Өлең, жыр, ақындар

Гендерлік теңсіздік – дамуға кедергі

     Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – әйелдер мен ерлер арасындағы теңдік. Бұл тақырып соңғы 30 жылда Қазақстанда жиі көтеріліп, белгілі бір оң өзгерістерге де қол жеткізілді. Дегенмен, гендерлік теңдік мәселесі әлі де толық шешімін тапты деу қиын.

EL.KZ порталының мәліметінше, Астанада «30 жылдық прогресс: әйелдер мен ерлердің құқығы және мүмкіндіктерінің теңдігіне тұрақты жол» атты халықаралық конференция өтті. Жиын барысында елімізде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылған реформалар мен қол жеткізілген нәтижелер кеңінен талқыланды.

Соңғы жылдары әйелдердің саясат пен экономикадағы белсенділігі айтарлықтай артқан. Мәселен:

  • Қазақстанда сайланған 2400 әкімнің 205-і – әйелдер;

  • Жоғары оқу орындары басшыларының 25 пайызы – нәзік жандылар;

  • «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың 28 пайызы – әйелдер, олардың басым бөлігі мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп бастаған.

Әйелдер неге аз жалақы алады?

Соған қарамастан, елімізде жалақы бойынша гендерлік теңсіздік әлі де сақталып отыр. Қазақстанда ерлердің орташа жалақысы әйелдерге қарағанда шамамен 27 пайызға жоғары. Кейбір өңірлерде бұл айырмашылық тіпті 70 пайыздан асады.

Finprom сарапшыларының зерттеуіне сәйкес, ерлер мен әйелдердің орташа айлық номиналды жалақысы арасындағы айырмашылық 26,5 пайызға жеткен. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,4 пайыз болған. Яғни, жалақы теңсіздігі жыл өткен сайын артып келеді. Аймақтар бойынша қарастырсақ, 2023 жылы ең үлкен айырмашылық Атырау облысында тіркелген: ерлердің жалақысы әйелдерге қарағанда 85,8 пайызға жоғары. 2022 жылы бұл көрсеткіш 77,2 пайыз болған. Одан кейін Маңғыстау облысы (72,8%) мен Ұлытау облысы (52,4%) тұр. Ал ең аз айырмашылық Жамбыл облысында байқалған – небәрі 1,8 пайыз. Мамандардың айтуынша, ерлер мен әйелдердің еңбегіне лайықты әрі тең ақы төлеу – тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі ғана емес, елдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуының маңызды факторы. Конференция барысында сарапшылар гендерлік теңдік тек әйелдердің құқығын қорғау мәселесі емес, ол тұтас мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін фактор екенін атап өтті. Гендерлік теңсіздік сақталған қоғамда даму да баяулайтыны анық.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Абдықасым Айша


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз