Өлең, жыр, ақындар

Қолөнер - зор өнер (4)

"Шебердің қолы алтын", - дейді атам қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі - оның қолөнері. Ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің ісі - мақтауға тұратын өнер туындысы.

Үкіаяқ – үкі тұяғына ұқсатып, күмістен соғатын, төменгі жағына бірнеше салпыншақтар тағылған бұйым.
Көз отаға – күміске орнатылған бармақтай асыл тас. Бас киімге, батырлар дулығасына  қадалған.
Кемер белбеу – негізі былғарыдан тігіліп, алтын, күміс әшекейлермен шекетуленген аса қымбат белбеу.
Қын – кемер белбеумен бірге тұратын, пышақ салынатын әшекейлі, былғары бұйым.
Оқшантай – ішіне шағын зат салатын, кемер белбеуге өткізілген әшекейлі былғары қалта.
Қапсырма – әйел қамзолына тағылатын, түйме қызметін атқаратын жалпақ күміс бұйым.
Шекелік – сәукеле, тақия т.б. баскиімге тағылатын бұйым.
Шаштеңге – қыздардың өрілген шаш ұшына тағылатын, жібек бау өткізілген күміс бұйым.
Шолпы – шашқа тағатын, қымбат бағалы, сылдырмақты бұрым сәнін келтіретін, алтыннан, күмістен жасалатын бұйым.
Шашбау – қыздар шашымен қоса өріліп, моншақты, зерлі күміс шынжырлы әсемдік бұйым.
Шашқап -  шашты күннен, шаң-тозңнан қорғайтын, қымбат матадан жасалып, сырты түрлі моншақ жапсырмалармен безендірілген бұйым.
Сырға – құлаққа тағатын сәнді асыл бұйым. Оның сапасына, құрамына сай көптеген түрлері болады.
Аттарақ – жылқының жіліншігін жарып, жұқалап, оны егеп, тіс салып жасаған ағаш сабы бар тарақ.
Білезік – сиыр мүйізінен жасалатын, сырты жылтыр, түрлі ою-өрнектер салынған бұйым.
Бұғыншақ – аңшылардың түрлі үн шығаратын, мүйізден түтік қойылған үрмелі дыбыс құралы.
Дойбы – бақайшық, қызасық және жіліншік басының түбін егеп, бояп жасаған тастар. Сондай-ақ бұған ірі балық омыртқаларын да қолданады.
Жебе – жылқының жіліншік сүйектерінен жасалған садақтың ұштары.
Зымырауық – ортан жіліктің жұмыр басын ортасынан тесіп, ағаш өткізген балалар ойыншығы.
Сауыт – қақтаған мүйізден құралған, қыздардың ине-жібін салатын бұйым.
Сыбызғы – мүйізден, қаздың, тырнаның ортан жіліктерін өңдеп, кептіріп, әр жерден тесіп жасалған үрмелі аспап.
Сырға – сиыр  мүйізінен  әшекейленіп, өрнектеліп жасалған әсем бұйым.
Сояу – киіз, жабағы тігетін, сүйектен жасалған тебен.
Сүргі -  тері шелін сыдыратын сүйек құрал.
Тарақ – сиыр мүйізінен жасалған тісті зат.
Тастұяқ – жылқы тұяғын қайнатып, ішкі сүйектерін алып тастап, өңдеп, оюлап, өрнектеп жасаған, бау тағылған саз аспабы.
Тоқуыш, ілмек (тоқубіз), ілдіргі – кәрі жіліктің шыбығының (ілдіргесінің) үшкір жағынан ілдіргі жасап, жүннен тоқыма бұйымдарын жасайтын құрал.
Тіс шұқуыш – малдың, құстың сүйектерінен жаңқаланып, жұқалап егеліп жасалынған зат. Ұсақ малдың асықты жілігінің қылдырығынан  да тіс шұқуыш жасаған.
Түтік – ұсақ малдың немесе құстардың жіліктерінің екі басын кесіп жасалынған заттар. Оны местің, торсықтың аузына өткізсе, ыдысқа сұйық құюға ыңғайлы болады. Сол сияқты жерден ұра қазғанда ауа жаңарып тұру үшін түйе жіліктерін түтік ретінде қолданған.
Қамшы сабы – киіктің терісімен кептірілген сирағынан жасалған сап.
Қалақ – ірі малдың жауырын сүйегінен жасалған көмір, құм салатын шеберлер құралы.
Қасық – сиыр мүйізінен жасалған, тамақ ішуге арналған құрал.
Ожау – арқар, сиыр мүйізінен істелген, қымыз сапыруға арналған сәнді құрал.
Киімілгіш – бұғы, арқар, киік мүйіздерінен, қой, ешкі бақалшықтарынан жасалған киім ілетін зат.
Мүйізқақпай – ұрғашы сиыр мүйізінен жасалатын, соғу арқылы дыбыс шығаратын саз аспабы.
Ұстара – мал қабырғасын отқа күйдіріп, қырнап, өткірлеп жасалған шаш алатын пышақ.
Ұршық басы -  ортан жіліктің жұмыр басын ортасынан тесіп жасаған зат.
Насыбай шақша – мүйізден, сүйектен жасалып, әр түрлі металдармен әдіптелген бұйым.
Шүмек – асықты жіліктің бір жағын кесіп, асықты жағының бүйірін тесіп жасаған, бесіктегі сәбиге арналған зат.

 

Қолөнер - зор өнер (1)

Қолөнер - зор өнер (2)

Қолөнер - зор өнер (3)

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз