Соңғы жылдары әр 11 сынып түлегі үшін мектеп бітіру - қиындықтармен бетпе-бет кездесетін өтпелі кезеңге айналуда. Онсыз да жаңа өмірге қадам басып жатқан жасөспірімге түрлі жүктемелер үйіп төгілуде. ҰБТ-ға дайындықпен қоса, күнделікті шаруаларды да жасап үлгеруің керек. Мектеп ҰБТ үшін жауапкершілік алмайтын болғандықтан, ондағы мұғалімдер де ол тестке оқушыны қалай дайындау керек екенінен бейхабар. Әрине, ұстаздар бар білгенімен бөлісіп көмектескенімен, олар тестке дайындайтын мамандар емес, мектеп мұғалімдері. Міне, осы себептермен әрбір қазақстандық түлек үшін ҰБТ-ға дайындық курстарын сатып алу - қалыпты жағдайға айналды.
Мен де осы айтылған жайттарды өз басымнан өткердім. Алаңсыз жазғы каникулдан оралып, бірден 11 сыныптың машақатына кіріп кеттім. "Әлі уақыт бар ғой" , - деп жүргенімде күз де бітіп, тестілеудің маңызын енді ғана түсіне бастадым. Сыныптастарым жазда түрлі курс сатып алып, дайындықтың шарықтау шегіне жетіп қалыпты. Оқу жылы басталған сайын түрлі білім беру курстарының байып қалатыны рас. Сол уақытта өзім де дайындығымды қолға алып, курспен дайындала бастадым. Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндердің бәрі де артта қалды. Бірақ, оқу жылы бойы мені бір ой мазалап келді. Неге 11 жыл бойы алған білімді қазіргі түлектер ақылы курстармен қайта оқуды әдетке айналдырған?
ҰБТ-ның сұрақтары мектеп программасынан алынғанымен, өтілген материалды жүйелі қайталау мен терең түсіндіру жетіспейді. Әсіресе, мектептерде кей пәндерді сапалы меңгертуге мұғалімдердің уақыты да, оқушының мотивациясы да жетіспейді. Ал дайындық курстарында оқушылар тек қажетті пәндерге көңіл бөліп, маңызды тақырыптарды нысаналы түрде меңгереді. Сонымен қатар, әрбір қазақстандық түлек үшін ҰБТ-ға дайындық курстарын сатып алу сәнге айналды. Көпшілік арасында “курспен дайындалмасаң, жоғары балл жинау мүмкін емес” деген түсінік қалыптасқан. Бұл — бір жағынан шындыққа жанасады, себебі курстарда оқушыға нақты бағыт беріледі, жиі тест тапсырып, білім деңгейін бақылап отыруға мүмкіндік туады. Бірақ бұл үрдіс мектептің рөлін төмендетіп, білім берудің ақылы форматқа ауысуына әкелуде. Мектеп бітірген әр оқушының ата-анасы қосымша дайындыққа қыруар қаражат жұмсайды.
Бәлкім, болашақта мектеп бағдарламасы мен мұғалімдердің дайындық әдістемесі жаңарып, мектеп қабырғасының өзінде-ақ оқушы ҰБТ-ға толық дайын болатындай жағдай жасалуы мүмкін. Сонда ғана түлек өзін “мектептен курсқа қашқан” емес, “мектептен өз біліміммен ұшқан” деп есептер еді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі