Өлең, жыр, ақындар

Діни сауатсыздықтың салдары

Діни сауатсыздықтың салдары Аңдатпа: Бұл мақалада діни сауатсыздықтың қоғамға тигізетін теріс салдары қарастырылады. Діни білімнің жеткіліксіздігі адамдардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуіне, радикализм мен экстремизмнің таралуына себеп болатыны талданады. Сондай-ақ, мақалада діни сауатсыздықтың адамдардың құқықтары мен қауіпсіздігіне, әлеуметтік тұрақтылыққа және дінаралық келісімге қауіп төндіретіні көрсетіледі. Діни білімді арттырудың маңыздылығы мен оны шешу жолдары ұсынылады. Түйін сөздер: Діни сауатсыздық, деструктивті діни ағымдар, экстремизм, радикализм, діни білім, діни қауіпсіздік, діни тұрақтылық, діни келісім. Кіріспе Біз қазір 2025-жылда Қазақстан Республикасында өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан зайырлы мемлекет екені белгілі, яғни, әр адамның діни сенім бостандығы бар, бұл мәселе тұрғысында құқықтық тұрғыдан бекітілген заңнамалар да бар. Біз қандай сенім ұстансақ та өз еркімізде екені рас, алайда ол адам өміріне қауіп төндіретін яки шамадан тыс фанатизмге бейімделген деструктивті ағым болмауы керек. Осы орайда, елімізде діни сауатсыздықтың кесірінен әр түрлі деструктивті ағымдарға немесе экстремистік-террористік, радикалды ағымдарға кіріп кетіп жатқан азаматтарымыз бар, өкінішке орай. Бұл мәселеде базалық діни білім берудің маңыздылығы көрініс табады. Материалдар мен мәселелер Діни мәселелердегі сауатсыздықты жою — біздің ортақ міндетіміз. Дінге сенушілердің көпшілігі өз дінінің негізін білмейді. Бір жерден оқыдық, біреуден естідік, одан артық ізденіс жасамаған. Діни сауатсыздық қауіпті, себебі бұл жағдайда деструктивті секталар мен экстремистік ұйымдарға ену қаупі жоғары. Бұл лаңкестер үшін қолайлы мүмкіндік. Біз азаматтарымызды психикалық, рухани және жиі кездесетін физикалық денсаулыққа орны толмас зиян келтіретін идеологиялардан қорғауымыз керек. Рухани азық іздеуде мұқият әрі абай болыңыз. Тек ресми дін қызметкерлеріне жүгініңіз. Қазақстанда тіркелген және тыйым салынған діни бірлестіктер тізіміне назар аударыңыз. Ресми діни өкілдеріне жүгіну арқылы сіз өзіңізді экстремистік идеологиядан қорғайсыз. Діни бірлестіктердің қызметіне қатысты немесе жай ғана кеңес алу үшін жергілікті Дін істері жөніндегі басқармаға жүгінуге болады. Барлық қызықтырған сұрақтарыңызға сауатты дінтанушылар мен заңгерлер жауап береді. Сұраудан қорықпаңыз, одан да бәрін бірнеше рет тексерген дұрыс. Экстремизм дін емес, сенім емес — бұл сананың сырқат күйі. Экстремизм адамдардың сенімдерінен, құмарлығынан тұрады. Бұл жарқын әрі қызықты әлем біреулер үшін махаббат пен құрметке толы болса, енді біреулер үшін әділетсіздікке, жеккөрушілікке, қатыгездікке толы. Егер біріншілері діннен жұбаныш пен тыныштық тапса, екіншілері одан өзіндегі қызғаныш пен ашу-ызаны ақтайды. «Сенім — бір түйір қамыр сияқты. Сіз одан қалаған нәрсеңізді жасай аласыз» деген нақыл сөз бар. Біріншіден, біз «діни экстремизм» ұғымынан бас тартуымыз керек, өйткені шынайы дін ешқашан зорлық-зомбылыққа шақырмайды. Өздерін діндар әрі тақуа мұсылман санайтын, бірақ лаңкестік әрекеттерді ақтайтын жастар — ислам ілімдерінен сауатсыз жандар. Исламды терроризммен теңестіру түбегейлі қате түсінік. Мынадай мысал келтірсек болады: егер мас жүргізуші жол апатына ұшыраса, біз көлік өндірушісін болған оқиғаға кінәләмаймыз. Дінде де солай, санаулы адамның ессіз әрекеті үшін бүкіл мұсылмандарды кінәләмәу керек. Оның үстіне, дәл осы мұсылмандар терроризмнің басты құрбанына айналуда. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда ислам басқа дінге сенушілердің саны жағынан алғашқы орындарда. Мұсылмандар белсенді азаматтық ұстанымды ұстанып, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосып, толеранттылық пен дінаралық диалогты қалыптастыруға атсалысуда. Мәселен, Алматыда ислам, христиан және басқа да діндердің өкілдері кіретін Діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы жұмыс істейді. Мәдениетаралық және дінаралық диалог Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен өткізілуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда белсенді жұмыс жасауда. Сондықтан қоғамда исламофобияның таралуына жол бермей, адамдарға қарапайым шындықты, яғни ешбір дін зорлық-зомбылыққа шақырмайтынын жеткізе білуіміз керек. Соңғы мәліметтерге қарағанда, азаматтарымыздың басым көпшілігі — шамамен 70%-ға жуығы өздерін ислам дінін ұстанушылар қатарына жатқызады. Біздің ойымызша, жоғары пайыздық фактордың болуы — қазақ халқының исламды өзінің этникалық бірегейлігінің бір бөлігі ретінде қабылдауынан. Халықтың басым бөлігі өздерін мұсылманбыз деп санайды және белгілі бір дәрежеде әдет-ғұрыптарды және ережелерді сақтайды. Сыртқы белгілерге келетін болсақ, бұл адамның діндарлығын көрсетпейді, кейбір жағдайларда бұл жай ғана сән үшін болуы мүмкін. Қазақстан үшін дәстүрлі ислам негізінде уағыздайтын дін өкілдері ғана радикализмге идеологиялық тұрғыда төтеп бере алады деген нақты түсінік бар. Демек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарына сенім артуға болады, олар білімді әрі сауатты мамандар. Діни идеологияның артына жасырынған экстремизм конфессияаралық қақтығыстардың пайда болуына және шиеленісуіне әкеледі. Діни экстремистердің басты мақсаты — өз идеяларын саясатқа, қоғамның күнделікті өміріне енгізу. Ең негізгісі — бүкіл халық үшін барлық құқықтық нормаларды міндетті діни ережелермен ауыстыратын жеке мемлекет құруды міндет етіп қояды. Діни экстремизм тағы бір радикалды ағыммен — фундаментализммен жиі тоғысып жатады, оның мәні дінге сенушілердің басым көпшілігі жоғалтқан идеологиялық негізге қайта оралу болып табылады. Әр нәрсенің өз себебі бар. Діни экстремизмнің пайда болу себептері мүлдем басқа: 1. Діни сауатсыздық немесе дінді үстірт білу. Қай дін: ислам, христиан, буддизм және т.б. екендігі маңызды емес. “Жартысын білгенше, ештеңе білмеген дұрыс” деп айтатындар бар. Діннің мәнін шектеулі және үстірт түсіну фанатизмге әкеледі. 2. Өмір сүру деңгейінің төмендігі. Бұл, ең алдымен, жұмыссыздықпен, табыстың төмендігімен және соның салдарынан кедейлік пен қиын өмірлік жағдайлардан шығу жолын іздеумен байланысты. Бұл жағдайда жұмыс орындарының жетіспеушілігі мен төмен жалақы мәселесін жоюға бағытталған мемлекеттік шаралардың маңызы зор. Кез келген дәстүрлі діннің сыртында оны қиратушы культтер бар, олар өз ізбасарларына түрлі айла-тәсілдер арқылы әсер етіп, оларды өздеріне бағындыруға тырысады. Діни сенім бостандығы — адамның негізгі құқығы, бірақ көбісі бұл еркіндікті өз теріс мақсаттары үшін пайдаланады. Олар дін атын жамылу арқылы зорлық-зомбылықты ақтап, қылмыстық қудалауда конституциялық құқықты қалқан ретінде пайдаланады. Деструктивті діни ағымдар сыртқы айырмашылықтарына қарамастан, олардың ішкі ережелері мен белгілері ұқсас: • Ұйымды бір харизматикалық көшбасшы басқарады, ол топты эмоционалды және физикалық жағынан бақылайды; • Көшбасшы уағызында жақында ақыр заман болатыны және онда өзі және «таңдалған тобы» ғана аман қалатыны жайлы айтады; • Топтың оқшауланған өмірі: культтен тыс ақпарат пен байланыстар қатаң шектелген; • Паранойя: оларға қауіп төніп тұр және олар үнемі бақылауда болады деп сендіру; • Адамдар сырттан демонизацияланған (қауіп төндіретін агрессор ретінде жаудың бейнесін жасау); • Денсаулық пен өмірге қауіп төнген жағдайда да медициналық көмектен бас тарту, адамдарды суицидке итермелеу; • Жоғары зайырлы білім алуға тыйым салу; • Сенушілердің өз мүлкін діни бірлестіктің пайдасына беруге мәжбүрлеу; • Азаматтық міндеттерді орындаудан бас тарту; • Әлеуметтік және діни араздықты қоздыру; • Отбасын тастап кетуге мәжбүрлеу. Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз жоғарыда аталған факторлардың бір белгісі бар қандай да бір топқа қатысы бар болса, сізге бұл ұйымнан кетуге және құзыретті органдарға хабарлауды ұсынамыз. Біздің қоғамымыздың діни сауаттылығына барлық мүдделі тараптар жұмыс жасауда. Дін қызметкерлерінің діни сауаттылығы мен кәсібилігі жыл өткен сайын артып келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары білікті исламтанушыларды, дінтанушыларды, араб тілі филологтарын дайындайды. Өз елімізде толық діни білім алу үшін арнайы білім беру бағдарламалары әзірленіп, барлық жағдай жасалған. Діни басқарма қызметкерлеріне діни саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі ережелері түсіндіріліп, діни-құқықтық сауаттылық, толеранттылық және дінаралық диалог негіздері оқытылатын біліктілікті арттыру курстары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Нәтиже мен ұсыныстар Қорытындылай келе діни сауатсыздықтың салдары адам өміріне, қоғамға өте қауіпті екенін көріп отырмыз. Осындай мәселелер туындамау үшін діни сауатсыздықтың алдын алу керек және базалық дінтанулық білім беруді енгізу керек деп ойлаймын,бұндай ұсыныстар біраз зерттеулер мен ізденістер талап етеді. Қазір ақпараттық осғыс жүріп жатқан заманда теріс ақпарат өте көп, әр адам өз миында сүзгі жасап, әр ақпаратты сүзгіден өткізіп отырмаса жағдайы мүшкіл деген сөз. Сол себепті ізденіп, оқып, білім алып жүрейік. Қоғамда жат ағымға еріп кетпеу керек, сондай белгілерді байқаған жағдайда бірден құқықтық органдарға хабарлау керек.
 

Әдебиет: «Зайырлы білім беру жүйесіндегі дінді зерттеудің заманауи әдістері» А.Д.Курманалиева, Қ.М.Бишманоы,Е.Г.Берикбаев- Алматы: Қазақ университеті, 2024.-54с.
 

Мақала авторы: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,ФжСФ,Дінтану мамандығы 3-курс студенті Тоқай Айым Бағиқызы.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,ФжСФ,Дінтану мамандығы 3-курс студенті Қанжарбек Ернар Ерланұлы

Ғылыми жетекші: Аға оқытушы,phd Мұқан Нұрзат.

 www.kaznu.kz


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз