Өлең, жыр, ақындар

Дорамадағы Кван Сикті өмірде кездестіре аламыз ба?

    Дорама — азиялық телесериалдардың ерекше әлемі. Көбіне корей, қытай және жапон елдерінде түсірілетін бұл сериалдар түрлі әлеуметтік, психологиялық және романтикалық мәселелерді көтереді. Кейбір дорамалар махаббат тақырыбын қозғап, адам жанын тербесе, енді бірінде қорқынышты немесе фантастикалық, шынайы өмірде болуы қиын оқиғалар бейнеленеді. Дорама актерлері мен актрисалары көптеген көрерменнің жүрегінен орын алып, талай адамның қиялындағы идеалға айналады.

Солардың бірі — 16 бөлімнен тұратын, 2025 жылдың 7 наурызында жарық көрген «Когда жизнь преподносит тебе мандарины» дорамасы. Бұл шығармада Э Сун мен Кван Сиктің кіршіксіз махаббаты, өмір жолындағы қиындықтары мен бір-біріне деген адалдығы баяндалады. Дорама шыққаннан кейін Кван Сик бейнесін сомдаған Пак Бо Гом көптеген қыздардың сүйікті кейіпкеріне айналды. Көпшіліктің арманы — өмірде дәл Кван Сик секілді жанды кездестіру. Бірақ неге?

Кван Сик Э Сунды бар болмысымен сүйе білді. Ол сүйіктісінің әрбір шешімін құрметтеп, әрдайым жанынан табылды. Тіпті кемемен жарысқа кетіп бара жатып, жағада тұрған Э Сунның дауысын естіген сәтте, кеме алыстап кетсе де, оған қарай жүзіп баруы — шынайы махаббаттың айқын көрінісі. Мұндай сезімді кім қаламайды? Ол баласынан айырылса да, Э Сунды жазғырып, қол көтерген жоқ. Керісінше, оны әрдайым қорғап, ұсақ-түйекке дейін мән беріп, шашқа тағатын әшекей сыйлап, барлық шешіміне қолдау көрсетті.

Алайда дорамадағы Кван Сикті өмірден іздесек, дорамадағы Э Сун болуға да дайын болу керек екенін ұмытпау қажет. Себебі шынайы қарым-қатынаста екі тарап та бір-біріне лайық болуы тиіс. Бұл дорама арқылы бақыттың байлықта емес, қасыңда сені түсінетін, қолдайтын адамның болуында екенін аңғаруға болады. Нағыз бақыт — жан дүниеңді түсінетін адаммен бірге болу. Бұл дораманың тағы бір қызықты тұсы — оқиғаның шынайы өмірден алынуы. Аталған туынды 61-ші «Пэксан» өнер сыйлығында сегіз номинация бойынша ұсынылып, оның ішінде «Үздік сериал» жүлдесін қоса алғанда, төрт марапатқа ие болды. Бұл жетістік дораманың көркемдік және мазмұндық деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Рысбекова Майра 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз