Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде еліміздегі жоғары оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты. Соның ішінде еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылғанын айрықша атап өтті. Бұл біздің еліміз үшін зор жетістік.
Президент Орталық Азия елдеріндегі және біздің аймақпен көршілес бірқатар мемлекеттегі демографиялық көрсеткіштің артуы жоғары білімді экспорттауға және шетел студенттерін елімізге тартуға елеулі мүмкіндік береді деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. 2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады. Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.
Елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылған, оларда оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұған қоса барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл шетелдік студенттердің мәдениетіміз бен менталитетімізді терең түсінуіне көмектеседі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ия, бұл шынында да өте дұрыс қойылған, қос қолдап құптарлық және қуанарлық жағдай. Осы жерде айта кету керек, форумда Мемлекет басшысы Қазақстанда оқып жатқан шетелдік студенттермен әңгімелесіп, оларға табыс тіледі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитын француз студенті Адриан Давус Президентке қазақ тілін оқып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы оған қазақ тіліне деген қызығушылығы үшін алғыс айтты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстандағы жетекші ғылыми-зерттеу университеті. Қазақстандағы ең жоғары рейтингі бар университет болып табылады. Президент атап өткендей әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылса, ҚазҰУ солардың көпшілігімен байланыс орнатқан. Университет білім берумен бірге ғылыми-зерттеу қызметіне айрықша ден қояды. Түрлі салалар бойынша мамандар даярлайды. Әсіресе, адам капиталын дамыту, білім беру сапасын арттыру, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект салаларында біліктілігі жоғары, сұранысқа ие мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ әлемге белгілі білім және ғылым үздіктерінің бірі саналатын ҚазҰУ Қазақстанның зияткерлік әлеуетін нығайтуға ықпал етуде. Аталған және тағы басқа салалар бойынша білікті мамандарды даярлаудағы үлесі мен беделі жоғары бағаланады. Бұл атқарылған жұмыстар биік шыңның бер жағы ғана. Университеттің ғылыми жұмыстары сапалы білім беру мен ғылыми зерттеудегі елеулі жетістіктерді көрсетеді. Осылайша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алдыңғы қатардағы білім мен ғылым ордасы ретінде Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстанды құру ісіне барынша үлес қосып жатыр.
Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Әлемдік академиялық кеңістікке шығуға саналы түрде маңызды қадам жасадық. Сондықтан алдымызда күрделі де аса маңызды мақсаттар мен міндеттер тұр. Олардың жүзеге асатынына еш күмән жоқ.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
-
-
-
-
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі