Халық ұғымында киіз үйді құрастыру «тігу», қайта бөлшектеу «жығу» деп аталады. Тігу үшін алдымен керегелерді бір-біріне қосып, оның екі жағын есік босағасына таңғыштар арқылы бекітеді. Есік шығыс жаққа қаратылады. Кереге басын бас арқанмен орай тартып, маңдайшаның екі жақ басына мықтап байлайды. Үйдің берік тұруы, оның салмағы осы бас арқанға түседі. Содан соң бақан арқылы шаңырақ көтеріліп, оның жан-жағынан уық шаншылады. Қазақ салтында шаңырақты еркек адам көтереді. Уық тегіс шаншылып біткеннен кейін, ірге киіз жабылады. Оның биіктігі жарты метрдей, онымен үй айнала орала жабылып, түсіп кетпес үшін әр жерінен керегеге байланады. Ірге киіз желді күні шаң, топырақтан, қыста суықтан қорғайды. Осыдан кейін туырлық жабыладыда, ол туырлық бау (құр) арқылы уықтан асып, қарсы керегеге байланады. Үй көлеміне қарай туырлық 3, 4 бөлік болуы мүмкін. Туырлық екі босаға жақтан бастап жабылады, ол да үзік бау арқылы белдеуге байланады. Ең соңында түндік жабылады.
Осы арада Шернияз ақынның киіз үйге сипаттамасы еске түседі. Бұл жырдың тууына мына жай себеп болған екен.
Баймағамбет Шерниязға қыз алып беріп, басына үй тігіп, алдына мал салады. Бұл ісіне өкініп, қайтадан айнымаққа сылтау іздеп, оған мынадай шарт қояды:
— Сен ақын болсаң, осы үйдің ішкі, тысқы жабдығын бөгелмей өлеңмен айтып бер. Айта алмасаң, бергенімнің бәрін қайтып алам.
Сонда Шернияз ақын былай деген екен:
— Әкеңнің бір атасы Қоянжырық,
Босаға, маңдайша мен табалдырық.
Кереге алты қанат, алтын уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
«Төрінде, - сандық айтар, - төремін», -деп,
Есік айтар: «Әр нәрсе көремін», -деп.
Ернін жалақ қылыпты жомарт ожау,
Көрінгенге қол қайыр беремін деп.
Ожау айтар: «Қазанға қақталдым», -деп,
Қазан айтар: «Қарнымнан қақталдым», -деп,
Жүгіріп от айнала шәйнек жүрер,
Қылығым не құайға жақпады деп.
Кетпен айтар: «Ағашқа басталдым», -деп.
Балта айтар: «Барлығына дақ салдым», -деп.
Текемет – төрде жатқан сал ауру,
Жақсыға, жаманға да тапталдым деп.
Ыстыққа қол батпаған шөміш батқан,
Сықырлап төсек ағаш жылап жатқан.
Қылмысы бұл жалғанға жаққан тұтқыш,
Бетіне қазан ұстап күйе жаққан.
Асылып керегеге ішік толып,
Толғайып тұз баспақ тұр іші толып.
Мейманды үйге келген күтіп алып,
Құман тұр от басында келін болып.
Туырлық, үзік, белбеу, ши, дөдеге,
Шалқалап түндік жатыр дәл төбеде.
Орнықты бәйбішедей қара саба,
Астында орындықтың мыс тегене.
Тағы да мен айтпаған күнің қалды,
Қабыңда түтілмеген жүнің қалды.
Шелек, қайрақ, ұстара, адалбақан,
Отбасы, ошақ қасы, күлің қалды.
Тағы да мен айтпаған мосы қалды,
Ыңыршақ пен ашамай, қосы қалды.
Тосыннан төре жарлық қылғаннан соң,
Бұл Шерің сөз таба алмай шошып қалды.
Орамды қызыл тілдің орағымен,
Шерің де одан-бұдан қосып алды.
Болғанда топай, құлға асық қалды,
Аяқ қапта қырғыш пен қасық қалды.
Тосыннан төре жарлық қылғаннан соң,
Бұл Шерің жауап таппай сасып қалды.
Хан мақтап бәреелді дегеннен соң,
Бұл Шерің тағы да өсіп, тасып қалды.
Киіз үйді жығу тігу әдісіне керісінше, яғни түндікті сыпырудан басталып, соңы керегелерді жиап алумен аяқталады.
Киіз үйдің түрлері мен құрылысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі