Өлең, жыр, ақындар

Қоғамдық мәселелер

   Қоғамдық мәселелер — атауынан-ақ белгілі, қоғамның барлық мүшесіне ортақ, жаппай сипат алатын түйткілдер. Олар әлеуметтік, экономикалық немесе экологиялық сипатта болуы мүмкін. Қоғамда резонанс тудыратын кез келген мәселе қоғамдық мәселе қатарына жатады. Бұл тақырыпты тереңірек талдасақ, сан алуан проблемаларды қозғауға болады. Алайда көп жағдайда біз күнделікті өмірде мән бере бермейтін, зардабын толық түсінбейтін, тіпті заңмен жазалауға дейін апаратын ең өзекті мәселенің бірі — экологиялық мәселе. Экологиялық проблемалардың туындау себептері көп әрі оның салдары аса ауыр екенін ескеру қажет.

Экология — қоғам дерті

Экология — тірі табиғаттың бір-бірімен және қоршаған ортамен өзара байланысын зерттейтін сала. Бүгінде елімізде экологиялық мәселелерге салғырт қарау, жауапсыз іс-әрекеттер мен табиғатқа жанашырлықтың азаюы байқалады. Біз экологияны мәселе ретінде мойындаймыз, алайда сол мәселені көбіне өз қолымызбен жасап отырғанымызды ескере бермейміз. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, экологиялық түйткілдер шешімі кешеуілдеп жатқан күрделі мәселеге айналып отыр.

Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда бір адамға шаққандағы ластаушы заттардың шығарындылары соңғы жылдары төмендегенімен, әлі де алаңдатарлық деңгейде. Соңғы көрсеткіш — 126,7 кг, бұл соңғы жылдардағы ең төменгі деңгей болып саналады. Ал ең жоғары антропогендік жүктеме 2019 жылы тіркеліп, жан басына шаққандағы шығарындылар 134,1 кг болған. Аймақтар бойынша салыстырсақ, Түркістан облысында бір тұрғынға шаққанда 14,1 кг зиянды зат бөлінсе, Алматы облысында — 22,9 кг, Қарағанды облысында — 414,7 кг. Ең жоғары көрсеткіш Павлодар облысында тіркелген: бір адамға жылына 982,8 кг-ға жуық зиянды зат келеді.

Қазақстанда атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың жалпы көлемінің тек 7%-ы ғана тікелей ауаға таралады, ал 93%-ы өнеркәсіптік сүзгілер арқылы ұсталып қалады. Мысалы, 2021 жылы өндірілген 34,3 млн тонна зиянды заттың небәрі 2,4 млн тоннасы ғана атмосфераға түскен. Шығарындылардың басым бөлігі қатты бөлшектерден тұрады, олардың 98,4%-ы тазарту құрылыстары арқылы сүзілген. Алайда газ тәрізді және сұйық заттардың ұсталу үлесі әлдеқайда төмен — 50,6%, әрі олардың да адам денсаулығына тигізер зияны зор.

Экологиялық мәселелердің негізгі себептері:

  • атмосфералық ауаның ластануы және озон қабатының бұзылуы;

  • климаттың өзгеруі;

  • су ресурстарының азаюы;

  • биологиялық әртүрліліктің жойылуы;

  • ауыл шаруашылығындағы экологиялық теңгерімсіздік;

  • энергетика саласының әсері;

  • көлік құралдарының көбеюі;

  • тұрмыстық және өндірістік қалдықтар.

Экологиялық мәселелер — қоғамдық мәселелердің ажырамас бөлігі. Оларды шешу үшін арнайы экологиялық бағдарламалар мен іс-шараларды жүйелі түрде енгізу қажет. Сонымен қатар табиғатты қорғау — тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін түсіну маңызды. Экология — менің де, сенің де өмір сүріп отырған ортамыз. Табиғаттың тазалығы — адам өмірінің кепілі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау бүгінгі емес, болашақ ұрпақ үшін жасалатын жауапты қадам.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Хамит Фариза


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз