Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан – Ресей қарым-қатынастары тұрақты дамып келеді

Қазақстан – Ресей қарым-қатынастары тұрақты дамып келеді

Ресейлік бағыт Қазақстан сыртқы саясатының аса маңызды басымдығы болып табылады. Ресей Федерациясы Қазақстанның ең бір тиімді де сенімді стратегиялық көршісі, әрі серіктесі саналады. Мұның тарихы терең және себеп-сыры, қажеттілігі жеткілікті. Екі арада бізді 7591 шақырым шекаралық белдеу, тағдырдың таңдауымен ғасырлар бойы қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстар жалғастырып жатыр. Елімізде 3 миллион орыс ұлтының өкілдері, Ресейде 650 мыңдай қазақ тұрады.

Ресей біздің ең ірі экономикалық әріптесіміз әрі серіктесіміз. Біз көршіміз, біз жақынбыз. Екі жақты инвестицияда жақсы көрсеткіш орын алып отыр. Қазақстанға салынған ресейлік инвестициялардың жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асты. Ал Ресейге салынған қазақстандық инвестициялар шамамен 9 миллиард долларды құрайды. Екі ел арасындағы сауда айналымы 28 миллард доллардан асты және оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу көзделіп отыр. 2024 жылы ресейлік инвестиция  рекордтық 4 миллиард долларға жетті. Ресей капиталының қатысуымен 20 000-нан астам компания Қазақстанда өнімді жұмыс істеп, мыңдаған жұмыс орындарын құрып, экономикамыздың қарқынды өсуіне айтарлықтай үлес қосуда. Ресейдің Қазақстанның экономикасындағы үлес салмағы басым екенін ескерсек, екі мемлекеттің байланысы әлі де нығая түсетінін аңғаруға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен 11 қарашада мемлекеттік сапармен Мәскеуге барды. Әуеде басталған ресми қарсы алу рәсімі, ерекше құрмет белгісі ретінде жойғыш ұшақтар мен тікұшақтардың сүйемелдеуі және Внуково әуежайында әскери оркестр мен құрметті қарауылмен жалғасты. Мәскеудің көптеген ғимараттарына Қазақстанның туы ілініп, безендірілген. Осылайша, Қазақстан Республикасының Президентіне айрықша қошемет көрсетілді. Осыдан кейін Кремльде екі мемлекет басшысының бейресми кездесуі өтті.

Екі күнге созылған келісімдер көлік, экономика, мәдениет, білім беру және спорт салаларын қамтыды. Мемлекет басшысының айтуынша, біз Ресей Федерациясымен өзара әрекеттеспейтін және ынтымақтаспайтын бірде-бір сала жоқ. Солардың ішінде, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы атқарылып жатқан және осы кездесу кезінде қос ел басшылары тарапынан айрықша аталып, көрсетілген мына игі іс-шараларды атап кетуге болады: өткізілген іс-шаралар саны – гастрольдер, көрмелер, концерттер және спорттық жарыстар үнемі өсіп келеді. Жақында Мәскеуде Ресейдегі Қазақстан мәдениеті күндері сәтті өтті. Бұған дейін Якутск мен Қазан қалаларында мәдениет күндері аясында қазақстандық өнер қайраткерлері болды. Осы жылдың мамыр айында Астанада «Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы мәңгілік достық аллеясы» ашылса, ал 11 қарашада Мәскеуде «Қазақстан-Ресей достығы алаңы» ашылды. Мәскеу көшелерінің біріне Шоқан Уәлиханов есімі берілді.

Қазақстанда Ресейдің жетекші университеттерінің 9 филиалы сәтті жұмыс істейді. Биыл Астанада МГИМО филиалы және Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Біздің елімізде Ресей медициналық университетінің өкілдігі ашылу мүмкіндігі де қарастырылуда. Екі елдің білім беру стандарттарын ескере отырып, бірлескен мектеп құрылысы жобалары жүзеге асырылуда. Алматыда демеушілік қолдауымен әйгілі «Сириус» орыс мектебінің филиалы салынады. Қазақстан орыс мәдениеті мен тілін насихаттауға баса назар аударады. Біздің елдің бастамасымен  құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы бұл маңызды іске үлес қосуда.

Мәскеудегі келіссөздерден кейін Ресей мен Қазақстан президенттері Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа көшіру туралы Декларацияға қол қойды. Бұл құжат тарихи маңызға ие, ол біздің халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенімді және ынтымақтастықтың кең перспективаларын көрсетеді.

 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар