Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан киносы: трендтер мен тығырықтар

       Қазақстан киносы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Заманауи техника мен жаңа идеялардың тоғысуы отандық режиссерлер мен продюсерлерге жаңа мүмкіндік беріп отыр. Күн сайын көрермен назарына жаңа фильмдер ұсынылып, кинотеатрлар отандық туындыларға көбірек орын беріп келеді. Алайда бұл саланың мәселелері де жоқ емес. Қазақ киносы бүгінде даму мен тығырықтың тоғысында тұр.

Комедия – кинонарықтың көшбасшысы

Бүгінгі таңда отандық кинонарықта комедия жанрына деген сұраныс айрықша. Продюсерлер кинотеатрларда жақсы табыс әкелетін, жеңіл, күлкілі фильмдерге басымдық беруде. Өкінішке қарай, мұндай туындылардың басым бөлігі терең мазмұн мен көркемдік сападан алшақ. Көбінесе әйел кейіпкерлердің өмірі мен проблемаларын жеңіл-желпі күлкіге айналдыру арқылы көрерменнің көңілін табуға тырысады. Бұл — коммерциялық табысқа жетудің бір жолы болса да, ұлттық киноның мәдени және рухани миссиясына кері әсер етуі мүмкін.

Тіл мәселесі және көрерменге бейімделу

Отандық фильмдердің тағы бір өзекті мәселесі — тілдік бейберекетсіздік. Көптеген фильмдерде қазақ және орыс тілдері қатар қолданылады. Әрине, бұл құбылыс шынайы өмірде де кездеседі: қала тұрғындары көбінесе екі тілді араластырып сөйлейді. Алайда кинодағы бұл үрдіс көркемдік шешімнен гөрі, нарыққа бейімделудің амалына айналғандай. Режиссерлер көрерменге “таныс орта” көрсету үшін әдейі екі тілді араластырып береді. Мұның салдары — ана тіліміздің экраннан шеттетілуі. Бүгінде қазақ актерлері мен қазақ көрермендері үшін түсірілетін фильмдердің толықтай орыс тілінде болуы — сирек емес жағдай. Бұл болашақ ұрпақтың тілдік санасына теріс әсер етуі мүмкін.

Жағымды үрдістер мен жаңа серпін

Сонымен қатар, қазақ киноиндустриясында үміт отын жағатын жобалар да жетерлік. Соңғы жылдары тарихи тұлғалар туралы телехикаялар көрермен тарапынан жылы қабылданып жүр. Мысалы, «Міржақып. Оян, қазақ!», «Ахмет. Ұлт ұстазы» сияқты туындылар ұлттық сананы оятуға, тарихи танымды кеңейтуге ықпал етуде.

Қазіргі қоғамның әлеуметтік мәселелерін арқау еткен фильмдер де көбейіп келеді. Мысалы, «Жеті гүл», «Дәстүр» фильмдері мен «Асау», «1286» телехикаялары — бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын қозғайтын сапалы жобалар. Сонымен қатар, 2025 жылы жарыққа шығатын «Ауру» фильмі де көрермен қызығушылығын тудырып отыр. Аталған фильмде Аян Өтепберген мен Дильназ Құрманғали басты рөлдерді сомдайды.

Қазақ киносы — болашағы зор, әлеуеті күшті сала. Қазіргі қарқынын сақтап, кемшіліктерімен жұмыс істей білсек, отандық туындылардың халықаралық аренадан орын алатынына сенім мол. Ол үшін жеңіл күлкі мен тілдік бейберекетсіздікке емес, терең мазмұн мен ұлттық құндылықтарға негізделген фильмдерге басымдық беру қажет. Кино — ұлттың айнасы. Сол себепті бұл айнаның таза әрі мәнді болуы — баршамызға ортақ міндет.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Амантай Таңшолпан 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз