Өлең, жыр, ақындар

Баланың бал дәурені-экран ішінде емес!

Баланың бал дәурені – экран ішінде емес!”

Кезінде балалар топырақтан “қамал” жасап, қуыршаққа көйлек тігіп, далада жүгіріп ойнайтын. Қазір ше? Бір қолында – смартфон, екінші қолында – планшет. Үй ішінде тып-тыныш, бірақ… сол тыныштықтың ар жағында – балалық шақтың үнсіз жоғалуы жатыр. Экранға телмірген бала – болашағынан алшақтаған бала. Бұл – бүгінгі қоғамның үндемей күресіп жүрген дерті.

Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда 3 жастан 7 жасқа дейінгі балалардың 70%-ы күніне 2 сағаттан астам уақытын экран алдында өткізеді. Балалар үшін бұл қалыпты көрінгенмен, дәрігерлер мен психологтар бұл жағдайдың зейіннің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, сөйлеу қабілетінің нашарлауы сияқты салдарға әкеп соғатынын ескертіп отыр.

Бұл графикте: 3–7 жас аралығындағы балалардың 70%-ы күн сайын 2 сағаттан артық экран алдында отыратыны, 1-сынып оқушыларының 60%-ы телефонсыз ұйықтай алмайтыны көрсетілген.

Мысал келтіретін болсам, 5 жасар Айару таңертең ояна сала Youtube-ті қосады. Анасы тыныш отырғанына қуанады. Бірақ балада көз жасы жиілеген, ұйқы мазасыз, шынайы ойыннан қызық көрмейтін күйге түскен.

Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында 1-сынып оқушыларына жүргізілген сауалнамада 60%-ы «телефонсыз ұйықтай алмаймыз» деп жауап берген.

Тәуелділіктің белгілері:

– Баланың гаджетті сұрағанда жылауы немесе ашулануы

– Ойынды тоқтата алмауы

– Нағыз өмірге қызығушылықтың төмендеуі, сөйлесуге, сұрақ қоюға ынтаның азаюы

 

Алдын алу жолдары:

1. Телефон – балаға емес, ата-анаға керек құрал екенін ұмытпаңыз

Гаджет – ата-ананың тыныштық сатып алатын құралына айналмауы керек. Әрбір минут – тәрбие.

2. Экран уақытына нақты шектеу қою

Күнделікті 30-60 минуттан артық қолдануға болмайды. “Экранын сенбілікке дейін тоқтатамыз” сияқты нақты ережелер керек.

3. Ата-ананың өзі үлгі болуы керек

Бала анасының телефонға үңілгенін көрсе, ол да солай істейді. Бала – көргенін қайталайтын айна.

4. Бірге өткізген уақыт – баланың жанына дәру

Орнына не ұсындыңыз? Кітап оқу, ертегі айту, ойын ойнау, табиғатқа шығу – бәрі бала үшін экраннан да қызығырақ болуы мүмкін. Тек соны бірге жасау керек.

5. Баланың қызығушылығын табу

Сурет салу, ән айту, кубик құрау – баланың табиғи қабілетін дамыту арқылы экраннан алыстатуға болады.

Қорытындылай келе, экран – өмірдің шындығы емес. Бірақ бала шындықты сол экраннан үйренсе, ол болашақта қияли, тұйық, жалғыз болуға бейім болады. “Баланың жаны – аппақ парақ” дейді халқымыз. Сол парақты жарықпен, махаббатпен, тірі эмоциямен толтырмасақ, оны суық экран бояп тастайды. Балалық шақ – далада асыр салған, ата-анамен күлкіге толы уақыт. Оны экранға тұншықтырмайық.

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз