«Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады.» (МАН, 7 бет)
Жаңа әдіс- тәсілдерді оқып меңгеру барысында мектептегі іс-тәжірбие кезеңінде орта мерзімді жоспарлауға сәйкес өткізген тізбектелген сабақтарымның топтамасында бағдарламаның жеті модулінің қамтылуына ерекше көңіл бөлдім. Сабақтың құрылымына курстан алған теориялық білім негізінде туындаған жаңаша сипаттағы білім алудың белсенділігін арттыратын стратегияларды қолдана отырып, сапалы білім берудің тиімді жолдарын қарастырдым. Мемлекеттік оқу бағдарламасының стандартына сәйкес жазылған күнтізбелік жоспарымнан Оспанхан Әубәкіровтың «Ара мен Шыбын» мысалын алдым. Мысалдағы басты кейіпкерлер ара мен шыбынның әрекетін салыстырып, оқушылар өздеріне жағымды қасиеттерді қалыптастыруды мақсат еттім. Осыған орай тақырыпты еркін меңгеріп, мазмұнын аша біледі .
Сабақтың мақсаты: Оспанхан Әубәкіров туралы дерек беру. Мысалдың рөліндегі жәндіктердің ұнамды және ұнамсыз қасиеттерін сипаттап, салыстыруға үйрету
Күтілетін нәтижелер: Оспанхан Әубәкіров туралы дерекпен танысты. Мысалдың рөліндегі жәндіктердің ұнамды және ұнамсыз қасиеттерін сипаттап, салыстырды.
Сабақты бастамас бұрын оқушылар арасында психологиялық ахуалды реттеп алу үшін «Мен сендердің бойларыңнан мына қасиеттерді көргім келеді» тренингін өткіздім.. Бұл тренингтің мақсаты оқушыларды әрі топқа бөлу, әрі өткен сабақпен (А. Байтұрсынов Аққу, шортан һәм шаян) байланыстырып алғым келді. Оқушылар шеңбер бойына тұрып жатқанда көңілсіз тұрған оқушылардың назарын сабаққа аударып, мадақтаулар айттым. Балалар корзинадағы стикерлерді алып, ондағы адам бойында кездесетін ұнамды қасиеттерді бір-бірлеп оқып шықты. Барлығы оқып болған соң мен сұрақ қойдым. «Кәзір сендер адам бойындағы қандай қасиеттерді оқып шықтыңдар?». Олар: «Бұл адам бойындағы жақсы қасиеттер»- деп жауап берді. Әсель: Апай, Абай атамыз айтқан бес асыл іс ( талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым) сияқты барлығы жақсы қасиеттер екен деді. Бекзат: «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ»- сияқты қасиеттерден аулақ жүруіміз керек. Мен бұл екі оқушымды формативті түрде бағалап, мадақтаулар айтуды жөн санадым.
Егер сабақта мұғалім диалогтік әдісті тиімді пайдалана білсе, оқушылардың тіл байлықтарының артуына, сөйлеу мәдениетінің дамуына, сыни тұрғыдан ойлауына тигізер пайдасы мол деп есептеймін.
Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетті. (МАН 39бет)- дегендей біз өткен сабағымыздағы тақырыпты жаңғыртып, ондағы бірліктің болмауы, ынтымақтастықтың жоқтығынан арба орнынан қозғалмағанын айтып, үнемі біз кәзіргі стикерден оқылған жақсы қасиеттерге ұмтылуымыз керек деп қорытынды жасадық. Оқушылар қолындағы стикер түсіне байланысты (қызыл, сары, жасыл) топқа бөлініп отырды.
Олар топта өзара келісіп топ басшыларын, хатшысын және уақыт қадағалаушысын белгілеп алды. Әр топта топ басшылары сайланып, топ басшылары топ мүшелерімен бірігіп, сабақ кезеңдері бойынша арнайы критерий түзіп алды. Топ басшылары сабақ бойында бақылап, топ мүшелерін бағалап отыратын болды. Оқушылардың жас ерекшелігін ескеріп, сабақ кезеңдері бойынша критерий түзуде өзім көшбасшы ретінде бағыт-бағдар беріп отырдым.Себебі оқушылар осыған дейін мұндай тапсырмалар орындамаған.
Осыдан кейінгі іс-әрекетім үйге берілген «Бірлік-түбі тірлік» тақырыбында жазылған эсселерін топта оқып, талқылап,үздік шығарманы анықтату болды.
Оқушылар жазан шығармаларын оқып, топта талқылап, арасынан топтағы үздік шығармаларын оқыды. Осындай әдістің нәтижесінде олардың арасында пікірталас туды. Мысалы. Диас пен Еламан «Менің де шығармам үздік шығарма» деп бір-бірімен келіспей қалды. Себебі екеуі де үлгерімі жақсы оқушылар болатын
«Барнс (1976) пен Мерсердің (2000) айтуынша, зерттеушілік әңгіме –мұғалімдердің оқушыларды әңгімеге тарту кезінде дамыту қажет болып табылатын әңгіменің түрі»-дегендей мен өзім бұл мәселені шешу үшін көшбасшы ретінде екеуіне де жазған шығармаларын оқытып, сыныппен талқылауды ұсындым. Оқушылар арасында әңгіменің зерттеушілік түрі орын алды. Биболат: «Екеуінің де шығармасы жақсы жазылған» десе, Аружан: «Жоқ, Диасқа қарағанда Еламанның шығармасының мәні тереңдеу, қорытынды ретінде достық туралы мақалмен аяқтаған. Сол себепті Еламанның шығармасы жақсы жазылған». Оқушылар өзара келісімге келіп формативті баға берді. Біз осы курсқа дейінгі дәстүрлі сабақтарымызда диалогті оқытуды пайдаланғанымызбен мұғалімнің рөлі басымырақ, яғни өзіміз үстемдік жүргізіп оқушылардың сөйлеуіне, өз ойларын жеткізуіне мүмкіндік бермейтінімізді түсіндім. Өйткені сабақта тек біз сөйлейміз, сұрақ қоямыз, нұсқау беру үшін тақтаға жазамыз, түсіндіреміз, көрсетеміз және олардан тыныштықты талап етеміз. Осылайша біз оқушылардың өзіне деген сенімін жоғалтуына және белсенділігінің кемуіне себепші болады екенбіз. «Бірінші тезис: Жаңа нәрсені оқыту адамның нені білетінімен және түсінетінімен байланысты» (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 35бет)- деп көрсетілгендей жаңа сабаққа байланысты ой қозғау мақсатында 3 топқа сұрақ қойдым. Бұл тапсырманың мақсаты сабақтың негізгі идеясын ашу болатын.
-Қонақ деп кімді айтамыз?
-«Қонақжай» дегенді қалай түсінесің?
-Қонақтың қандай түрлері бар?
Оқушылар 1минут ішінде топта сұрақты талқылап, арсынан бір оқушы жауап беру тапсырылды. 2-топтағы оқушылар сұраққа дұрыс жауап бере алмады. Олар «қонақжай» деген сөзді түсіндіргенде: « Қонақ келгенде отыратын жақсы орны, жайы»- деп қысқа ғана қайырды. «Кісі үйіне келген қонақ асына емес, үй иесінің қас-қабағына қарайды. Келген қонақты жылы шыраймен күліп қарсы алған адамды қонақжай дейміз»- сынды жауап күткен едім, әйткенмен дұрыс жауап болмады. Мен сұрақты басқа топтағы оқушыларға қайта бағыттап: «Көмектесе алатындар бар ма?» деп сұрақ қойдым. Басқа топтағыларда осы жауапты айтты. Мен өзім көшбасшы ретінде оқушыларға қонақжайлылық» туралы түсініктің мағынасын бірлесіп ашу мақсатында «қонақ күту және қонаққа бару әдебін» естеріне түсірдім. «Қонақ келгенде қандай әдептілік сақтаймыз»? Оқушылар лезде «қонақ келгенде сәлем беру керек, қолына су құю керек, көрпеше төсеу керек».
«Осы әрекеттің бәрінде қонаққа қандай көңіл-күйімізді білдіреміз»? Осы кезде Аян атты оқушым тұрып: «Қонақты мейлінше күліп қарсы алып, күліп шығарып саламыз»-деді. Осы кезде мен көшбасшы ретінде ойды қорытындылап «Міне, осы айтылған сөздерді бір жүйеге келтірсек, қонақжайлылық туралы білеміз»-деп айттым. Осыдан соң оқушылар айтылған сөздерді сын тұрғысынан саралап, «қонақты жақсы көңіл-күйімізбен, жылы жүзбен күтеміз»-деп қорытындылап, түйінді ойды айтты. 3-топтағы дарынды оқушым Сымбат өзінің көшбасшылығын танытып, қонақтың әртүріне тоқтап, түсіндіріп бәрімізді таңқалдырды.
Сабақ барысында АКТ-ны тиімді пайдалану мұғалімнің жұмысын едәуір жақсартатынын білдім. Өйткені алдыңғы сабақтарымда жаңа сабақты түсіндірерде автор туралы тек ауызша мағлумат беретін едім. Бұл оқушының алған ақпаратының тек 10%-ғана есінде қалады екен. Ал АКТ арқылы суреттері мен деректерді көрсету арқылы 30% есінде сақталады. “АКТ оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беріп, мұғалімдерге сабақ беруде көмектесетін маңызды құрал болып отыр» (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 61-бет) Осы мақсатта интерактивті тақта Power Point презентациясы арқылы Оспанхан Әубәкіровтың өмірі мен шығармашылығы жайлы оқушыларға мағлумат беру мақсатында деректер мен суреттерін көрсеттім. Оқушылардың деректерді есінде көбірек сақталғанын сабақтың қорытынды бөлімінде аңғардым.
Осыдан соң ара мен шыбын туралы осыған дейінгі білімін, жәндіктердің биологиялық қасиеттерін анықтау мақсатында кластер жасауға тапсырма
бердім.
Оқушылар екі жәндік туралы білетіндерін топта бір-бірімен ақылдасып, еске түсіріп, топтық қорғау жасады. Нәтижесінде оқушылар тапсырманы бірлесе отырып орындады. Жұмысты орындау барысында топ мүшелері түгел қамтылып, барлығы атсалысты. «Үнсіз» оқушыларда топта бірге жұмыс жасап отырды. 2- топтағы дарынды оқушым Жарылқасын араның дәмтүтік арқылы ауамен демалатынын, «апитоксин» деген сұйық зат бөлетінін айтып, көшбасшылық қырынан танылды. Осы ретте Фриманның ең үздік оқушыларды анықтайтын мынадай сенімді өлшемін атап айтқым келді.«Өз білімін жетілдіру: Олар оқыту үдерісінің қалай жүретінін басқалардан гөрі жақсы біліп, өздерінің оқуын реттей алады». Выготский когнитивті дамудың, оқушылар өздерінің (ЖАДА) «Жақын арадағы даму аймағында» жұмыс істесе, жақсаратындығын атап көрсеткен (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 39 бет) -дегендей келесі іс-әрекетімде оқушыларға оқулықтағы мысалды оқып, мысалдағы түйінді ойды ашу мақсатында рөлге бөліп сахналауға тапсырма бердім. Тапсырманы орындау барысында бір-бірімен еркін әңгімелесуге, мәдениетті сөйлеуге жол ашылғанын байқадым. Топ ішінде ынтымақтастық атмосферасы орнағанын, Анар, Мерейдің актерлік қабілеттері байқалып, бір қырынан ашылғандай болды. Сабағымдағы оқушылардың пікірімен өзімнің бақылауымда болған көшбасшылық жасаған оқушылар болды. Олар Жарылқасын, Еламан, Сымбат, Анар және Дариғалар болды. Аталған оқушыларымның көшбасшылығы рөлдік ойын тапсырмасында анық байқалды. Дәлелдей кетер болсақ Жарылқасын, Сымбат, Дариғалар үнемі сахнаға шығып жүргендіктерін (домбыра, би үйірмелеріне қатысады) дәлелдеп, тапсырманы орындау барысында еш қысылмастан еркін ойнады. Және кейіпкерлердің бейнесін дәл беруге тырысты. Сабақ өту барысында мен оқушылардың сабаққа деген көзқарастары біршама өзгергенін байқадым. Мерсер ұсынғандай, «егер балаларға бір-бірімен сөйлесуге мүмкіндік берілсе, олар бір-біріне ойларын айтады және пікір алмасу барысында өз пікірлерін негіздеуге мүмкіндік алады. Бұл оқушылардың жоғары деңгейде ойлануына әкеледі» (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 40 бет).
Сахналау аяқталған соң, оларды формативті түрде бағалап, сергіту мақсатында интерактивті тақтада көңілді-әуенді би көріністері арқылы сергітіп алдым. Мен осы сергітуден соң «бұрынғы сабақтарымда неге осындай көңілді әуендерге билетпегенмін» -деген ойға қалдым. Өйткені оқушыларымның би билеуге қабілеті бар екенін байқадым.
Осыдан кейінгі іс-әрекетім оқушыларға мынадай деңгейлік тапсырмалар беру болды.
А.Мысалдағы түйінді ойды тауып жаз
В. Мысалға жоспар құрып жаз
С. 5 жолды өлең құрап жаз
Бұл тапсырманың мақсаты әр оқушының жеке қабілеті мен бүгінгі сабақты меңгеру деңгейін анықтау болатын. 5 жолды өлең бойынша арнайы критерийлер бердім және оларға бағыт- бағдар беру мақсатында интерактивті тақтадан сұрақтарын көрсетіп қойдым. Біраз оқушылар 1 және 2 тапсырмаларды орындаған. 7-8 оқушы 3-тапсырма бойынша 5 жолды өлең құрап жазыпты. Пернебек Зейнептің сабақтар барысында ауызша құрдастарымен қарым-қатынасқа жиі түспейтін, көп сөйлемейтін орта деңгейлі болғанымен, ойлау қабілеті жоғары екендігіне, тұйықтау көрінгенімен өлең жазуға қабілеті бар екенін байқадым. Оның мынадай тақырыпқа сай өлең жазуынан аңғардым:
Шыбын
Жалқау, мақтаншақ
Сызылды, қиылды, қонаққа шақырды
Өтірікші шыбын, алдамшы шыбын
Өз сөзінде тұрмады.
Талантты немесе қабілетті үнемі айқындай отырып бастауыш мектептердің мұғалімдері өздерін «дарынды бақылаушылар» ретінде көрсетуі тиіс (Eуre and Love 2002)
(МАН 72-бет).
Сабағымның келесі жинақтау, тұжырымға келу кезеңінде екі жәндіктің ұнамды және ұнамсыз қасиеттерін сыни тұрғыдан ойлап, анықтату мақсатында екі бөлімді күнделік жазуға тапсырма бердім.
Оқушылар екі жәндікке мінездеме жазды. Жазған жұмыстарын сыныпта талқылады.Сабақта құлықсыз отыратын Анар Алинұр «шыбында болған жалқаулық сияқты қасиет адамдар бойында да бар» - деп мойындағаны мені таң қалдырды. Осы тапсырманың нәтижесінде балалар өздері ұнамды және ұнамсыз қасиеттерді салыстырды, шыбын мен арадағы ұнамды және ұнамсыз қасиеттер кейбір адамдар бойында кездеседі деген ортақ шешімге келді. «Біз қай жәндік сияқты болуымыз керек?- деген сұраққа бірден ойланбастан «араға ұқсауымыз керек»- деп жауап берді. Үйге тапсырма мысалды рөлге бөліп, оқып келуді және мысал мазмұнына сәйкес мақал-мәтел жазып келуді тапсырдым.
Сабағымда курстағы алған теориялық білімімнің негізінде бағалаудың екі формасын қолдандым. Сабақты әділ бағалауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағалау критерийлері бойынша (оқушылармен бірге түзілген) топ басшылары топ мүшелерін формативті түрде баға қойып отырды.
Жиынтық бағалауда оқушылардың қойған бағаларын ескере отырып бағаладым. «Оқуды бағалау кезінде бір оқушының жетістіктерін белгіленген нормалармен немесе бірдей жастағы оқушылар тобының қол жеткізген деңгейімен арақатынасы салыстырылған соң қорытынды жасалады» (МАН 59 бет)
Сабақ барысында зертеудегі оқушымды бақыладым. Оның өткен басқа сабақтарыма қарағанда өзгергенін көрдім. Топта өзін ерекше еркін ұстауымен дәлелденді. Себебі сабақ өту тәсілім де әр сабақта өзгерістерге ұшырады.(АКТ, жас ерекшеліктерін ескерумен бағалау, диалог, топтық жұмыс, жұптық жұмыс). Осының әсері болар деп ойладым.
Формативті бағалаудағы төменірек бал жинаған Нұргул, Жандос, Алинұрлар жоғары нәтиже көрсете алмағанына ұялғанын байқадым. Бұл оқушыларға «келесі сабақтарда мұқият болып, топтық жұмыстарда атсалысып отырыңдар. Сендердің де шамаларың келеді» деп ынталандыруды жөн санадым. Сабақты неғұрлым қызықты өту арқылы оқушылардың сабаққа тартылу деңгейін жоғарылайтынын көрдім.
Қолданылған әдістерден оқушылар не үйренді? Сабақта оқушылар бірігіп топтық жұмысты жақсы атқару нәтижесінде өзара қарым – қатынасы жақсарды, ынтымақтастық атмосферасы қалыптасты. Сабақта өздерін еркін ұстауға, сын тұрғысынан ойлауды үйренді. Білім алуға деген құштарлықтары мен қызығушылықтары артты. Алған білімін кеңейту үшін өздігінен оқып, топта талқылауды, жұппен жұмыс жасауды үйренді.
Оқушылар тіл байлықтарын жаңа сөздер арқылы арттырып, жаңа тақырыптың мазмұнын ашуды, бірін-бірі бағалауды үйренді. Оқушыларды үйрете отырып, мен 7 модулді қалай, қай кезеңде еңгізуді үйрендім.Оқушыға әр түрлі сұрақтар қою арқылы сындарлы оқытуды, оқушыға сыни тұрғыдан ойлауға мүмкіндік беру керектігін білдім. Сыныпта өткізілген тренингтер, түрлі сергіту сәттері, ойындар оқушылар арасында достықты, ынтымақтастықты қалыптастыратынына көз жеткіздім. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету екенін үйрендім. Өзімнің іс-тәжірибемде мынадай кедергілерге ұшырадым: кейбір тапсырмаларды орындау барысындағы уақыт тапшылығы, алғашқы топқа бөлген кезде оқушылардың бір – бірін тыңдамауы, ақпараттық –коммуникациялық техникалардың ақаулары. Осындай кедергілерді жою үшін: оқушыларға үнемі топ ережесін сақтауды, тапсырманы орындауда уақытты қадағалауды есіне түсіріп отырдым. Оқушылар арасында ынтымақтастық атмосферасын орнату арқылы қол жеткіздім.
Келешекте сындарлы оқытуды өз сабақтарыма қолдана отырып, тиянақты жұмыс жүргізгім келеді. Жеті модульді сабақтарыма енгізу арқылы барлық оқушыны сабаққа ынталандыруда, өз ойларын ашық айта отырып белсенділіктерін арттыру үшін өте тиімді екендігіне көз жеткіздім.
Пайдаланылған әдебиеттер
Мұғалімге арналған нұсқаулық . (2012 )
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі