Әйел құқығы – адам құқықтарының ажырамас бөлігі. Алайда соған қарамастан, БҰҰ мен халықаралық ұйымдардың деректері әйелдер мен ерлер арасындағы теңсіздік әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. Бұл мәселе білім беру, еңбек нарығы, саясат және қауіпсіздік салаларында айқын байқалады. Білім беру саласында гендерлік теңсіздік өзекті күйінде қалып отыр. UNESCO деректеріне сәйкес, әлемде 129 миллион қыз бала мектепке бармайды. Оның ішінде 32 миллионы бастауыш, ал 97 миллионы орта білім ала алмай жүр. Ерте некеге тұру, кедейлік және дәстүрлі көзқарастар қыз балалардың білім алуына басты кедергі болып табылады. Еңбек нарығында да әйелдердің жағдайы күрделі. Дүниежүзілік банк мәліметтері бойынша, әлемде әйелдер ерлермен салыстырғанда орта есеппен 20 пайызға төмен жалақы алады. Сонымен қатар, 190 елде жүргізілген зерттеу әйелдердің заң жүзінде ерлермен салыстырғанда тек 64 пайыз құқыққа ие екенін көрсеткен. Бұл олардың экономикалық тәуелсіздігіне кері әсер етеді. Саяси өмірде әйелдердің үлесі әлі де жеткіліксіз. UN Women ұйымының 2025 жылғы есебіне сәйкес, әлем елдерінің парламенттерінде әйелдердің үлесі небәрі 27 пайызды құрайды. Сонымен қатар, 102 мемлекетте әйел адам ешқашан мемлекет басшысы болмаған. Бұл деректер әйелдердің шешім қабылдау деңгейінде аз ұсынылғанын дәлелдейді.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – жаһандық деңгейдегі ең өзекті проблемалардың бірі. БҰҰ деректеріне сүйенсек, әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде кемінде бір рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. 2023 жылы күніне шамамен 140 әйел мен қыз бала отбасындағы немесе жақын серігі тарапынан қаза тапқан. Бұл әйелдердің қауіпсіздігі жеткілікті деңгейде қорғалмай отырғанын көрсетеді. Қарулы қақтығыстар мен гуманитарлық дағдарыстар әйелдерге ерекше әсер етеді. БҰҰ-ның Gender Snapshot 2025есебіне сәйкес, 676 миллион әйел мен қыз бала қақтығыс аймақтарында өмір сүреді. Мұндай жағдайларда олар кедейлікке, медициналық көмектің жетіспеуіне және зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Қазақстанда да гендерлік теңдік мәселелері өзекті болып отыр. UN Women деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан Парламентіндегі әйелдердің үлесі шамамен 19 пайызды құраған. Сонымен қатар, 15–49 жас аралығындағы әйелдердің 6 пайызы өмірінде физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген. Әйел құқығын қорғау – тек әйелдерге ғана қатысты мәселе емес, бұл бүкіл қоғамның тұрақты дамуына әсер ететін маңызды фактор. Гендерлік теңдікке қол жеткізу – әділетті әрі қауіпсіз қоғам құрудың негізгі шарты.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Шалқар Ақнұр
- Жалаладдин Руми
- Жалаладдин Руми
- Қасым-Жомарт Тоқаев
- Қасым-Жомарт Тоқаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі