?
А 6 ы з. Айтарсың, ұлым, айтарсың. Жат айтпассың, жақсы айтарсың. Ажарыңнан аңғарам... Жауың бар ма, соны айтшы?
К е б е к. Бірде-бірге өшім менен қасым жоқ... Жауым жоқ менің!
А б ы з. Бәрекелде, баламсың! Досың бар ма?
К е б е к. Өз көңлімді барласам дүниенін бәрі дос. Жарқыраған күн де дос, тұнжыраған түн де дос. Бәріне де жаным шат! Бірақ, баба, бір деп бекем үстаған анық досым өзі жоқ... Айып қылма, өз аға. Сүйерім мен сүйсінерім мүлде көп. Сауық құрам — ән сүйем, саят құрам — аң сүйем, жалын ұрам — жар сүйем. Қазір де міне сүйгендеймін, ынтығам. Бірақ қайда сол, кім сол өзі, кезікпедім, таппадым. Тек алдымда нәркес қана қара күз: «Ізде мені, тап мені!» — деп, тұнжырап қана бір қарап, наз тастап қана бір кетеді! Кезігермін бе, табармын ба мен соны? Көрмес бұрын сүйген ем, көрермін бе сол ғана бір көз нұрын?
А б ы з (күлімсіреп, ұққандай). Қайтсын-ау, сыңқыл-сылтың... сылтың-сыңқыл тілейді-ау жас бейбақ! Көктемнің күркін-ай... Мамырдың бір нұр шуағы дермісің! Жасты көрсем, осылай көрсемші!.. Бақ талай баршындай! Кебегім болармысың осы сен?
К е б е к. Сол баланың өзі едім, баба.
А б ы з. Қас демейсің, дос көксейсің. Сүйсінемін бұныңа. Қас іздесең, алыстан ізде. Алысқа қара қырандай.
К е б е к. Алдияр ата, ақылыңды құп тұттым!
А б ы з. Тілегенім менің де сол жолдағы талайың болсын... Бірақ жаңа нені айттың? Алдыңда бұлдыр сағым ішінде бұлыңдаған бір кезең боп сол тұр ғой! Соқпай өтер дей алмаймын. Не табарсың, не көрерсің сол белде? Ұшырарсың, ұшыратарсың сен оны! Ұшырамас түрің жоқ. Тек ұрынып, ұрынып қаласың-ау, балам, жан балам! Толастар күн, тоқтатар күш тағы жоқ. Кімге кезігерсің? Тым болмаса қылымсыған қырмызыдан сақтаншы! Тым болмаса, ең болмаса биыл ұрынбашы, бұл түріңде таппашы.., Албырт көңіл тақат қоймай апкетердей түрің бар... Содан, содан қорыққан мұңым бар... Апкетер-ау еңсеңді...
К е б е к. Бағымды ашсын, батаңды бер, әз аға... (Қойнынан құндыз алып, Абыздың алдына салып.) Ақбас құндыз алдымды ашсын, бата бер.
А б ы з. Адалдан бер, ақтан бер!
Бәлекетін жатқа бер.
Ер маңдайын баққа бер!
Абырой асар жаққа бер!
Қара түндей қазаны
Қас ойлаған жатқа бер
Сөнбес күндей шат көңіл
Жазығы жоқ жасқа бері
Адал жолды аққа бер,
Мерейі асқан еренім
Кебек сынды таққа бер!
Шымылдық.
Екінші сурет
Тау іші, жартас. Әндетіп Жапал шығады қойда жүр. Айналаға көз салады, тастан-тасқа шыға жүріп әндетеді. Қойшы әні.
Ж а п а л.
Шек-шек, шек-шек, шегенек!
Мал ішінде көбелек.
Тасты көрсең телмеңдеп!
Жүгіресің жебелеп!
Тынымы жоқ, тыныштық жоқ
Құртты құйрық кебенек!
(Құшырланып қайырады).
Шек-шек, шек-шек, шегенек!
Қош-қош, қош-қош, қошақан,
Майлы құйрық момақан.
Бөрі көрсе бор кемік
Бар буыны босаған,
Тауда тарлау, ойда өлең
Тапса бойы жасаған,
Қош-қош, қош-қош, қошақан!
(Биік тас басына шығады. Айналаға көз салып).
Шыңғыс! Қара қойтас қан Шыңғыс! Оңда Шыңғыс, солда Шыңғыс... Анда Шыңғыс! (Жан-жағына қол созып). Анда Шыңғыс... Анда ІІІың... Шың? Тоқта, бұл не? Жұлындай жерден жіп-тіктей түтін емес, шаң бұрқ етті... Тағы, тағы! Бұрқ-бұрқ... О-о, будақ-будақ шаң шықты. Төбелес, барымта... қуғын... Тағы және шабуыл да сабуыл... Қайран Шыңғыс, күнде осындай жойқын төбе! Жортуылшы. Тентек батыр, жентектесті тағы да! Пай-най! Шіркін, батырда да арман бар ма екен? (Басын шайқап.) Әй, бірақ осындай қойшыдан батыр шығушы ма еді? Жо... шығады. (Қиялға кетіп). Астымда мейіздей қатқан ақ бедеу, қолымда мейіздей қатқан қара шоқпар. Ай тастай қараңғы.,. Жау қатты. Күндіз әлгі бір жаман қойшы бала қызыл тасқа бесінде кеп бекінген. Тобықтының түстері суық, өңшең көк темірге құрсанған ығай мен сығайы... Қалың жауын көріпті. Я, ауыл шошынып тұр, Жылқышының бірі қорқып-пысып жүр... Бірталайы: «Е, қайтушы еді, Жапал бар!.. Жапал ағам бар... Жойқын Жапал батыр бар!» деп ағаңды арқа тұтып жанасалап жүр. Үркер көтерілетін кез болды. Тап түн ортасы... Жылқыны қомақтап жусатқалы келе жатыр ек... Ағаң калың жылқының тең ортасында келе жатыр еді. Ақ бедеудін құлағы қайшыланып, елең ете түсті... Сол-ақ екен, «қеу-қеу-қеуу қе-еу!» — деп қалыі жау қаптап қоя берді! (Тастан секіре бере). Уай, немене, сонда ағаң кеп, ақ бедеуді жамбасқа салып-салып жіберіп тапап берді-ау!.. (Өзін-өзі қамшылап, тасты бауырлап жүгіре беріп, қызып айқайлап.) Қайт-қайт! (Деп тап бергенде дәл бүйірдегі тастан аса бере Еңлік бұның өзі не дүрсе қоя береді.)
Е ң л і к. Ұрып таста! Ұрып таста! (Жүгіреді.)
Ж а п а л. (оқыс шошынып қап, жалт беріп, жата кетіп). Ойбай, олда! Ағатай! (Қырылдап қалады, дауысы да шықпайды.)
Е ң л і к (күліп, мазақтап). Ойбу, бетім, батыр шөгелім-ай! Барың сол-ақ па?. (Күледі.)
Ж а п а л (есін жинап). Е-е, қорықты ғой деймісің, тапқан екенсің... қорқағыңды.
Е ң л і к (күліп, мазақтап). Е, мына тасты құшақтап жатқаның не, тасбақадай тарбиып? (Күледі.)
Ж а п а л. Бәрекелде, мынаң қара! Төбелес тәсілінен түк білмейтін қызды қара... Масқара!
Е ң л і к (күліп). Масқара... Төбелесіп қырып жатырсың ғой тегі.
Ж а п а л. Ой, бәлі... Айбалта, сойыл тимесін деп ат жалына еңкейіп, жабыса шапқаны емес гіе? (Тұрады.)
Е ң л і к. Ай, батырым-ай, қоянның бойын көріп қалжасынан түңіл дегендей, осы сен екеуміз батыр болмай-ақ қойсақ не етер еді?
Ж а п а л. Неге? Батырлық жаман ба?
Е ң л і к. Неге жаман болсын.
Ж а п а л. Батыр жаман ба, әлде?
Е ң л і к. Жоқ, о да жақсы...
Ж а п а л. Ендеше дәл осы өзін батыр болар ең-ау, Еңлік апа. Бірақ керегі не, мал берген жетеді де! Кетерде... (Еңлік боп ойнап жылап.)
Ақ көйлектің етегі төкпелі-ай,
Мен әкеме өкпелі-ай... (Еңлік күледі.)
Әкпелемей қайтейін,
Бір-екі ай маған көп пе еді-ай!..
Қайран апа, кете барасың-ау жаманға...
Е ң л і к. Қимаймысың сондайға?
Ж а п а л. Жаманға қимаймын. Тек батырға ғана қияр ем... Не өзің батыр бол. Садақты қандай тартасың, жүрегің де сескенбейді. Ерсің... Не болмаса батырға, таңдап жүріп ең елден асқан батырға ти. Соған серік бол дер ем...
Е ң л і к. Жаным-ау, оны маған кім береді?
Ж а п а л. Е, жоқ па сондай. Бар ғой осы өңірде.
Е ң л і к (кіналай қарап). Немене тағы, Есенді айтайын деп пе ең?
Ж а п а л. Жоқ, ол емес...
Е ң л і к. Енді кім?
Ж а п а л. Бар дейді ғой талай батыр! Кебек деген елден асқан бар дейді, естімеп пе ең атағын?
Е ң л і к. Естіп ем, көп естіп ем. Көп мақтайды. Бірақ көріп білген емен.
Ж а п а л. Атағына ақылы мен көркі де сай дейді. Бөлек дейді ғой, Еңлік апа!
Е ң л і к. Тірі болсын азамат, асыл ер!
Ж а п а л. Бірақ тілеуін көп тілемей-ақ қой, пайда жоқ.
Е ң л і к. Е, неге айныдың?
Ж а п а л. Ол бізге жат, бөтен ғой... Тобықты емес пе?
Е ң л і к. Ә, солай ма еді?
Солғын оймен шет кете береді. Ән айтып бара жатады. Кетеді. Жапал сол әнге алыстан қосылып қалады.
Ата-ана әлпештеген баласымын,
Көзінің ағы менен қарасымын,
Аға жоқ, бауыр да жоқ, жалғыз басым
Кәрілер сүйеу көрген дарасымын...
(Кеткен.)
Ж а п а л (тастан қарап). Мынау кім? Тағы келеді екен. Тауда Еңлік әні естілсе болды, қоянды қуған қасқырдай салаң ете түседі. Тоқтай тұр!..
Ақырын баспалап қарап, жаңағы әнді айтып, тасты айнала береді. Еңлік үніне салып айтады. Аздан сон Есен көрінеді. О да баспа қып келеді. Бірақ жүрісі сөлекет.
Е с е н (тастан айналып келе жатып). Еңлік! Аспанда қалқып келе жатқан қас қыран... Тастан қылп етіп асқан алқызылдыд жонын шалып қалғаны, Еңлік, көрінші енді көзіме!.. (Айналып кетеді. Жапал әндетіп баспалап қашып жүріп, көрінбей айтады).
Ж а п а л. Еңсесі кетіпті... Әукесі түсіп жүр! (Кетеді.)
Е с е н (іздеп келеді). Еңлік! Ойнама, Еңлік. Қашпа, жаным... Көрін менің көзіме. Бұл қайда мүлдем! Еңлік, Еңлікжан, уа мен!.. (Ән алдында кетеді. Жапал әндетіп тағы айналып шығады.)
Ж а п а л. Қоян қуған құтаяқтай. Барыққанша көрмессің. (Кетеді. Есен тағы айналып шығады).
Е с е н. Уай, Еңлік деймін, қашпа менен, қашпа, жаным, қинама. Қайда ғана батып жүр, тоба! Әй, бәлем, тұра тұр... Ойнайсың ғой. Ендеше тәңір бергені. (Қайта бұрылады, Жапал да қайта айналады. Ән. Есен ыза бола бастайды.) Уа, болды... болды, Еңлікжан! Көрін.,, көрін, ойбай, көзіме! Уау, ойбай... Қайдасың, Еңлік..,
Арлы-берлі сарп ұрады. Киімін жұлып тастап ұмтылады. Жапал әндетіп шығып, киімін алып кетеді. Есен тағы шыққан, мүлде талған.
Сиқыр ма бұл, ой, тоба! Жын ба, сайтан ба?.. Уа, Еңілік, ойбай. (Тап береді де, тастан айнала берген Жапалды құшақтай алып.) Айналайын, бал тәттім! Бал тәттім! (Жапал аңыра қарайды.) Әй, әрмән! Сілемді әбден қатырдың ғой, түбің түскір! Сен сүмелек неге жүрсің?
Ж а п а л. Е, қойда жүрмін...
Е с е н. А-а, қой, қойда... Рас, қойда жүрсің! Жапал, е-е қой, қойда! (Келіседі.) Әй, жаман бала, уа бер ке.., Жә, ал айт!
Ж а п а л. Нені? —
Е с е н. Қызды айт деймін.
Ж а п а л. Қай қыз?
Е с е н. Ой, түбің түскір, Еңлікті айт деймін!
Ж а п а л. Еңлік?
Е с е н. Жә, ал! Өзі немене... былай? Немене... Жақсы ма?
Ж а п а л. Жақсы.
Е с е н. Мінезді ме, былай?
Ж а п а л. Мінезді.
Е с е н. Ақылды ма өзід былай?
Ж а п а л. Ақылды.
Е с е н. Ал, сонсоң ақсақ қой айдағандай немене өзің? Айт, айтсаңшы енді...
Ж а п а л. Нені?
Е с е н. Ой, түбің түскір, айтсаңшы былай... өзі немене, мінезді ме?
Ж а п а л Білмейім...
Е с е н. Жаманаты жоқ па, былай?
Ж а п а л. Білмейім...
Е с е н. Уа, жігіті жоқ па, былай?
Ж а п а.л. Білмейім...
Е с е н. Ой, түбің түскір. Біл ендеше соны! Аңды. Ұқтың ба? Аңды. Үндемей, бар жүрісін аңди бер, былай!
Ж а п а л. Рас па? (Оқыс ойнақшып). Ал Еңлік келеді. (Есен қалбақтап, сасып қалады.)
Е с е н. Ой, жаман бала, сен түбің түсікір, айтпа әлгіні ол қызға... (Еңлік келеді. Есен қызығады.) Еңлікжан, айналайын, Еңлікжан! Қызығам... Қызығам-ау, қайтейін.
Е ң л і к. Алда, батыр-ай, солай ма еды? (Күледі.)
Е с е н. Солай... солай емей қайтейін... Тақатым қаны, Еңлікжан.
Е ң л і к (күліп). Батыр, батыр, бұ қалай .. Неге мұнша бүлініп тұрсың? Бұның нең?
Е с е н. Еңлікжан, сынама... сынама тек... Бейілің бер, шырайың бер.
Е ң л і к (салқындап). Не дейсің, Есен?
Е с е н. Еңлікжан, сөйле... Сөйлеші маған (Еңлік салқын, үндемейді.) Неге үндемейсің... (Түңіле бастап.) Сөйле деймін.
Е ң л і к. Саған айтпақ сөзім бар ма еді, не айт дейсің?
Е с е н (қатайып). Ерке қыз, бұл кемсіту ме, мазақ па? Найманның неше ұлын алдамақ ең. Бірақ мені алдау құр кетпейді... Мен батырмын.
Е ң л і к. Батырлығыңды қайтейін, аңғалсың. Алдайын деген кісіге кез келсең, елдің алдымен сені алдар.
Е с е н. Уа, не қыл дейсің, жөніңді айтшы осы маған.
Е ң л і к. Менің затым әйел, қайратыңмен жұмсатам деме, ебіңмен кел... Жөніңді өзің айт, аңғал батыр.
Е с е н (тағы жұмсап). Еңлікжан, сенің ісің құрулы садақ, құрсаулы жаудан қиын болды-ау осы маған. Ерден кетсең де, елден кетпе. Аталы рудың келінісің. Аруақты қорлама. Інімді менсінбесең, өзіме ти. Мен саған құштармын дедім. Не дедің сен осыныма?.
Е ң л і к. Ата намысын қуған ұл болсаң, өз құлқынынды қоя тұрар ең-ау!.. Тегі, көрде жатқан аруақтың басын ауыртпай-ақ қойсаңшы. Одан да ініңнің намысы қайда! Ол сенің мойныңа қарыз емес пе? Мен әлі ініңе бармаймын деген сөзді айтқаным жоқ қой. (Күліп.) Аздырып алмақпысың, осы өзін қалайсың?
Е с е н. Уа, доғар, доғар, сайқал қыз.
Е ң л і к. Е, ендеше сөйтіп жөнге кел...
Е с е н. Атама, атама мүлдем. Ата-анаң атастырған ініме тием десең дауым жоқ. Онда үнімнің өшкені. Ал тек бірақ көңлің оған тұрақтамаса... тынбаса... басқа жанның ортағы жоқ, сен өз Еңлігім боласың, менікісің.
Е ң л і к. Ондағы күнді көзің көрер. (Күліп.) Бірақ бүгінгі күнде әдепті бол, қайнаға, қайнағалық жолыңды біл... Мен үйреткенім мақұл болмас, рас емес пе? (Күледі, Жапал бірге күледі.)
Е с е н. Тоқта... Тоқтат, қыз, тіліңді (Жапалға). Ой, жаман бала, жоғал! (Еңлікке.) Сенің жараң онсыз да маған жеткен, шанышпа, шанышпа, қыз, тағы да. Бірақ бұл жолы сен жеңдің. Амалым жоқ, артын тосам бұл сөзіңнің.
Е ң л і к. Бәсе, ер болсаң сабырлы бол сөйтіп.
Е с е н. Сабырлы бол! Алдымен сен сабырлы бол! Сен азған күні менен сабыр сұрама. Мен енді күндегі ізіңді аңдимын. Алдасаң кегім бітпейді... Осыны тоқы жадыңа. (Жапал Есенді мазақтап, үніне салып дыбыстап қалады.)
Ж а п а л. Еңлікжан! Айдалайын, Еңлікжан, уау. Еңлікжан! (Еңлік күліп жібереді. Есен сезіп қалып, атып тұрады.) Сөйле, сөйлеші. Мал кетті ғой. Еңлікжан!
Е с е н. Ой, түбің түскір, жаман бала!
Ж а п а л. Еңлік апа, осы кісі ылғи түбің түскір дейді. Мені көбі шелек дей ме, немене?
Е с е н. Ой, әрмән, жаман бала! Ал, Еңлік, мен кеттім, қош тұр! Ұмытпай тұр кебімді (кетеді).
Е ң л і к. Қош, ұмытпаспын кебінді... Бірақ қорқып қатын да болмаспын мен саған!
Ж а п а л. Немене, Еңлік апа, мынау өзі алам дей ме, не дейді?
Е ң л і к. Сен немене? Менің сырласым болайын деп пе ең?
Ж а п а л. Жоға, тек матай, сыбанда осыдан артық батырдың өзі де жоқ дегенім ғой.
Е ң л і к. Телиін деп пе ең осыған? Батыр сұрадым ба мен сенен. Құтылуға ынтықпысың әлде? (Күледі.)
Ж а п а л. Жоқ, апатай, кетпе! Бірақ қартайғанша өзің де отырмайсың ғой. Кәрі қызда қадір де жоқ деседі ғой.
Е ң л і к. Жаманға бар деймісің?
Ж а п а л. Ойбай, оны да айтпаймын, апатай. Ел құрығандай ер шықпай-ақ қойды ғой әйтеуір. Өзі батыр, өзі көркем... Өзі думан, өзі сері, келсеші тек біреуі..,
Е ң л і к (сүйсініп барып, жүдеңдеп).
Мекенім, жерім, тауым көп...
Тауы толы тағы көп...
Көңілімде арман көп..,
Айығатын шағы жоқ.
Басыбайлы Еңлікті
Арашалар бағы жоқ...
Осы кезде сахна сыртынан сарын естіледі. Дабылдатып аң қуған ба, тасырлатып жау қуған ба, сондай бір үлкен сарын. Еңлік пен Жапал елең етіседі.
Тоқта, бұ не?
Ж а п а л. Жау ма тағы? Бұл неткен шабуыл? (Жүгіріп тасқа шығысады.) Қодыға. Аңшы екен! Әне! Ана кетті!..
Е ң л і к (садағын жұлып ап, тас басына жүгіре шыға табан тіреп тұра қап). Тимеді оғы. Былай атсашы оны. Мә!.. (Атып жібереді. Алыстан «атпа!» деген үн шығады).
Ж а п а л. Жығылды! Омақата жығылды... Әй, апатай... өзіңнен асқан кімі бар?
Жігіт жүгіре шығады, ол Кебек.
К е б е к. Кімің аттың? (Еркекше киінген Еңлікті танымай.) Сенбісің, бала, атып жыққан? Неге аттың?
Е ң л і к. Екі ататын сен емеспін, мырза, қодығаң болса, тағы көрсет! (Күледі.)
К е б е к. Қап, не дедің, сен бала? (Қызық көріп жақындап, ойнай сөйлейді.) Атып бер деп қашан айттым? Қуып атып келе жатқан өзім ем. Қызығын өзім көрмек ем.
Е ң л і к. Қызғанғаның қодыға болса, ол алысқа кеткен жоқ қой, жігітім. Жапал, алып келіп қодығасын байлап бер мына мырзаның жанына (күледі, Жапал жүгіріп кетеді).
К е б е к. Мен қызылына қызықпаймын, бала.., Қуғаным қызығы еді. Атқан өзің, өзің ал.
Е ң л і к. Неге? Қуған сен. Еңбек те, жол да өзіңдікі. Біздікі әншейін еріккеннен сілтей салған бір шығасы оқ емес пе еді? (Жапал қодығаны алып келеді.)
К е б е к (Еңлікке қайран боп қарап). Менің алар жөнім жоқ, бала мырза... Мергендігіңе сүйсіндім, со да менің олжам болсын, өзң ал! Және арқар да жеріңнің аңы еді. Өзіңде қалсын!
Ж а п а л. Тобықты екен ғой өзі!
Е ң л і к. Мырза, жүгірген аң жер иесінікі емес, жеткендікі болады да. Және біз атқа мініп найза ұстаған аға азамат емеспіз. Жалғыз түп көде мен ұрттам суға таласып матай, тобықты боп шабысатын солар ғой, сіздер ғой...
К е б е к (қасына таңырқап жетіп кеп). Япыр-ау, жаным, сен кімсің осы? Сөзін қалай ұрымтал еді! Жөн-жосығың кім деймін, ә?
Ж а п а л. Өзі кім екен, өзін сұрашы!
Е ң л і к. Жөн-жосық әуелі жүргіншіден болмайтын ба еді?
К е б е к. Оның тағы тура. Алды-артымды орап, қамап болдың-ау, жарқыным. Ендеше мен тобықты жуантаяқ ем... Атым Кебек.
Ж а п а л. Кебек? Батыр Кебек қой, Еңлік?
К е б е к. Еңлік? Атыңа қанық ем, құрбым.
Е ң л і к. Мен сізді көрмесем де білуші ем.
К е б е к. Бәсе, еркек десем ептісің, бала десем бидейсің. Айтып сояр ақ малымнан адал екен, Еңлікке кеп кездестірген қодыға неткен құтты еді! (Жапал қолынан алып, Еңліктің алдына әкеп салып.) Көргенге де көңілім өсті, айып етпе, жақсы құрбым!
Е ң л і к. Көргеніме мен де ырзамын, батырым! Бірақ тағыларша тауда табысып тараспайық. Қадірмен күтер қонағым бол... Үйіме жүр! Мына қодығаның да дәмін сонда көрерміз... Ас иесімен тәтті болсын.
К е б е к. Сен бастасаң ермес жерім болмас менің, Еңлікжан. Ұмытпаспын бұл сәтті мен...
Е ң л і к. Батыр (күліп), сырда сабыр болсын да. Есіз тауда ойда жоқта оқыс кездескен қыз құрбы алабұртар көңілді. Бірақ алдынан айтқызған сөздің арты өкініш еді ғой!
К е б е к. Әр лебізің алтындай... Теріс айтасың деп тайталасар дәрмен жоқ. Тек айтарым: ойдағымды, мұңдағымды іркерлік те жайым жоқ. Кінәлама... теріс көрсең де айтқызып ал, Еңлікжан! Дәл осы сәт, осы кезге сүлдерім ғана жеткен десем не дерсің аңсағанға?
Е ң л і к. Тағы да сабыр тілеймін батырдан. Жаман да, жат та демеймін әзірше. Бірақ үйіме жүр, қадірмен қонағым бол. (Екеуі қозғала береді.) Анық Кебек сен болсаң өзім де айтар жайым бар. Жүр, батыр! (Кете беріседі. Жапал әндетіп қалады. Аздан соң Кебек, Еңлік тасты айналып қайта шығады. Сыр үстінде.) Аз сөзіме көңіл бөл. Көрінгенге көз сүзген әлдеқандай деме, Кебек. Шынымды айтсам түсінер деп келем.
К е б е к. Әлі күнге менің көңіліме жаман ой кіргізетін сөз сөйлеген жоқсың, Еңлікжан!
Е ң л і к. Олай болса менің арызымның, мұңымның ен үлкені өз басым (Тасты айналып кетіседі. Тым-тырыс. Жапал әндетеді. Еңлік пен Кебек тағы айналып шығады.)
К е б е к. Шын ба, Еңлікжан? Есенмен күш сынасып бір кездесіп едім. Енді бақ сынасып тағы кездессем екен. Ол менімен таласқанда мен онымен таласпай ма екем? Сені барлап сөйлеп ем бағанадан... Көрген жерде ауған көңлім ай, күнін таптым деген жоқ па еді? Жаным, Еңлікжан, жолыңда шықсын шыбын жан.
Е ң л і к. Батырым! (Кеш бола бастаған. Жарқырап жалғыз жарық жұлдыз туады.) Дүниеден жасырған жалғыз көңіл жарасын атқан таң, батқан күнмен айықпас мұңдай қосып ем. Осы бір ғана үнсіз меңіреу тасқа шер шағушы ем. Жарқырап бағым туғандай жалғыз жарық жұлдыз туыпты. Айғағым бопсың, ақ сәуле! Аз өмірде шақ тілегім бар еді. Бақытым, басшым да өзің бола гөр, жалғыз жұлдыз, жарығым.
К е б е к. Бақ жұлдызы бола гөр бейуақтағы қоңыр аспан әсем көркі! Бақтым саған, жүр енді, жүр, Еңлікжан, үйіңе! (Кетіседі.)
Ж а п а л. Тілсіз тасқа күнде айтатын мұн бар ды. (Тасқа). Есіттің бе әлде сен? Сен берерсің бе арман еткен арысын! Маған да, маған да бер, берсеңші енді маған да, қиғаш қасты, қолан шашты, қиғаш қасты қолаң шашты... (Кетеді.)
Ш ы м ы л д ы қ.
ЕКШШІ АКТ
Үшінші сурет
Сол жартас. Алыста биік тау. Алыстан ән келеді.
Е ң л і к.
Жар көрсе сүйінеді сағынған жас,
Толқытпай ауған көңіл ерікке қоймас.
Сұраймын уәдені ұстап келді ме деп,
Баурыңа, жан батырым, айтшы жартас!
Батырдың бүгін еді келмек күні,
Тәңірдің өтпеп пе еді күн мен түні.
Сағынып көрмегелі апта болды,
Естілші тым болмаса жалғыз үні!
Асыға ма алып-ұшқан үмітім. Бар тілекпен бір сапарға бет қойдым... Жазғырармысың, бұлдыр күн? Жазығым бар ма?.. Жазығым бар ма, кінәлімін бе, әлде мен? Атам, анам, туған үйім, кеш мені. Баурыңда өскен балапан бағын тілеп ұшам деді қияға. Кінәлімін бе, кәрі тас?! Ойласаң менің мұңымды, ұқсан керек барымды! (Орамалын тасқа әлем қып байлайды.) Төкпеген жас, шешпеген шер бар ма еді бауырыңда. Игілік пен сүт сәскеде келтір жалғыз арман жанымды... жалғыз тірек жарымды!.. (Есен оқыс шығып қалады. Еңлік үлкен сұмдық көргендей, үріккен жүзбен өзіне.) О, жасаған, бұл емес-ті тілегенім, жаратқан! Тіксінеді, сескенеді-ау жүрегім. Қалай жаман жора болды бұл келіс!? (Есен жерде тұрып ән салады.)
Е с е н.
Ерке қыз, есіз тауда не қып тұрсың?
Құрбысыз жалғыз көрген көзім құрсын,
Шыңғыстың шыңында өскен тағы болып.
Таста ойнап ор қояндай не қып жүрсің?
Қадалған қара көзің мөлдіресін,
Үніңді досың естіп елжіресін,
Сырнай мен жау тартатын сыбызғыдай
Белгіні кімге беріп келтіресің?
Е ң л і к.
Беретін бұл сөзіңе жауабым жоқ,
Аңдысар сеніменен көңілім жоқ.
Сақ жігіт ізді қуған сен бола ғой,
Әзілдеп жала жабар дәрменім жоқ...
Е с е н (жақындап). Еңлік, жетті енді алдауың. Аңқау, нанғыш болғандағы сенен көрген сыйым осы ма? Не ойың бар, жөніңді айт!
Е ң л і к. Не айтқызбақшысың маған? Білгеніңді өзің айт әуелі.
Е с е н. Бикеш, көлгірсіме. Мен сенің артыңнан бақпай жүрген шығармын. Аптасында осы жерге бір келесің, кімді тосып жүрсің? Айт осыны.
Е ң л і к (күлімсіреп). Батыр, сөзіңе сенем. Аңдитының рас, ол мінезің маған белгілі. Мен аптасында емес, күніне бір келемін. Көргеніңді айтшы сондағы.
Е с е н. Мен өзім бағып жүргенім жоқ.
Е ң л і к. Оның да бір тәуір екен, олай болса бағып жүрген кісіңнен көргенін сұрап кел.
Е с е н. Бұлтарма, шыныңды айт, қасыңа келгенді көрген. Оны қайда тығасың.
Ең л і к. Көрсін, тасқа талай кісі келеді, талай кісі кетеді. Оны айтсаң батырсың ғой, Шыңғыстың тауынан кісі жүргізбе! Далада жүргенде аң қуған аңшыны, жау қуған батырды, жоқ қуған жоқшыны көрдім. Қыз қуған бозбала сені де көрдім. Аңдыған кісің бәрін тізсін ендеше.
Е с е н (наныңқырап). Өтірік айтасың, іздеген кісің бар. (Еңлік күледі, тым-тырыс. Қолын созып.) Еңлікжан, шыныңды айтшы. Қинамашы, көңіліңе алған кісің болса, білдірші маған, мен жайыма жүре берейін.
Е ң л і к (Есеннің тымағын алып, күліп). Батыр, сабырсыз болма. Мен әйелмін ғой, сыр білдіріп кішірейме.
Е с е н (қуанып). Еңлікжан, ақылың асқар таудай емес пе. Айтшы осындай сөзіңді, мен сенен жеңілейін, сеніп кетейін жалғыз-ақ.
Е ң л і к. Батыр, көңіліңді орнықтыр, күдікті кетір. Үш күннен соң осы араға кел. Байлаулы жауабымды естіртемін. Әзірше қайт. Аңдыған кісің тағы да таңар өсекке.
Е с е н. Енді өсектің керегі жоқ. Жұрт сөзіне нанбаймын, өзіңе нандым, болады. (Жүруге ыңғайланады. Түсін суытып). Еңлік, менің көңлім бір саған әбден ауған, мазағынды көтермейді, соны ұмытпа жалғыз-ақ!
Кете бергенде Кебек шығады.
Е с е н (Кебекке қарап, Еңлікке). Мұның кім, Еңлік?
К е б е к. Бұ кім, Еңлік?
Е ң л і к. Әуелі жатқа жақынымды таныстырайын, мынау менін қайнағам батыр Есен.
К е б е к. Есен?
Е ң л і к. Мына жігітті аң қуып жүргенде бір көріп ем, ұмытпасам аты Кебек.
Е с е н. Кебек? Кебек?!
К е б е к. Есен?
Е ң л і к. Неге аңырып тұрсыңдар? Лайығы жоқ болса да жол мен жөнді мен айтайын ба? Жауласқан елдің ұлдары болсаң да, біріңе бірің амандықты қимайсындар ма?
К е б е к. Бикеш, сөзің дұрыс. Аңнан басқа жан жоқ деп келе жатқанда ойда жоқта алдымда бір қыз, бір жігіт тұрған соң мен өңім бе, түсім бе деп таңырқап қалып ем. Біріңе бірің бөтен кісі емес екенсің. Қайда кездессеңдер де оқасы жоқ екен!
Е ң л і к. Батыр, сен не айтасың? Бұл кісі бізді көргеніне таңырқапты ғой.
Е с е н. Жұрт жаласынан жасқанбаймын! Көлденең келген көк аттыға сынататын жайым жоқ. Құдай қосқан жесірімсің, сенде не жаласы бар? Менде не ақысы бар!
К е б е к. Батырлықтың бір міні тасырлық деуші еді. Өзге өнеріңді білмеймін, тасырлығың бар көрінеді-ау!
Е с е н. Сен де тілжағыңа сүйеніп ұрынба бос. Қыз сынына толам десен өзің биязы бола бер. Еңлік мені сынап болған.
К е б е к (Еңлікке қарап). Рас айтасың! Дөң астында қездесетін келін қайнағасының сырын білетін болар. Қайнағасына да келіннің сыры мәлім болар. Бірақ өткен-кеткенге, дос-дұспанға, әйгі еткенің не? Әлде келініңе ол да жаға ма екен?
Е с е н (ашуланып). Доғар енді сөзіңді, қалай-қалай тигізесің тіліңді. Ізденіп тұрған жаумысың?
К е б е к (саспай, қатты). Іздегенде не қыласың, өтпес жарлық, бойға қорлык! Айбынды батыр сен болып, қашып кететін қатын мен болыппын ба? Көрсетші тағы ашуыңның артын.
Е с е н. Қысқарт! Көрейін мен соқтығатын сойыңды! Сен іздесең мен де сені көп тосқам. Шық, жекпе-жекке!
К е б е к. А а... кел кел. Бәсе, ер егесі еңісті! Сырлас келініңнің алдында мақтанайын деген шығарсың (екеуі ыңғайланады). Шық, былай!
Е с е н. Мен емес шыдар мазаққа. (Еңлік тастың үстінде.)
Е ң л і к. Әй, жігіттер, батыр болсаңдар тоқтаңдар. (Екеуі қарайды.) Екеуіңнің ортаңа әйел басыммен мен төрелік айтпасам, басқа кісі жоқ.
К е б е к. (ашуланып) Бикеш, сен де мұның кісісісің, төрелігіңді алмаймын. Екеумізге тең кісі болсаң айт қазір.
Е ң л і к (Кебекке). Батыр, шараңнан аспа, сен адасатын іс болган жоқ. (Есенге сыбырлап). Жел сөзге шалынысып ұрысқаныңа ренжимін, ол табалаушы дұспан. Жұртқа жаман атым жайылады. Қызғаншақтығыңды мен-ақ білейін, тоқтат ашуыңды.
К е б е к. Бикеш, оңашалап айтқан бітіміңе ырза емеспін! Айтатын болсан екеумізге бірдей қылып ашып айт.
Е ң л і к. Мен айтсам екеуің де тентексің. Алдымен жақынымның тентектігін айтайын (Есенге). Сен менің басымды қорғамақ кісі болсаң олақтық қылып тұрсың.
К е б е к. Бәсе, ақылды, дұрыс қыз болсаң, өз намысыңды өзің қорғасаңшы сөйтіп.
Е ң л і к (Есенге). Қорғамағың мен болсам ырза емеспін бұныңа. Батыр жаққан күйесінен ақтамайсың бұнымен.
Е с е н. Олай болса әзілің жарасқан батырың екен ғой, жағынам деп жаның бер. Өзіңді өзің ақтай бер. Тентегін мен бе екем сонда?
Е ң л і к. Жалғыз сен тентек емессің. (Кебекке.) Қонақ батыр, сен де тентексің. Батырлықтың жөні бар, бір жақтағы матай қызының намысын жыртып, жөн-жосығын білмейтін жат біреумен арандасудың саған да орны жоқ.
К е б е к. Ара түскен айыбым болса, ақылыңа көнейін, амалсыз-ақ көнейін мен, мақпал қыз!
Е ң л і к. Енді екеуіңе айтарым: қастарыңнан мен кетем. Тек аңғарыңдар, батырлар, мал өшін, жер үшін талассаң да мен үшін таласпаңдар. Әрекет жетер онсыз да, менсіз де сылтау аз емес қой, табылар! Екеуің де жөніңді тап, жайларыңмен жүре бер! (Екеуі де бақылап, аңдып қалады. Еңлік кетіп бара жатып ән салады),
Е ң л і к.
Шын батыр уәдесінде ұдай тұрар,
Кездесіп қира-кезік тұрған шығар.
Бой беріп сабыры мен ақылына
Уәделі сәтті тосып әлі шыдар.
Е с е н (теріс қарап). Маған айтқан жұмбағы ғой. Уәделі үш күніне шыдармын.
К е б е к. Маған айтты! Кетіп қалма, тос деген.
Е с е н (Кебекке). Кебек, сенімен мұндай жерде кездесем деп ойламап ем, бірақ ниетім қай жерде кездессем де шайқаспақ едім. Қыздың сөзі тоқтатып кетті.
К е б е к. Ізденіп жүрсең несі бар? Тоқтамаймын десең әлі де ерік өзіңде. Батырдың кегін қыз билеуші ме еді.
Е с е н. Жоқ, мен қыздың сөзін мақұл көрдім.
К е б е к. Олай болса бағанадан несіне арам тер болдың, әуелі қыздан ақыл сұрап алмай?
Е с е н. Ендігі сөзім мынау. Бұл қыздың турасынан бұдан былай кездеспейік. Кездессек сол жерде оңтерісімізді найзаның ұшы, білектің күші айырсын. (Кетуге ықғайланады).
К е б е к. Мақұл, мен кездесуді тіледім ендеше.
Екеуі екі жақка кетеді. Тым-тырыс. Тасты жағалап қойшы Жапал ән салып шығады.
Ж а п а л. Қап, қап, қапы болды-ау осы жол! Кезігіп қалды-ау кер азу Есен. Өкпелейді-ау енді Еңлік. Бұны аңды деп Есен маған тапсырғалы дәл алты ай болып еді. Содан бері аңдығаным Еңлік емес, сол Есеннің өзі боп еді. Кебектің жотасын бірде-бір шалдырмай, Еңлік сырын алдырмай келіп ем. Мұрнын тескен тайлақтай қып, Есенді былай келе жатса былай бұрып салып, қаңғытып қоя беруші ем. Ылғи Еңлік көңілі өзімде деп қаңқиып сала беруші еді Есен, бойына сенген түйедей боп!.. Тоқта, Кебек келеді екен, ашулы ма немене, жалтара тұрайын бетінен...
Кетеді. Кебек шығады.
К е б е к. Тас қияға жолым жетті. Тартынам деп жеткем жоқ. Қиын белге мен бассам, сыналар жерде жұртым да тұр. Бұзарың мен сотқарың емес ем. Ала көңіл, арамдығым жоқ еді. Арамза десең не дермін, ағайын. Ешбіріне қасым жоқ. (Ойда.) Қайта кездессек қанжар айтпақ кесікті. Жазығым жар сүйгенім болса, бердім барды Еңлігімнің жолына. (Еңлік шығады). Келші, жаным, көпті қылмай, сертіңменен келдіңбе?
Е ң л і к. Келдім, батыр, бар тілегім жолыңда. Оң сапар бер. Ақ тілекпен аттанам деп кеп тұрмын. Жасырын бітіп, жарыңмын деп жарыққа шыға кеп тұрмын.
К е б е к. Алдым қабыл! Ақ тілеуің басшы болсын алдымда. Кінәлама, жазықсызбыз. Адал жолым куәсі бол, кең дүние! (Айналаға қоштасқандай.) Жүр, жаным!
Е ң л і к (айнала қарап). Кең дүние... Тар ғана бір жол тарттым, қызғаныш етпе, кең дүние. Мұңдасым да сырласым ең, туған жер. Еркелеп, еркін болып кетермін деп ем. Қашқындай жасырынып барамын сенен. Әке-шешем қолынан аттандырып, құтты жеріне қондыратын баласы ем. Олардың оң батасын алмай барам. Туған ел, өскен жермен қоштасып, бір-екі ауыз үн қатайын сендерге. (Әнмен).
Ата-анам, ақ батаңды аттап кеттім,
Тентек ел талқысына тастап кеттім.
Болсам да шұбар жылан іштен шыққан
Қарғамас, деген сенім сақтап кеттім.
Туған ел, амандасам жас-кәріңе,
Бірге өскен құрбы-құрдас дос бәріңе.
Жарасқан әзіл-сауық, аға-жеңге,
Аласың мені не деп естеріңе!
Аман бол, Найза шоқы, тоғайлы өзен,
Өрістегі қой асатын тұмсық кезең.
Бөрлі мен батыр шыққан Қарауылым,
Ен дала көркі болып жалғыз безен,
Білмеймін қандай асу жолда жатыр,
Кұз ба екен, қия ма екен таңдай татыр,
Сыйынып аруақ пен бір құдайға
Ұстадым етегіңнен, баста, батыр!
Екеуі жөнеле береді. Жапал жүгіре шығады.
Ж а п а л. Еңлік апатай! Қайда кеттің? Жай жарастық қызығыңды бағып қорғап жүрмін деп ем... Не деп барасың... Бетіңді суыққа салып па ең?
Е ң л і к (тоқтап). Менің жолым осы болды, Жапал! Бұлай болмас жөн бар ма еді?
Ж а п а л. Ұқтым, апа. Арманыңды бірге арман етуші ем. Осыған келер-ау деп өзім де топшылаушы ем. Бірақ айтып кетсең нетуші еді?
Е ң л і к. Қимағаннан, қысылғаннан еді. Өзің білдің, жаным Жапал! Жалғыз... Жалғыз күңіренген екі кәрім қап барады қолыңда. Баласы бол, қасында бол!.. (Жылап көріседі.)
Ж а п а л (бірге жылап). Қайтып қиям, апатай, іздеп барам, бауырым жоқ деме... Жолыма жанын қияр бауырым Жапал бар деп кет...
Е ң л і к. Қайда жүрсем біліп жүр, ұмытпай жүр Еңлігіңді. Жақсы күнде, жарқын жүзбен көрістірсін жасаған... Қош, бауырым!.. (Кетеді. Жапал жылап қалады.)
Шымылдық.
ҮІШНШІ АКТ
Төртінші сурет
Кеңгірбай бидің үлкен ақ үйі — кең ордасы.
Б и (жалғыз). Жағаласу жетпеді ме?.. Тәңірдін әлде болса олқысы бар дегені ме? Енді қандай сыбаға тартар екен. Найманды даңды судай тасқызып, бұрқ-сарқ еткізіп, мұнда әкеле жатқан Кеңгірбайдың соры ма? Әлде алалы жылқы, ақтылы қойдың тері ме? Найман бұл жолы келсе, ашынып келеді. Білемін, матайдың талайдан тобықтыда жүрген есесі бар. О да найманды шүйелемей қоймас. (Ойланып.) Тағы да тебінгіден тер, қабырғадан қан жаудырам ба? Жоқ, қылша мойын талша деп бас ием бе? (Ойланып.) Бірақ найман кегі оңай емес. (Басын шайқап тоқтайды.)
Көбей, Кембай келеді. Амандасады.
Б и (Көбейге). Жарқыным, аз ауыл тобықтың аман ба? Ер азамат не күйде?
К ө б е й. Ел тыныш, ер аман, найман кісісі ел шетіне келсе керек. Бүгін осында келіп түспек дейді. Шамасы жүз қаралы кісі болса керек.
Би (түнеріп). Сөз ұстап келе жатқан басшысы кім екен?
К ө б е й. Басшысы қисық Еспембет. Онан соңғы Жомарт дейді. Тағы Кебек алып қашқан қыздың әменгері Есен деген найманның батыры дейді. Ішінде қатты өршеленіп келе жатқан сол болса керек.
Б и. Бітімі жоқ, безбүйрек Еспембетті салғаны ма? Найманның аужайын түйдім ғой. Артындағы елі қол жиып отыр екен ғой. Одан алған хабарларың бар ма?
К ө б е й. Хабар келіп отыр. Айтқаныңыз рас. Найманның еркек кіндікті азаматы қалмасын деп жар салып шоқтай жиылып, Қартпай би тарқатпай тосып отыр дейді.
Б и. Ендеше белді бекем буғаннан басқа не қалды? Елге жар салдыңдар ма?
К ө б е й. Кеше сол хабарды естіген соң ел-елдің басты-басты адамдарына кісі шаптырып жібердім. Құлама бесін кезінде олар да келіп қалар.
Б и. Елге көп сөзді даңқтырмаңдар. Не істесек те найманның бетін көріп істерміз. Ел жи дегенім — қандай заман болса да, құлағы түріңкі отырсын.
К ө б е й. Мақұл ғой. Көп ел жиылса, өз құлағымен естіп кетер, қапысыз болармыз.
Б и. Кебек ел ішінде емес қой?
К ө б е й. Ел ішінде емес.
Б и. Бұл екі елдің сөзінде көлденең ағайынның көз-құлағы болса мақұл болар еді. Арғынның өзге елінен келетін жан бар ма екен?
К ө б е й. Кебек арғын ішінде сүйеу қылған бір бабам деп Қараменде биге сөз салдырған екен. Мен де сәлем айтып жіберіп едім. Бүгін келеді деп отырмыз. Елінен шықты деген хабар келді.
Б и. Ағайыннығ аужайын байқайтын бір кезеңге келіп тұрмыз ғой, не болса да... найман келетін болса тосып аларсыңдар. Мен атқа мінейін.
К ө б е й. Мақұл, мінсеңіз мініңіз. (Тым-тырыс.) Тек біздің ұстайтын сөзіміздің нұсқасы не болады, би?
Б и. Тобықты соры ашылмаған ел ғой, қай қияға соғарын болжай алмаймын. Мына жотасы көрінген екі сөздің екеуі де біздің елге жайсыз. (Тоқтап). Бірін ұстасам елдің сағы сынады. Бірін ұстасам зықысы шығады. Амал не, аралық қандай бітім болса, соған тоқтарсыңдар.
К ө б е й. Макұл, не болса да бетіне қарай іс қылатын болдық қой, кәне, енді жүресіз бе?
Б и. Жүрейін. (Кембай, Көбей кісесін буындырады.)
К ө б е й. Біздің осы бітімшілерге тіккізген үйіміз дайын болды ма? Үй жетпей қалып жүрмесін. Ондай ел сыныққа сылтау таба алмай, түймені түйедей қылатын, «Елемедің, ескермедің» деп.
К е м б а й. Жүз кісінің мөлшері деген соң он кісіге бір үйден, он үй тіккіздім. Күтушілерін де, сойыстарын да қамдаттым. Ол жағынан мін таба алмас.
І-ж і г і т (алыстан айқайлап). Қырамысыңдар өздерің шетімізден! Не жазығымыз бар саған, келмей жатып басқа, көзге төпелеп. (Билер аңырып қарайды.) Қай басынғаны бұл! Қоя берші, анау отырған биге барамын.
К ө б е й. Бұл немене шаң-шұң?, Кімнің даусы?
К е м б а й. Осы жаңа ас басшылыққа қойған Қалдашбай ғой деймін. Наймандар келіп қалды ма? (Тағы шаң-шұң.)
К ө б е й. Білші барып!
К е м б а й. Мына біреу келе жатыр ғой, осында.
- д а у ы с. Ал, ұра ғой тағы, кәне, ұршы енді, көрейін! Тіпті қалай-қалай асқақтайсың өзін? Ісініп келесің ғой, түге. Биге барамын.
- д а у ы с. Бара ғой биіңе. Сенің биің болса мұндағы елдің зәресі ұшар деп пең?
Кембай баруға ыңғайланады, Қалдашбай жұлқынып кіреді, беті қан, Кембай қақтығып қалады.
К ө б е й. Не болды саған? Немене жұлқынып жүргенің?
К е м б а й. Шаң-шұң не? Не қып жүрсің, түге. Найман келді ме?
Қ а л д а ш б а й (қатты). Келіп, қырып бара жатқан жоқ па солар! Алдынан тосып алып, аттарын байлап, үйді-үйіне кіргізіп жүр едім. Әне бір ісінген біреуі қып-қызыл жосадай қылып отырғаны мынау. Бұл не қорлық осы?
К ө б е й. Жә, өрекпімей-ақ қой! Бас жарылса бөрік ішінде, шегің шықпас. Айтқандарын істеп, дауласпай, төбелеріңнен тік тұрып күтіңдер.
Қ а л д а ш б а й. Жоқ-ау, төбелесейін деген пенде болса, бұйырмасын.
К е м б а й. Жә, болды деді ғой енді.
К ө б е й. Кембай, бұл не қылғаның?!
К е м б а й. Бұл уақытта келеді деп ойламадық қой!
К ө б е й. Ей, бар болсын, келмей жатып шаң-шұң шығартып.
К е м б а й. Өзім барайын енді әлде болса да... (шығады.)
К ө б е й (жалғыз). Бидін айтқаны рас қой! Терісіне сыймай келгендерін естіп отырмын. Еспембеттің қылығы ғой бұл.
Басын шайқайды. Қараменде биді екі жағынан екі жігіт сүйеп алып кіреді. Қасында Қосдәулет, Матақ.
Е, қарт бабам да жеткен екен ғой. Ассалаумағалейікүм, баба! (Бір жағынан сүйемелдеп қарсы алады.)
Қ а р а м е н д е (тұрып). Аз ауыл тобықтының баласы болып қиыр жайлап, шет қонып, жалғыз жүріп запы болған ел едің. Тосқауылдың тар кезеңінде кездесіп отырмыз ғой, ала көңіл артта қалсын. Құшағыңа құшағымды қосайын, қарағым, келші, Көбей! (Көбей екеуі көріседі, бәрі де отырады.) Ел-жұртың аман ба, жарқыным?
К ө б е й. Ел әзір аман, баба! (Тым-тырыс.)
Қ а р а м е н д е. Істің қазіргі ұсқынына қарағанда, береке бітіммен тынатын бетІ жоқ. Менің де дәнекерлігім аз болар. (Тоқтап.) Кебек тентектің екі ауыз сәлемі үшІн келдім. Арғында бел қылған бір бабам тірі ғой деп, бір тентектік қылып едім деген екен.
Тым-тырыс. Найман кісілері шығады.
К ө б е й (сәлемдесіп). Жолдарың болсын.
Ж о м а р т. Айтсын.
К ө б е й (Кекбайға). Мына кісілерді сусындатып, ас қамдатыңдар! Жолдан қажып келген шығар.
Е с п е м б е т. Жол қажыта ма, жоқ қылығың асып, қырыс тобықты, сен қажытамысың? Қайсысы екенін қайдан білемін, әйтеуір найманның қажығаны айқын.
К ө б е й (күліп). Қажыдым дегенің сөздің кезегіне айта салған бір қырың ғой, әйтпесе, Еспембет, сен қажитын күйі болғай жоқ.
Е с п е м б е т. Тобықты, құрыш қара болат емеспісің екі сөзді алмас кеспейтұғын. Сенің қаттылығыңа найман қайтып шыдасын, қайтып қала берет те.
К ө б е й. Сол тобықтыға төтеп берем деп келіп отырсың гой, сен де жалғыз өзің! Ет-бауырың елжіреп бара жатса көреміз ғой!
Е с п е м б е т. Білмеймін, көңіл шіркін күдікті болып қалыпты. Тобықтының биі құйрығын сыртқа саларда майталманым деп бетіне сені ұстайды деуші еді. Сенің қаншалыққа жұмсағаныңды біз де көрерміз, түбінде көмейдегі көмескіні болжайтын табаны бұдырлы би сенсің, біз үлгіні сенен аламыз ғой.
К ө б е й (Еспембетке). Сен шырға тартасың ғой солай, бір-ақ түбірлі сөздің түйіні сенде көрінеді ғой. Қай жаққа тартсаң да ерік өзіңде. Қаттылық деген қалпың болушы еді. Әлде машығым деп соныңа тартпасаң.
Е с п е м б е т. Сенің еліңнің сынына толып, қызын алайын деп жүргенім жоқ, тобықтының шешені мен ділмарынан алған мақтанмен найманның арылған етін семіртіп, аш бүйірін тойғызам ба? Кұдай ежелден жүргізген бетіме көшірсін.
Ж о м а р т. Бұ би қайда, бір жаққа жолаушылап кеткен бе?
К ө б е й. Жолаушылап ұзаққа кете қойған жоқ. Бір ағайын арасының сөзі болып, соған шақыртып кетіп еді бүгін.
Ж о м а р т. Қашан қайтады?
К ө б е й . Осы бүгін де қайтып қалар. Сіздердің хабарларыңызды естісе көп бөгеле қоймас. (Тым-тырыс).
Ж о м а р т (Еспембетке). Жә... онда да тамам елді иіріп кеттік. Мұнда да масайрап жатар күн емес! Келелі сөзге көшіңдер, билер!
К ө б е й. Мақұл, би Жомарт, көшейік! (Тым-тырыс. Еспембет қамшы тастайды).
Ж о м а р т. Еспембет, сөйле!
Е с п е м б е т (ызғарланып). Уай, тобықтының баласы, матай-тобықты болып тұрған күніңде атыстың, шабыстың араздыққа сылтау таба алмай, түймедейді түйедей қылып, бұл ісің алты алашқа әйгілі болған. Тобықты, шаялығыңды қылдың ба, білегі жуандығыңды қылдың ба? Алалы жылқы, ақтылы қойын жосылтып алдың, Ата қонысынан іргесін аудардың. Ел-жұртты шұбырттың. Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргеніңде ай дер әже, қой дер қожа болған жоқ. Енді міне шарпуыңды матайдан асырып, найманға тигізіп отырсың. Жетіп отырған жесірімді бір тентегің ат сауырына салып әкетіп отыр. Ағайын, ұзында ешті, қысқада кекті емессің» Бітім сұрап, кісі салсам бақайыңнан келтірмейсің. Мына найманға алынбай жүрген кегің, тимей жүрген есең болса оныңды айт. Әйтпесе мен тобықтының қоңсысы емеспін, мынауыңа кесігіңді айт (Көбей қамшы тастайды.)
Ж о м а р т Сөйле, Көбей,
К ө б е й. Еспембет, сөзің шын. Ұзында өшті, қысқада кекті ағайын емеспін. Найманның елдігіне істеп отырған жаулығым болса, аруақ, құдайға тобықты шет болатыны шын. Матай мен тобықтының бөлігіне бұл елдің қайсысы себеп болды? Мен оны қазбаймын; даудың қарасын көбейтем деп құлындағы сақау, құнандағы тісеуді осы сөздің үстіне әкеліп үйгенің лайықсыз. Матай қой аузынан шөп алмайтын момын ел болып отырғанда бұл сөзің сияды. Тентектік ылғи тобықтыдан шығады дерсің. Бірақ сол матай мен қалған найман неге жауласады? Бүгінгі найманмен шиеленістіріп отырған сылтауды алсам, ол ел таразысын аңдамаған албырт жастардың шалалығы. Рас, тентек болса тобықтының тентегі иесіз демеймін. Ағайын жолымен бітісейік, билікті маған бергенің шын болса, мен айтайын. Жалғыз-ақ түбір сөзді түйінді сөз қылғанымыздың лайығы жоқ.
Ж о м а р т. Сөйле, Еспембет.
Е с п е м б е т. Көбей, мен билікті саған айтқызсам, өз ойдағымнан асырып түсіреді деп айтқызам. Егер есілдертің менің дауымды жасытпақ болсаң, жайдақтап жадағайлатпақ болсаң, мен билікті айтқызбаймын. (Қатты) Мен тұщы етіме ащы таяқ тиді деп отырмын. Шолақ байталдың құйрығындай тобықты, өктемдігің асты деймін. Тасқын судай кемеріңнен асып отырсың сен (Көбейге сөз береді).
К ө б е й. Еспембет, кеден кеден болды, кедергі неден болды деп отырсың, мен саған бұл дауың орайсыз деп отырғаным жоқ. Екі елдің сөзін екеуміз ұстап кездескен соң дәнекер болатын жағын қарастырайық дейім. Болмаса қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой. Жақпаса билігіңді өзің айт. Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билік айтпаймын, Тағы айтарым — тобықтының азды-көптігін сарапқа салар жер емес бұл. Көп болғанда кімнің басы кімнің қан жығасында жүр еді? Тобықтының найманға істеген ерлік өктемін көргенім жоқ. Керіс неге керек? (Тым- тырыс.)
Е с п е м б е т. Олай болса, сенің қырмызыдай талдап шығарған сөзіңе мен ере алмадым, менің билігіме тобықты баласы тоқтайтын болсаң, өз тентегің —ана Кебек, қыз — атамның аруағына қастық қылған менің тентегім» екеуін шығарып бер былайі Мойнына арқан таққызып өз қолымнан өлтіртемін. (Тым-тырыс) Қазір етем осыны, Әкпел, ұстат қолыма!..
Ж о м а р т. Сөйле, Көбей.
К ө б е й. Еспембет, тобықты да рулы ел, «иттің иесі болса, бөрінің тәңірсі бар», сенің мына айтып отырғаның береке бітім емес. Найман мен тобықтының арасына ердің құны, нардың бұлының дауын саламын деу. Мұның арты атадан ұрпаққа кететін үзілмес қан кегі болғалы отыр, ер қанын мойныңа жүктеймін деме. Бітім іздесең дүниеге тоқтасайық. Бауыр елдің арасына бұндай сұмдық сөз тастағанша би атанбай, жерге тықсамшы бұл жасымды.
Ж о м а р т. Сөйле, Еспембет.
Е с п е м б е т. Жоқ, мен ондай емексіткен сөзге еліге алмаймын. Менің кесер сөзім әлгі. Бір емес, екі таңдау тастадым. Аяғаным солдағы. Тоқтасып бауыр болам десең, көнесің айтқаныма. Көнбейтін болсаң арам алыс алашпын. Оразаның түбіне мақсым жетер, азған елдің түбіне тақсыр жетер! (Қатты) Тобықты, сені аялағаным жеткен. Бұдан артық менен бітім іздеме! Бұл айтқаныма көнбейтін болсаң, екінші сөзім — тағы бір берер таңдауым — тура тұрысатын жеріңді айт, менің қолым жасанып дайын отыр. Тобықтының жығасы жығылмайды екен ғой бұл... көрдім, күттім, ал міне, жауабымды қазір бер! (Тым-тырыс, Көбей үндемейді.)
Ж о м а р т (жан-жағына қарап). Ағайынды екі рулы елдің баласы, сөздеріңде әлі күнге бітім жотасы көрінбейді. Тағы сөйлейтінің бар ма? Жоқ па? (Тым-тырыс, тобықтылар күбірлеседі.)
I - д а у ы с (тобықтылар өз кісілеріне). Күн бұрын еңсесі түсіп неғып кетті?
Ж о м а р т. Сөйлеуші бар ма? (Тым-тырыс.)
І - д а у ы с. Енді бір айтқан соң сөз бітеді ғой. Еспембеттің соңғы сөйлеген сөзі сөз болады ғой.
ІІ - д а у ы с. Бұларға не болып кетті.
Ж о м а р т. Жә... сөйлеуші болмағаны ма? (Қараменде ақырын қозғалып, қамишысын тастайды, тым-тырыс.)
Ж о м а р т. Сөйле, қарт би!
Қ а р а м е н д е (аз отырып). Сөз ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде болған заман ғой. Сондықтан сөйлер, сөйлемесімді білмей көп отырдым... Бәрің де замандарыңа қарай туған ұл екенсің. Туысыңда қапы жоқ. Бірақ бізге жат дүние екен. Содан байқағанымды айтайын: азған заманның белді биі бойлауық жылқы секілді бой бермейтін қисық болады екен. Не еп іздеген ысқаяқ келеді екен. Ағайын ел араздыққа сылтау таба алмай, түймедейді түйедей қылып, өсек, жыбыр әрекеге белшесінен батқан екен. Жас ұлғайып, сақал, шаш ағарған күнде бір тобына кездескен екем, туысқан, ажарыңнан тілдім. Көрмесем деген заманым еді, бұған жазалы мынау құп-қу болған сақал мен шаш та!
I - д а у ы с (жанындағыларға). Жарықтық, алты арыстың қамқоры емес пе, күйініп отыр ғой, қайтсін.
II - д а у ы с. Не десін... күймей қайтсын...
Қ а р а м е н д е. Араңа кедергі болып отырған сөзге келсем: о бір заманда бұл түс шайысатын іс емес еді. Қатынды не ел шауып, егер қылып жаттан аларсың, не ағаңды өлтіріп жеңгеңді аларсың деген аталарыңның кеше айтқан сөзі еді. Ер жігіттің жесірін өзіндей жігіт алса еркен болып туған ұл өз кегін езі алушы өзі. Рулы ел болып тайлы таяғын қалдырмай шұбырып жүріп, жас жігтке қатын әперген жоқ еді. Бұ да жаңа заманның жар бір түрі екен. (Есен ашуланып күбірлейді.)
Д а у ы с т а р (наймандарға). Тобықтыға бұрып отыр. Дәл осылай Көрерміз!
Ж о м а р т. Найманның баласы, тақат қыл!
Қ а р а м е н д е. Ағайын, көзіңе қан толып, түгіңді сыртыңа теуіп, бүгінгі сөзге осынша түйіліп отырсың. Осының артынан ертеңгі сөзге, ертеңгі бәлеге көзіңді салдың ба? Айтып отырған сөзіңнің жеңілі білегінің күші бар, жүрегінің түгі бар, осы отырған аламанның маңдай алды бір туысқан баурының қанын төгем дейсің, немесе екі ру елдің еңкейген кәрі, еңбектеген баласының қанын төгіп, жасын ағызамын дейсің. Ел шырқын бұзамын дейсің. Қай сөзіңде мақұлдық бар? Қай сөзіңде қасиет бар? Неңді қадір тұтайын! Қайран халқым, азғаның ба әрекемен осындай! (Жым-жырт. Аздан соң,) Арадан жол тап, тыныштық ойла. Артыңдағы етегіңнен ұстаған еліңнің мойнына артқан қарызын ойла. Бізді апарып арандат, жаңа жерден жау тауып әкел деп ешқайсыңның елің де тапсырған жоқ.
Ж о м а р т (аздан соң). Қазаққа қамқор болған Қараменде деп аталып едің! Ұғушы құлақ болса, айтылмай қалған сөз жоқ! Батағой қарттың сөзін сенің аузыңнан естіп отырмыз. (Наймандар ыза болған пішін білдіреди Тым-тырыс). Жә, бидің сөзінен соң сөйлейтіндерің бар ма? Жоқ... сөз тоқталды деп санаймыз ба? (Тым- шрыс.)
Д а у ы с. Бабамнан соң кім сөйлейді.
Е с е н (ашулы, Еспембетке). Найманның түгел сөзінің түбін ұстаған белді деген бидің бірі сен едің! Сөйлеймісің, Еспембет, жоқ па?
Е с п е м б е т. Алдыма Жомарт туысқаның кедергі салып қойды. Не сөйлеуші едім? Менің де би деген атым бар. Ылғи кер тартып, кесір шығара беретін қарғыс атты мен-ақ ала берем бе?
Е с е н. Би сөзінің құйрығы маған соқты ғой. Ендеше маған рет бер.
Ж о м а р т. Сөйле, олай болса, батыр Есен! (Бәрі Есенге қарайды.)
Е с е н. Айтты ғой сонау би, шын батыр өз кегін өзі іздеп алушы еді деп. Мен арысы найман, берісі өз кегімді қуған батырмын. Менің басыма сөз қалса, осы жолда кездессем Кебекті ең алдымен жекпе-жекке шақырам. Өз қолыммен өлтіремін. Онан соң елде жиылып отырған найман да, мұнда келіп отырған жиын да менің намысымды жыртып келіп отырған жоқ. Ел намысын қуып кеп отыр. Бекер ме еді, айтшы кәне? Наймандарға қарап, іркілетін жерім жоқ. Найманның алғашқы айтқан екі сөзі сөз. Мұнда келген билердің табанында бұдыр жоқ болып тайғанаса, өзі қатын болсын. Бірақ мен ұстадым ел кегін. Мына найман ерлері бірге ұстайды менімен.
Д а у ы с т а р. Рас айтады! Сөз осы!.. Сол! Сол-ақ! Солай-ақ!
Е с е н. Әне, болды біздің сөз. Тобықты билерімен үйлесіп жауабын берсін. На Кебек пен қызды бер! Болмаса тұрысатын жеріңді айт! Қайдасың осы сөзге еретін найман, тарт менің соңымнан. (Барлық найман түрегеледі Есен билерге айналып, наймандарға.) Жә... тарт, не тұрыс бар! Найманның ішінде де шіріген жұмыртқа бар дегендер шықпасын. Көрермін мен оны да! (Шығады, Жомарт, Еспембет іркіліп барып шығып кетеді).
Қ а р а м е н д е (Наймандар кеткен соң). Жә... сөз Екінің бірі... Екінің бірі...
К ө б е й (назаланып). Қайтесің енді. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің деген осы. Бастан атқуылдап отырғаннан-ақ сезіп едім.
К е м б а й. Жә.,. біз бұған не айтамыз! Биге де үлкен дерт болды ғой, бұл.
К ө б е й. Кімге дерт болмай отыр. Ел намысының тапталғаны ма! (Би шығады. Көбей басын көтеріп өзгелерге). Сендер шыға тұрыңдар! (Көп тобықты кетеді. Қараменде, би, Кембай, Матақ, Көбей, Қосдәулет қалады.)
К ө б е й. Еспембет құлаш ұрып шарықтап тұр, шағулы жерге келетін емес, би!
Б и. Айтшы кәне, қайтсең тыным табам дейді?
К ө б е й. Матай мен тобықты, сендердің араңда қандай жаулық болса да, мен қатынасқаным жоқ. Мынау тұста найманнан туғаным шын болса бұл қорлықты көріп отыра алмаймын. Не Кебек пен қызды шығарып бер! Болмаса қолым дайын тұр, тура тұрысатын жеріңді айт дейді. Анау, жер түбінен ұстатып жіберген сөзі осы керінеді.
Б и. Не сұмдық? Қандай қорлық күн жеттің? Қуарған қатал өлім күн! Не еріңнің қанын бер... не мынау келіп түніп тұрған қараша-қауыс үстінде, ақ қар, көк мұз алдында жүңкіліп басқан жұртыңның көз жасын төк.. Зарын бер! Осы ма еді, осындай ма ең, мені тосқан қу ажал!?
К ө б е й. Екі сөзімнің қайсысына болса да байлауын би айтсын деді. Жауапты өзіңнен естігісі келеді.
Б и. Найман көп! Көптің ісі кеудемен келмей неғылсын. Табандасып шыдайын десем, көлденеңнің көзіне әшкере болған ісім бар. Тентектік менде!.. Алмас қылыш жүзіне табан басқан қылығым бар. (Тым-тырыс. Даладан дабырлаған дауыстар.)
Д а у ы с (далада). Сен бар, сен бар, айтып кел.
Ж і г і т. Баба... тыста тұрған ел-жұртың, ер-азаматың жіберді мені. Кебек арғыннан асқан ардагеріміз емес пе еді. Одан артық ұл туып па еді тобықтыдан? Кім етіп еді оның еткен еңбегін! Қолымыздан оққа байлай бергенше, қырылсақшы ел болмай! Жағасы жақыт кіреуке жебесі жетіп жүн болғанша шыдастық. Найманның не пәлесі болса да көтердік. Кебекті бермесін дейді...
Б и (қатты). Мен тобықтының намысын сатып ағарттым ба, сақал, шашты. Билігіме ара түсем деген қай бассыздық! Шық!
К ө б е й. Бар, орынсыз жерге килікпе!
А б ы з. Е-е-й, еңкей би! Жас кірмесе мен кірем!.. Жұрт есітпесе мен есітем кесігіңді... Баса кірдім үстіңе... Келдім қаралы қуыс шатымнан жаралы бауырымды сүйретіп!.. (Адымдап төрге шыға береді.)
Б и (жақтырмай, Көбейге). Кім еді бұған атой берген, түге!..
А б ы з. Өзім... өзім. Тарт жалаңды жазықсыздан... Айта бер айтпақ нарқыңды!.. (Екі би Абызға қарасады да, амалсыз көнген ажар байқатады.)
Б и. Неге келдің жел аударған қаңбақтай?!
А б ы з. Шер ыршытты шабақтай. Сездім, Кеңгірбай, сездім сұмдық салқынын.
Қ а р а м е н д е. Ер азаматтың әлгібір сөзінде жалын тұр ғой, елдік тұр. Тобықты сағы сынғалы отыр, Кебекті қолыңнан өлтіріп қойып бәрібір тыныш отыра алмайсың. Сені мен маған да қиын кезең болмас осындай? Дадаңның баласы да Кеңгірбайға өкпелі едім деп отырып қалмас. Шексіз шыдам жоқ. Бермеу керек Кебекті!
Б и. Уай, Көбей... Осы мына бабаңның өзінен басқа келген бар ма елінен?
К е м б а й. Әзір келген кісі жоқ. Бидің өзі ғой...
Б и. Қолсыз сайраған тілді қайтейін. Қызыл тіл мен қу жақтан бұндағы тобықты да кенде емес қой. Өз артыңа қарамасаң басқа шығар жол жоқ.
Қ а р а м е н д е. Өзің болсаң, өзіңе сен! Бәрібір шық найманның қарсысына!
Б и. Қыздырманың қызыл тілі ғой!..
Қ а р а м е н д е (ашуланып). Қасқырша өз күшігіңді езің жейін дедің бе?
Б и. Даданның улы тілін ауру денеме тағы да сұқтың ба кезін аңдып? Бауырлығыңды бұдан бұрын да сынағамын. Елжіреген жүректі көргем жоқты.
К ө б е й. Билер, бұларың не? Ескі жараны бітелемей, мына сергелдең болған елге жол табатын жөндеріңді айтсаңдаршы!
А б ы з (Қарамендеге). Уа, Қараменде, сені жұрт баба десе, мен сенен де гері кәрімін! Қостамаймын Кеңгірбайды, құптамаймын сені де. Елің... елің жоқ па еді дадаңдай! Елің болса, қолың кәне?! Тіпті тобың болмасын, тобырың кәне?! Не тұрысың... Мұтылып қу томардай?! Жапа-жалғыз қу сояудай... Не көмекке, қай керекке келдім дедің? Ер сәлемі әкелсе, ерте келмес болар ма, ер-азамат тұрғысын! Сылдыр сөзбен шығарып сап, сынайын деп кепсің ғой. Көлгір сөзбен көлденең болғың кепті ғой. Алданбаймын... алдамаймын!
Қ а р а м е н д е. Жетті... жетті тілің сүйегіме! Тоқтат, Абыз!..
А б ы з. Өзің айт... барыңды жиын да, тек бауырыңды сүйіп айт, Кеңгірбай.
Б и. Бауыр... бауыр!.. Менің атам Әнет бабам емес пе еді?..
А б ы з. Не дейсін! Не деп келесің сен? Әнет бабаң, Әнет бабаң серік пе саған... бұ шақта! О-о-о!.. Сонау... сонау ма?.. Қалқаман — Мамыр етпек пе ең? Сұмдық! Еріңің жаны, берінің аузына түскен сұмдық заман! Сұм заман!..
Б и (ақырып). Доғар тіліңді! Жоғал!
А б ы з. Сездім, Кеңгірбай, кетермін! Кетермін, сұмдық салқынын сезгеннен кетермін! Жақын елдерді екі жарып алып, жарғылап тұр тағы да! Жетісерсің сонымен би мен бек! Үздім күдер сендерден, елімнен — сонау найман елімнен сұрап алам жас жанын! Араша тілей соған барам! Соған сенем, сенем де!
Б и. Жоғал бәрің көзімнен! (Көбейге) Шығар.., Шығар мынау екі қаңбақ шалыңды!.. Бар... бар, есіттім үндеріңді!.. (Көбей, Кембай... Қараменде мен Абызға ойысып күңкілдейді. Анау екеуі қатар тұрып екі бөлек шыға береді. Қосдәулетке) Шақыр. Шақырып бер маған Еспембетті!.. Еспембетті шақыр қасыма!.. (Қосдәулет шыға жөнеледі.)
К ө б е й (екі шалды шығарып). Еспембет! Еспембет!
К е м б а й. Бұларды кетіріп қасына алары кім? Еспембет пе? Би. Керек еттім жау биді. Иә, иә! Арыламын езінен!.. Өз құлағыммен өз аузынан есітем!.. (Сыртта «Еспембет! Еспембет, Еспембет!» деседі).
Б и (Көбейлерге). Сендер де барыңдар, оңаша... оңаша бер маған Еспембетті!..
Шымылдық
ТӨРТІНШІ АКТ
Бесінші сурет
Тау арасы. Тоғай. Аласа қос. Есігі ашық, ішінде Еңлік ұйықтап жатыр. Жанында құндақтаулы баласы. Кебек қостың жанына келеді.
К е б е к (есіктен қарап). Тыным алшы, аз да болса тыныштық тапшы сөйтіп, Еңлігім. Әлінін аздығына қарамай, азғантай көзім ілініп кетсе, басымда ғана отырады. Қимасым-ай, қанатым-ай, қанатым-ай, талдың-ау, талдырды-ау сенген жұртым! Аң болып, адам көзінен тығылып, қашып көрген өмір құрсын. Жалғыз болсам, бір сәрі еді ғой. Тартар едім таймас жолға, табар едім, қаза болса ер қазасын. Еңліктің өз басы болса да бір сәрі еді. Қалар ма еді жанымнан, қалысар ма еді қайрат та? Екеумізге бірдей жұбаныш та өзі боп, ауыр жүк те өзі боп кішкентай бір қошақаным, балапаным жатыр мінеки. Бағың ашылатын күн болар ма әлде сорға туған сорлымысың, бишара. Япырым-ай, елі болса да, жауы болса да келетін уақыт болып еді, әлі де бір елес жоқ! Не деп келер? Не десер! Екінің бірі: я ұл атанып ел табам, я қанішер қайқы болаттың қайратын сарапқа салып өлтіремін! Өлісем!..
Е ң л і к. Батырым, не деп тұрсың? Сөзің қалай жат еді.
К е б е к. Еңлікжан, мен не айттым? Жай бір өлең емес пе?
Е ң л і к (сыртқа). Ойын менен жасырады. Жасытпайын, үрейін ұшырмайын дейді ғой. (Кебекке.) Ендеше менің құлағым қақас естіген ғой. Қейде шырт ұйқыда жатсам да, ояу жүрсем де құлағыма әлдеқандай жаман сөздер саңқ етіп естіліп қалғандай болады.
К е б е к. Өзің де бір уақыт тыным алып, тыныш ұйқы ұйықтамайсың. Соның өзі-ақ талдырмай ма! Тасташы осы, сен ғана тасташы күдікті. Маған қалдыршы соның бәрін. Жадырасыншы жүдеу, кейіс қабағың. Долы дүние тулап жатсын айнала. Кетсін мұнар. Кетсін мұнар, кетсін тозаң толықсып туған айымнан! Қосыл!: Қосылшы, жаным,. ә«! (Ән салады, екеуі құшақтасып отыр).
Бір мен деп ата-анадан: безген,. Сәулем,
Қорқыныш жас жүрегін езген, сәулем,
Мықты ұстап етегімнен, басын байлап,
Қауіпті жапан түзді кезген, сәулем.
Қан жауған қамалдарды бұзған күндер
Қандырған білек құршын ұзақ түндер.
Бәрі де жан жарыма жеткен емес,
Құриды қызығыңа бойда сүлдер.
Е ң л і к. Өзге тілек тілемейін, осы құшағым жазылмай кетсін. Айырмасын арам қол. Қуанышым, өтінетін бір-ақ қана тілегім бар... Осы күн, осы кезбеден мені қажиды-ау, әлсірейді-ау дей көрмеші.
К е б е к. Неге айттың оны, Еңлігім. Неге үйдейсің?
Е ң л і к. Не сергелдең болса да, серігің болдым деп аттанып ем. Артымда аяр ием қап еді. Бауырыңда, панаңда кешкен жалғыз күндік тірлігіме бұрынғы барлық ұзақ жылдарымды теңемеуші ме ем. Тек мынау біраз күн... Өлсіздік, аналық шақ...
К е б е к. Айтпа... айтпа, атама оны. Бұл шағыңда әлсіз деуге аузым барса, азғаным болар...
Е ң л і к. Болды ендеше. Азғантай бір түйткілік қана сол еді. Жуып-шайдың, жоқ еттің ғой бәрін, батырым. Қуанттың ғой.
К е б е к. Соның шын болса ән салып бер,
Еңлік әдемі, мұдды ән айтады, Жәуетей шығып қарай, ән тыддап тұр.
Ж ә у е т е й. Екеуі ғана. Екеуден-екеу-ақ... Сонда да рулы елдей. Сүйеніскен егіз марал!.. Әттең, екі бейбақ...
К е б е к (селк етіп). Жәуетей, аман ба, жаным.
Е ң л і к. Е, мынау... ел-жұртың аман ба, жаным.
Ж ә у е т е й. Ел аман, өздерін де есен-сау жатырсыңдар ма?
К е б е к. Біз есен-сау болмай не болушы едік. Кәне, не болды, жұрт не деп жатыр. Айтшы тез!
Ж ә у е т е й. Жұрты құрсын, елдігі кеткен ел емес пе біздің тобықты.
К е б е к. Не болып қалды?
Е ң л і к. Жарқыным, сөз аяғы бұзылды ма?
Ж ә у е т е й. Енді бізге бұл жерде тұруға болмайды, қаптайды жауыздар. Тез бұл жерден кету керек.
Е ң л і к. Бәсе, жүрегі құрғыр осыны сезген екен ғой.
К е б е к. Айтшы, не болды!? Неге тоқтады? Ұстап бермек болды ма?
Ж ә у е т е й. Ұстап бермек емес, бірақ қорғамайтын болды. Өзің ұстап ал да, өз дегеніңді ет деді! Найман қаптап іздеп келеді.
Е ң л і к. Жасаған-ай... Не деген тасбауырлық!
К е б е к. Бұл билікті кім айтты, найман ба, Кеңгірбай ма?
Ж ә у е т е й. Бәрін айтып тұруға болмайды. Қаптайды ғой жауыздар. Жүріңдерші, жөнелейкші.
К е б е к. Жәуетей, билікті кім айтты дейім? Тобықты оңай көнді ме? Айт бәрін. Әлде бізге қашу да керек емес шығар?
Ж ә у е т е й. Олай деме, досым!
К е б е к. Дос болсаң, жасырмай бәрін айт, жасқанбай-ақ. Мен осыны естімей ешқайда қашпаймын.
Ж ә у е т е й. Билікті әуелі Еспембет айтты. Тобықты көпке шейін көнбеп еді. Найман ішінде Есен деген батыр бар екен, бәле басы сол болды. Қараменде де көп таласты. Сол бидің сөзінен кейін найман тоқтағандай да болып еді бір кезек. Бірақ жаңағы Есен сөйлеп, бар найманды артынан ертін алды. Кернеп кетті. Сонан соң би Кеңгірбай би жаңағы жауапты айтыпты... Айтқаны құрсын жалғыз-ақ, қара бауыр қатал би! Өз көңілімде күдік көп, сенбейміні Еспембет оңаша сөйлесіп ап кесті. Кандай айла шешті? Каншалық саудаға түсті сенің басың? Есіл жасым Тас қараңғы сыр қалды. Бірақ не дермін, дегені болды, дегені болды ғой Еспембет пен Есеннің!
Е ң л і к Есен! Әлі де бұл соңымда ма еді?
К е б е к. Ел кісілері қара көңіл биге.— Кеңгірбайға ерген соң, ер-азамат соларға берген соң, ар жағында не қалды, айтыңдаршы? Күні-түні қашып-пысып ақ болып, тағы жүргенде көіңілдегі медеуім не болды, кім болды, айтыңдаршы?
Есен кіреді.
Е с е н. Кебек! (Кебек екеуі тап беріседі.) Бір-екі ауыз сөзімді айтқыз әуелі,..
К е б е к. Семсер жүзінде айтылған сертті ұмытқам жоқ, шық!
Е с е н. Кебек, батыр болсаң дегбірің қашпасын, үрейленбе!
К е б е қ. Шық!
Е с е н. Кебек сен мені іздеп тауып тұрған жоқсың. Мен сені іздеп кеп тұрмын. Найман тобымен бірге келсем олар мен жекпе-жекте алыстырмас деп ұрланып әдейі кеп тұрмын. Менің мәнімді осыдан біл. Бар айтпағым осы ғана. Енді келсең келе бер!
К е б е к. Олай болса, ер екенсің, кел. Арғын, найман берекесі екеумізге қарамай-ақ қойсын!
Е с е н. Сенімен туғанда жұлдызым қарсы боп туған, ағам Көшен кегі де қарыз мойнымда. Сені өлтірмей тынбақ емес көңілім! Кел бермен! (Екеуі қатты алысып, қан- жарласып жүреді. Кебек жеңіп құлатады.)
Е ң л і к. Жасаған, жарлығына ырзамын. Жарығым, жаның аман қалды ма?
К е б е к. Кеудемді жеген бір құрттан құтылайыншы тым кұрса! Өліс депті ғой. Ала өлмей неге кетем?!
Ж ә у е т е й. Ал енді кетелік, болшы, жандарым!
К е б е к. Жәуетей, несіне жабыса бересің сөйлеп. Кебектің дәурені кеткен, оның елге керегі жоқ. Оның орнына қуыс қурай. Қашпаймын мен, осы жерде тосып алам найманды! Дұрыс айтып тұрғам жоқ па, Еңлікжан?
Е ң л і к. Батырым, сені мен менің ғана басым болса бір. Сәрі (жөргектегі баласын көрсетіп), мына сорлыны қайтеміз! Соры ашылмаған сорлы бейбақ осы болмай ма? Осының қарызы үшін кетейік, жаным.
К е б е к. Шын айтасың ба, сен де тілейсің бе, қалқам?
Е ң л і к. Жалынамын, жаным, қайтемін!
К е б е к. Олай болса дайындалыңдар. Мен атты әкелейін. Ал енді біз қашқынбыз! Өмір бойы қашқын боламыз. Қоян жүрек қорқақ боламыз! Көрінген адам баласынан тығылып, бұзып қашатын тау тағысы боламыз? Ал біз қаштық.
Жәуетей мен Еңлік дайындалады. Тас арасынан найман қолы кернеп, жинала бастайды.
Д а у ы с. Жау мұнда! Қапта, қапта!
Ес п е м б е т. Тоқта! Мынау Есен ғой, өлтіріп кеткен екен ғой.
Д а у ыс. Ойбай, бауырым...
Ж о м а р т. Қанішер тобықты, қанқұйлы тобықты қылған екен ғой...
Е с п е м б е т. Доғар... Есен бұл күнге дейін найманның батыры болса, қазірде тобықтының жығылған жасырын қайта тұрғызған найманның бір шіріген жұмыртқасы. Жекпе-жекке шыққанда тапқанн ғой. Жылаған көз жасымның, садағасы. Бір ауыз сөз айтпастан өлейсесін былай апкет. Мұны жайлап қашқан ғой Кабек,
Д а у ы с. Мына қатын біледі ғой, айтқызу керек осыған!
Д а у ы с т а р. Айт жаныңның барында,
Е ң л і к. Мені ұстағаннан кейін оны да ұстадыңдар ғой!
Е с п е м б е т. Бұл күлгірсіп тұр. Ол қашса да ұзағам жоқ. Мына шатқалды аралап шық шапшаң!
Кебек шыға келеді.
Д а у ы с. Ә, батыр, келдің бе ажал айдап?
К е б е к. Келдім Мен Еңлігім өлген жерде өлем деген уәдем бар, сол үшін келдім. Тағы да жастығымды ала жатайын ба. Ажалсыз қай найман барсың, көрінші менің көзіме! (Садағын кезене береді.)
Е с п е м б е т. Ат, мына мен бар, Найман құрып қалса көремін.
Е ң л і к. Сәулем, атпа! Тілеймін! Арғын, найманның қалған елі қарғамасын. Өлсек те жазықсыз өлейік.
К е б е к (садағын кезеп тұрып). Ей, сотқар би ұлың ұлып табысыпсыңдар ғой бөрідей, табысарда сойған көк қасқаң елдің ұлы-қызы біз болдық қой! Көк бөрі демей не дейін, қан сорнамды ішпесең көңілдерің көншімес. Лағынет босын сендерге. Бірақ сені қарғасам да қарғамаймын сорлы елімді. Ер қадірін білер сол ел, елден шыққан не білер! Сонда менің қанымды қарғыс етіп басар сенің маңдайыңа! Мә, білгеніңді істей бер! (Садағын тастайды.)
Е с п е м б е т. Ол сөздің керегі жоқ! Байла!
Е ң л і к. Ей, азаматтар! Өлтірерде үш тілек бар емес пе? Үш-ақ түрлі тілек айтам.
Д а у ы с т а р. Керегі жоқ, тыңдамаймыз.
Е с п е м б е т. Тоқта! Айт, не тілегің бар?
Е ң л і к. Кебекпен арыздасайын. Екінші, өлтірген соң бір жерге көміңдер. Үшінші, соңғы тілегім: бізде жазық болса да, мына бишара сорлыда жазық жоқ қой. Ата-анамда ұрпақ жоқ, зарлап өтіп еді, енді мен екен мен де жоқпын, соларға табыс етіңдер. Жетім қозы бұл зарлық зарласа солар баурында зарласын. Бар айтарым осы еді.
Е с п е м б е т. Жарайды. Босатыңдар. Қоштаса ғой жарыңмен.
М ат а қ. Кебек, ел болып, Көбей болып енді мені саған жіберді, еркек тоқты құрбандық деген еді. Елге, биге айтар сөзің болса айт.
К е б е к. Тобықтының баласына менің сөзім жоқ. Ендігі сезім жетіп олардың жүйесін босатпай-ақ қойсын. Тобықты осы қаталдығынан таймасын, менің арым, Еспембет, сенде.
Е с п е м б е т. Айт, менде болса.
К е б е к. Мойныма арқан тағып өлтірмей Қорламай өлтір!
Е с п е м б е т. Босат олай болса, қызбен екеуінің қолын!
К е б е к. Еңлікжан, қимасым, құштарым, кеш маған...
Е ң л і к. Жалғызым, өзің де кеш!..
Құшақтары айқасады. Еспембет садақпен атады. Екі жастың құшақтары жазылмай денелері айқасып түседі. Жұрт жым-жырт. Қаралы сұмдық іс бітті, енді бет-бетімен жым-жырт тарап барады. Құндақтағы баланы ешкім алмайды. Жапа-жалғыз қала береді. Сол кезде Жапал шығады. Еңіліктерге үнсіз қарап үңіліп тұр. Екі иығы дірілдеп, үнсіз жас төгіп тұрғаны білінеді жай жылжып балаға келеді. Бір жақтан Абыз шықан ақ шапанды, ақ сақалды. Өзгеше тіксініп, тұла бойы өрт шалғандай боп келеді. Бұған дейінгі қандай уақиғанының эпилогі түрінде кетеді.
Ж а п а л (Абызды көрмейді. Құндақтағы баланы көтеріп, бауырына алып). Сорлы қозым. Қошақаным! Жетпей қалған, жетім бауырым. Алдым сені баурыма. Тастап кеткен. Елсіз, ессіз далаға тастап кеткен тас бауырлар, бөрілер!
А б ы з (бір қабат ақ шапанын шешіп, өліктердің үстіне айқара жауып.) АҺ, заман! Құшақтарың айқасып кеткен шерменделер!
Ж а п а л (айналып көріп, баланы көрсетіп). Көрші, көрші міне, қамкөңіл ата! Мынаны өлсін деп аш бөріге тастаған. Осы ма еді ел деген? Көріп пе едің аямасты, ататай?
А б ы з. Ата!.. Атамын мен аңыраған! Мен ата, сен немере? Бауырыңдағы шаранасы кеппестен шырылдап қалған шөбере! Бауырым өрт, үнім зар! Бауырым өрт, бетім жас... Ата, немере, шөбереміз — үш зарлық! Ел олар емес, бізбіз, ұлым, жан балам! Қара тастай қатал күндер ішінде туар, келер біздей толқын-толқын ата, бала, немере... алып кетсін, жазықсыздар аттарын сақтап өтсін... ақтап өтсін арыстарым арманын... «Жадында тұт, жасыма!.. Жадыңда тұт, жасыма» де, ес кіргенде (баланы нұсқап) бауырына,.. Бүгін мен өсиет еткендей, өсиет ет сен оған, шағың жетіп өлерде! Жадыңда тұт, жасыма десін арғыларға, ұрпаққа. Жадыңда тұт, жасыма, ұлым, елім, шермендем!..
Ш ы м ы л д ы қ.
С о ң ы.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі