Соңғы уақытта TikTok желісінде жаңа есімдер жиі жарқ етіп шығып жүр. Солардың бірі — Шымкент қаласының 23 жастағы тұрғыны Даулет Садықов. Волейбол алаңында түсірілген оның бейнероликтері қысқа уақыт ішінде миллиондаған қаралым жинап, ұсыныстар таспасында кеңінен таралды. Даулеттің видеолары мыңдаған пікір мен лайкқа ие. Қолданушылар оны «краш» деп атап, ойын кезіндегі сенімді қимылы мен харизмасын ерекше атап өтуде. Әсіресе оның биік секірісі мен қуатты соққылары көпшілікті таңғалдырды. Баяулатылған түсірілім бұл сәттерді одан әрі әсерлі етіп, видеолардың қайта-қайта қаралуына себеп болды.
Даулет бұл қабілетін арнайы жаттығулар арқылы дамытпағанын айтады. Оның сөзінше, спортпен тұрақты айналысу секіру қабілетінің табиғи түрде қалыптасуына әсер еткен. Дәл осы шынайылық пен қарапайымдылық оның контентін көрерменге жақын етіп отыр. Ол Шымкентте дүниеге келіп, біраз уақыт Алматы қаласында өмір сүрген. Қалалық команда құрамында параволейболмен айналысқан спортшы бүгінде мансабын Тараз қаласында жалғастыру мүмкіндігін қарастырып жүр.Даулет көпбалалы отбасында тұңғыш болып өскен. Бұл оның мінезінің қалыптасуына айтарлықтай әсер еткен. Ол кіші бауырларына әрдайым тірек болып, ең кенже інісінің видеолар түсіруге көмектесетінін айтады. Үлкен болу — оны жауапкершілікке, шыдамдылыққа және қиындыққа мойымауға үйреткен.
Блог жүргізу оның өміріне күтпеген жерден келген. Алғашқы видеоны досы жариялап, ол бірден кең таралымға ие болған. Содан кейін Даулет бейнероликтерін арнайы сценарийсіз, табиғи түрде сала бастаған. Ол өзін кәсіби блогер деп санамайды және камера алдында әлі де қысылатынын жасырмайды.
Даулеттің өмірі 16 жасында күрт өзгерген. Ауыр сырқат салдарынан ол аяғынан айырылған. Бұған дейін күрделі диагнозға байланысты 15 рет отадан өткен. Соған қарамастан, ол спорттан бас тартпай, кәсіби параволейбол жолын таңдады. Қазіргі таңда Даулет үлкен жоспарлар құрмайтынын, басты мақсаты — спортпен айналысып, өз ісін дамыту екенін айтады. Сонымен қатар ол адамдарға мотивация беретін, пайдалы әрі сапалы контент ұсынуды көздейді. Бүгінде оның көрермендері тек Қазақстанмен шектелмейді. Видеоларына шетелдік қолданушылар да пікір қалдырып, қолдау білдіруде. Теріс пікірлер де кездескенімен, Даулет оларды жүрегіне жақын алмайды. Өзін-өзі әзілмен қабылдай алатын, өмірге позитивті көзқараспен қарайтын жас спортшыны бүгінде көшеде танып жатқандар көбейген. Ол болашақта өзіне ұқсас тағдыр иелеріне үлгі болып, адамдарға үміт сыйлағысы келеді.
«Берілмеу керек. Өмір жалғасады. Қандай жағдай болса да, өмірден жақсылық табуға болады», — дейді Даулет.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Абдиади Адия
Інішек
Керемет, осындай жастарымыз туралы оқығанда қатты қуанамын тек Алға
Аружан
Керемет! Ешқашан берілмеу керек