Өлең, жыр, ақындар

Қазіргі қоғамдағы тіл мәселесі

Осыдан екі ғасыр бұрын қазақ жерін орыс империясы отарлап, тіліміз бен дінімізге зорлықпен өзгерістер енгізбегенде, бүгінгі таңда тіл мәселесі дәл осылай өзекті болмас па еді деген ой мені жиі толғандырады.
Мен бала кезімнен корей дорамаларын көріп өстім. Сол фильмдер арқылы біртұтас ұлттың бір тілде сөйлеп, мәдениет пен дәстүрге берік екеніне тәнті болатынмын. Сол сәтте: «Неге біз де тек бір тілде сөйлей алмаймыз?» деген ой келетін. Егер бәріміз таза ана тілімізде сөйлесек, екі тілді араластырып, мәнерсіз сөйлеу мәселесі де туындамас еді.
Байқасаңыздар, дамыған елдердің бәрінде ана тілі – негізгі байланыс құралы. Иә, ағылшын тілі – халықаралық тіл, бірақ әр ел өз тілін қадірлеп, сол тілде жүйелі түрде сөйлейді. Ал бізде өсіп келе жатқан жас буынның тілі екі арада қалып қойғандай. Орысша мен қазақшаны араластырып сөйлеу – қалыпты жағдайға айналып барады.
Шыны керек, менің де тілім осы аралас сөйлеу салдарынан бұзыла бастағанын байқадым. Себебі, менің ортамда орыс тілінде сөйлейтін адамдар көп. Қазір өзіме қатаң талап қойып, қай тілде сөйлесем, сол тілдің тазалығын сақтауға тырысып жүрмін. Қазақ тілінде – тек қазақша, орыс тілінде – тек орысша сөйлеуге күш салып жүрмін. Бұл – әрбір тілдің қадірін түсініп, сауатты сөйлеудің жолы деп білемін.
Бүгінгі қоғамда біз көбіне материалдық байлықты ғана мақсат етеміз. Алайда ішкі мәдениет, рухани байлық, тіл тазалығы секілді құндылықтар екінші қатарға ығысып қалды. Шын мәнінде, ең үлкен байлық – сөз байлығы екенін көптеген танымал адамдар түсінсе екен. Қазіргі танымал адамдардың көпшілігінің сөздік қорының жұтаңдығы қатты байқалады. Жастардың да сөйлеу мәнері бұзылып, паразит сөздерді көп қолдануы – осы сөз байлығының кемдігінен. Бұған әсер ететін факторлардың бірі – біз тыңдайтын, көретін контенттердің де сапасыздығы.
Мен өзімді сөз байлығы мол адам деп есептемеймін. Себебі, мен де күнделікті тұрмыстық, үйреншікті тілмен сөйлесіп, әдеби, сауатты тілді қолдануды ұмыта бастағандаймын. Қазір әлеуметтік желілерде, подкасттарда қалай болса солай, мәнерсіз сөйлейтін адамдар көбейді. Кейбіреулер орыс тілінде сөйлеуге тырысады, бірақ ол тілде де сауатсыздық танытып жатады. Ал қазақ тілінде таза, әдеби сөйлеу тіптен қиынға соғуда.
Жақында TikTok және Instagram желілерінен Салтанат (@saltalingua) есімді орыс тілі лингвисінің видеоларын көрдім. Ол орыс тілінде сөйлейтін танымал қазақстандықтардың сөйлеу мәнеріне талдау жасап, олардың сауатсыздығын, ойын нақты жеткізе алмауын орынды сынға алды. Осы видеолар менің осы мақаламды жазуыма түрткі болды.

Мысалы, көрші Ресейдің жұлдыздарын тыңдасақ, олар өз тілінде өте әдемі, сауатты сөйлейді. Ал біздегі блогерлердің орысша сөйлеуімен оларды салыстыруға келмейді. Бұл, әрине, тілге деген көзқарасқа, қоғамдағы тіл саясатына келіп тіреледі.
Менің айтпағым – біреуді кінәлау емес. Бар болғаны, бір тілде – таза, сауатты сөйлеуді насихаттау. Камера алдында сөйлеген адам өзінің миллиондаған аудиториясы бар екенін естен шығармауы тиіс. Әрбір сөз – жауапкершілік.
Қазақстанда тұратын әр азамат қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылса деймін. Бұл – менің арманым ба, әлде мақсатым ба, өзім де білмеймін. Бірақ қазақ тілінің мәртебесін арттырып, оны қадірлейтін, сауатты сөйлейтін ұрпақ тәрбиелеу – әрқайсымыздың міндетіміз.
Салтанат ханым да өз жазбаларының бірінде: «Қазақ тілінде сауатты сөйлеу үшін арнайы курстар болса, міндетті түрде қатысар едім. Себебі менің қазақ тілімде тікелей орыс тілінен аудармалар көп. Бұл – мені қынжылтады. Менің мақсатым – қазақ тілін де, орыс тілін де таза меңгеру», – деп пікір білдірген еді.

Осы ойлар мені үміттендіреді. Себебі қазіргі жастардың арасында да қазақ тілінде таза сөйлеуге ниеттеніп жүргендер бар. Бұл – тәуелсіздіктің ең жақсы көріністерінің бірі деп есептеймін. Егерде тәуелсіз болмағанда, башқұрт, кавказ ұлттары сияқты тек орыс тілінде сөйлеп жүретін едік. Ал мен сияқты адамдарда, мемлекетімізде қазақ тілі бірінші орынға қойылады деген үміт бар. 
“Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады” деп айтып кеткен А. Байтұрсынұлы атамызбен келісе отырып, тілімізді жоғалтпай, өзгенің емес, өз халқымыздың құндылықтарын дәріптеп, ұмытпай жүрейік.

Сағидолла Ұлар 

11 сынып оқушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз