Біздің гуманизміміз — көргенінде қисап жоқ кәрі гуманизм. Осы ұзаққа созылған тарихи тағдыр барысында біздің бабаларымыз қашанда адамшылық, мейірім, аяушылық жағында болыпты. Дүниені әлденеше рет алақанымызға сыйғызыппыз. Алайда бойымызда, жүрегімізде қаулаған ар менен ұяттың, ожданның өрті алақанымызға сыйып тұрған сол әлсіз тіршілікке, сол әлсіз дүниеге қиянат жасауға жібермепті.
Таласбек Әсемқұлов
Өнерді мұрат тұта отырып, бар болмысын, бүкіл саналы ғұмырын шын мәнісінде ұлтына қалтқысыз қызмет етуге арнап өткен тұлғалар санаулы. Сол санаулылардың бірі — Таласбек Әсемқұлов. Өнерді өзінің дара жолы етіп таңдаған тұлға.Жазушы, сыншы, аудармашы, кинодраматург, мәдениеттанушы, өнертанушы, үлкен мектеп көрген күйші-домбырашы, ұлттық өнердің тамыршысы, ойшыл, білімдар.
Әлия Бөпежанова
Адам — жолдан тайған періште. Кейбір діни әфсаналарда осылай айтылады. Эдем бағында жүрген Адам Ата мен Хауа Ананың жерге қалай қуылғанын елдің бәрі біледі. Сол Адам Ата мен Хауа таным мен білімнен шошып кетіп, қақпасына қайтып келгенде қолдарында от-семсерлері бар періштелер жолдарын кес-кестеп тұрыпты. Себебі Адам ұжмақтан кетіп, есеюі керек. Ұжмақ сияқты жылы ұяны қимай, ал шындығында, еркіндіктен қорқып қайтып келген Адамға періштелер де, Жаратқан иенің өзі де қарсы.
Таласбек Әсемқұлов
Таласбек Әсемқұловтың нағашы атасы Жүнісбай Стамбаев дәулескер (шебер) күйші болған. Ол өзіне ізбасар шәкіртті ұзақ іздеп, таппай қиналған екен. Бір күні оған жиенінің шәкірт болатыны туралы аян береді. Ж.Стамбаев Таласбекті туа салысымен бауырына басып, тәрбиелеп өсіреді. Таласбек нағашы атасынан тек күй тартуды ғана емес, домбыра жасауды да үйреніп, кейін Ахметжан, Төлтай сынды шеберлерден өнерін шыңдай түседі. Оның жасаған домбырасы Мәдениет Ешекеев, Сыматай Үмбетбаев, Әділет Мусин, Жәнібек Кәрменов тәрізді өнер саңлақтарына бұйырыпты
Менің арманым Таласбек Әсемқұловпен сұхбаттасу, сұхбат алу еді. Енді ол арман күйінше қала береді. Таласбектің мақалаларын әр қазақ оқу керек, мектеп оқулығына пән ретінде енгізілу керек деп ойлаймын. Себебі оның шығармалары — қазақ болмысына қойылатын антивирус. Таласбектің сыни мақалалары мен прозасын оқып өскен баланың санасын болашақта ешқандай теріс ағымдағы дін де, жаһандық даму өркениеті де жаулай алмайды! Меніңше, Таласбек Әсемқұлов сынындай сыни шығармалар қазақ әдебиетінде бұрын жазылмаған. Сондықтан мен қазақ сынын Таласбек Әсемқұловқа дейін және одан кейін деп қарастырамын.
Тұрсынбек Башар
Таласбек Әсемқұлов 1955 жылы бұрын Алматы облысына қараған Бөрілітөбе ауданында туған. Алайда көп ұзамай оны Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Айғыз ауылында тұратын Стамбаев Жүнісбай деген нағашы атасы алып кетеді. Осыдан кейін Таласбектің әке-шешесі де осы жерге көшіп келген. Стамбаев Жүнісбай аймаққа белгілі күйші болғандықтан, үйлеріне түрлі өнер адамдары жиі келіп жататын болған.
Осылайша, кішкентай Таласбектің бойында өнерге деген құштарлық өте ерте оянады. Атасынан, басқа да күйшілерден көптеген күй үйренеді. Мектеп қабырғасында жүргенде әдебиет, химия, математика, физика пәндеріне де қабілеті
жоғары болады.
Орта мектепті аяқтаған соң әскери борышын өтейді, қой бағумен айналысады. 1976-1980 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетінде оқып жүріп, Алматы халық университетінде жұмыс істеген. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлт аспаптар музейіне ғылыми қызметкер болып орналасады. Таласбек Әсемқұлов
жазушылығынан бұрын күйші әрі домбыра жасаушы болғандықтан, К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепте домбыра шебері болып та жұмыс істейді.
Одан соң «Жазушы» баспасында әдеби редактор, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы фольклор кабинетінің меңгерушісі, «Заман Қазақстан» газетінде редактор, «Жұлдыз» әдеби журналы сын бөлімінің меңгерушісі, Ұлттық кітапхананың «Рух-Мирас» альманахында бас редактор қызметтерін атқарады.
Таласбек Әсемқұлов студент кезінен бастап сценарий жазумен айналысқан. Кейін «Көкбалақтың өлімі», «Алматы — Астана», «Тұмар падиша» сынды сценарийлерді дүниеге келтіреді. Қаламгердің жазған сценарийі бойынша режиссер Досхан Жолжақсынов «Біржан сал», «Құнанбай» атты фильмдерді түсірді. «Еуразия» кинофестивалінде «Құнанбай» фильмінің сценарийі «Тұлпар» сыйлығымен марапатталса, «Жезтырнақ» сценарийі Корея Республикасы жариялаған сценарийлер бәйгесінде жүлдеге ие болды.
Т.Әсемқұлов көне түркі мифологиясын зерттеген. Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» т.б. әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс», «Тәттімбет сері» романдары, бес томдық шығармалар жинағы, сондай-ақ қазақ және орыс тілінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақалалары жарық көрген.
Аударма саласына да атсалысып, Қ.Рысбекұлының «Берікқазы» деректі повесін, А.Есмахановтың «Қазақтың кілемдері» альбомын, француз жазушысы Проспер Мерименің «Маттео Фальконе», серб жазушысы Иво Андричтің «Дринадағы көпір», жапон жазушысы Кобэ Абэнің «Жат әлпет» т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Кезінде «Сорос Қазақстан қорының» жүлдесін жеңіп алған автордың автобиографиялық «Талтүс» романы АҚШ-тың Индиана университетіне қарасты Three String Books баспасында «A Life At Noon» атауымен ағылшын тілінде басылып, шетел оқырмандарының ыстық ықыласына ие болды. Оған оқырмандардың бірі Тимоти Уолштың: «Талтүсті» жаңа ғана аяқтадым.
Шынымен,керемет роман екен, шедевр (аудармасы да ғажап)! Әсемқұлов Батыс көбірек білетіндей жазушы екен. Мен қателеспесем, Айтматовпен пара-пар», — деген әлеуметтік желідегі сөзі дәлел.
1973 жылы Таласбектің құрастыруымен «Байжігіт күйлері» атты жеке гранд-дискі Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты. Бұдан бөлек «Мәңгілік сарын» антологиясына 14-ке жуық, «Қазақтың мың күйі» антологиясына 30-дан астам күйі енді. 2010 жылы Парижден «Тәттімбеттің мұрасы» CD-дискісі, ал 2015 жылы 73 күй қамтылған «Талтүс» CD-албомы шыққан.
Таласбек Әсемқұлов 1982 жылы «Сазген» ансамблінің құрамында гастрольдік сапармен Югославияға барған, 2004 жылы Францияда болған Әлемдік музыкалық мәдениет фестиваліне қатысқан.
Күйші, жазушы, зерттеуші, сыншы, кинодраматург — Таласбек Әсемқұлов әдебиет, музыка, бейнелеу, кино, дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларында қайталанбас терең әрі мазмұнды еңбектер қалдырған.
Қаламгер білім алған Айғыз ауылының орта мектебіндегі музей ішінен жазушыға арналған бұрыш ашылды. Ал 1980 туған осы мектептің түлектері үздік оқитын оқушыларға Таласбек Әсемқұлов атында стипендия тағайындады.
Оқуға кеңес береміз:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі