Өлең, жыр, ақындар

Сапалы білім мен нәтижелі ғылымның алтын ордасы – ҚазҰУ

Орталық Азия бойынша көшбасшы университет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға биыл 90 жыл толды. Тоқсан жылдық тарихында университет отанымыздың білімі мен ғылымы үшін орасан зор жұмыстар жасады және қазіргі таңда да даму үдерісінде. ЖОО халықаралық QS рейтингінде 230-шы орынды иеленген отандық басты университетіміз білім мен ғылым саласында үздік қызмет атқарып келеді. Университет QS Asia университеттері рейтингі бойынша 29-шы сатыда. ҚазҰУ-дың оқытушы-профессор құрамында ҚР ҰҒА  академиктері, ҚР Жоғары мектебінің академиктері, Қазақстан Жоғары Мектебі Ғылым академиясының академиктері, ҰҒА корреспондент-мүшелеріқызмет атқаратынын да айрықша атап өткіміз келеді. Сондай-ақ ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, PhD-лар жұмыс істейді. ҚазҰУ-дың мәртебесі оқытушы ғалымдардың ерен еңбегімен, университет түлектерінің білім сапасымен ерекшеленеді. ҚазҰУ түлектерінің арасында көрнекті ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер менкәсіпкер-меценаттар, тәжірибелі дипломаттар да бар. ҚазҰУ-да аса мықты оқытушы-профессорлардың ғылыми мектептері қалыптасқан. Университет осы ғылыми мектептерді ары қарай жалғастырып, тың бағытта дамытып келеді.

Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «зерттеу университеті» мәртебесінде гуманитарлық және жаратылыстану, техникалық зерттеулер саласында маңызды ғылыми жұмыстар мен жобаларды іске асыруда. Білім ордасы Батыс және Шығыс Еуропа елдерімен, сонымен қатар Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден аса жоғары оқу орындарымен, ұйымдармен білім саласында және ғылыми ізденіс саласында тығыз байланыс орнатқан. Университетте жыл сайын барлық мамандықтар бойынша гранттар игеріліп, студенттер мен магистранттар, докторанттар сапалы білім алуда. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде факультеттермен қатар белсенді жұмыс жасайтын ғылыми-зерттеу институттары және орталықтар да бар. Білім мен ғылым жолындағы аталмыш жан-жақты ізденістер білім алушылар мен жас зерттеушілерге, оқытушыларға жаңа мүмкіндіктер береді.

Университетте білім мен ғылым нәтижелеріне және жетістіктеріне, жаңа инновацияларды танытуға, дамытуға арналған форумдар, халықаралық конференциялар мен тәжірибе алмасу, т.б. өзге белсенді ісшаралар жүзеге асып отырады. Студенттер мен оқытушылардың білім сапасы мен біліктілігін арттыру мақсатында шеберлік сағаттары мен түрлі семинарлар және танымдық, тәжірибелік дәрістер жүйелі өткізіліп тұрады.

ҚазҰУ студенттері білім алумен қатар түрлі ұйымдар мен орталықтар құрамында өз белсенділіктерін көрсетіп, өзара тәжірибе алмасып, университет өмірінде өз қолтаңбаларын қалдыруда. Студенттердің білім алуы мен ғылым жолына бастау болатын сапалы сабақтармен қатар, олардың білім алуына да жағдай жасалған. Мысалы, Әл-Фараби кітапханасында студенттер үшін жайлы оқу кабинеттері жабдықталған, дәстүрлі оқу залдарымен қатар электронды ресурстарды іздеу және техникалық жабдықтары бар зал жұмыс істейді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім мен ғылым, сондай-ақ мәдениет пен жаһандық идеяларды біріктірген оқу ордасы. Университетте білім алған студенттер еліміздің жан-жақты дамуында тер төгіп, мол қызмет атқаратын тұлғаларға айналуда. Әлемдік білім мен ғылым кеңістігінде де университет ойып орын алған, дамыған білім шаңырағы екенін дәлелдеп келеді. Қара шаңырақ ҚазҰУ – сапалы білім мен нәтижелі ғылымның алтын ордасы.

А. Кенжеқожаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың I курс докторанты

Н.А. Утемгалиева PhD, доцент м.а. Р.А. Авакова ф.ғ.д., профессор


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз